Мәдениет

Ретро әндер мен романстарды ұсынды

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ретро-­концерт пен романс кешін ұсынды.

Ретро-концертке үрлемелі аспаптар оркестрі, эстрадалық және классикалық вокал бөлімдерінің орындаушылары қатысты. Филармония ұжымдары ХХ ғасырдың ортасынан аяғына дейінгі танымал музыкалық туындыларды жинақтап, көрермендердің құлақ құрышын қандырды. Концерттік бағдарламаны қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен поппури ашты. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы балалар студиясының тәрбие­ленушілері танымал композитор Александр Зацепиннің «Көктем вальсі» мен Шәмші Қалдаяқовтың «Бәрінен де сен сұлу» әндерін шырқады. Әнші Нұрсәт Алмас театр және кино тарланы Шәкен Аймановтың елге сүйікті «Тақиялы періште» фильмінен алынған «Тыңда» әнін орындады. Сондай-ақ «Бөтендер арасындағы жақын, жақындар арасындағы бөтен» фильмінен Эдуард Артемьевтің музыкасы ұсынылды.

Көрнекті композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Анаға сәлем» және «Сағындым сені» әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахым мен Мұратбек Хайролда айтты. Арно Бабаджанянның «Ноктюрн» туындысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, әйгілі әнші Роза Бағланова мен «Дос-Мұқасан» тобының репертуарында болған «Сұлу қыз» атты поляк әнін Парасат Отан әуелетті. Ретро-концертті қорытындылаған Еркін Ынтыкбаевтың «Қазақ елі» әнін халықаралық байқаулардың лауреаты Әкімхан Мәженов және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ақбота Құснадин орындады.

Ал классикалық вокал бөлімі ұсынған романс кеші орыс­тың ұлы ақыны Александр Пушкиннің 225 жылдығына арналды. Кеш бағдарламасындағы музыкалық туындыларды негізінен белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, ТМД елдерінің мемлекетаралық «Достастық жұлдызы» сыйлығының лауреаты Азамат Жылтыркөзов орындады. Соның ішінде композитор Михаил Глинканың Пушкиннің өлеңдеріне жазылған романстары болды. Атақты баритонның репертуарында Онегин (П.Чайковскийдің «Евгений Онегин»), Роберто (П.Чайковскийдің «Иоланта»), Жермон (Дж.Вердидің «Травиата») сияқты операларда партиялар бар.

Концертке филармонияның классикалық вокал бөлімінің солисі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Шахризада Тыныштық қатысып, Николай Римского-­Корсаковтың туындылары мен  Ғазиза Жұбанованың «Татьяна хаты» әнін шырқады. Туындылар фортепианоның сүйемелдеуімен орындалды. Кештің концертмейстері –  классикалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Роза Шотқалиева.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button