Мәдениет

Актердің композиторлық қыры

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында актер, композитор, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Олжас Жақыпбектің «Олжас және достары» атты авторлық ән кеші өтті.

Олжас Жақыпбек Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясынан түлеп ұшқаннан кейін 2012 жылы Қаллеки театрына актер болып қабылданды. Осы өнер ордасының сахнасында қойылған спектакльдерде үлкенді-кішілі рөлдерді ойнап, жұртшылықтың ықыласына бөленіп келеді. Көрермендер актерді театр сахнасындағы Жантық, Яго, Мәжнүн, Төлеген сынды көптеген рөлдері және «Туған елдің түтіні», «Көк тарландары», «Мұздағы жалын», «1286» телехикаяларында сомдаған басты рөлдері арқылы таниды.

Актерліктен бөлек, бірнеше фильмге саундтрек жазып, композиторлық қырымен де танылып жүр. Ол – театр репертуарындағы «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясының композиторы әрі қоюшы режиссері. Сонымен қатар, «Құнанбай», «Алтайдан ауған ел» спектакльдерінің композиторы.

Ізденімпаз әртіс шетел фильмдерін қазақ тілінде сөйлетуде де еңбек етіп жүр. Атап айтқанда, «Жұлдызды соғыстар» – Кассиан, Андор, «Мұзды өлке» анимациялық фильмінде Кристоф, Люк Бессонның «Валериан және мың ғалам шаһары» – Валериан рөлдерін дыбыстаған. «Коко құпиясы», «Ральф интернетке қарсы», «Арыстан патша» т.б. анимациялық фильмдерінде басты кейіпкерлерді дыбыстады. Ал ән кешінде Олжас Жақыпбекпен бірге
театрдағы әріптестері және Ерден ­Жақсыбек өнер көрсетті.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button