Басты ақпаратҚоғам

Дәрігер науқасты неге сабады?

Астананың Орталық теміржол ауруханасында орынсыз жағдай болды. Дәрігер пациентті сабап тастаған. Бұл оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілер арқылы тарап кетіп, біраз дүрбелең тудырды. Кеше аталмыш аурухананың бас дәрігері Сергей Демочкин мен қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова журналистерді жинап, жағдайды түсіндірді.

Бас дәрігердің айтуынша, оқиға қазанның бірінен екісіне қараған түні болды. Бастың жарақатын алған мас адамды жедел жәрдем көлігі сағат 00.40-та ауруларды қабылдайтын бөлмеге жеткізді. «Нау­қасты ауруханаға жатқызу қажеттілігі туындамады. Оны кезекші нейрохирург тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Науқас жан-жағын жайпап кетерлік әрекет көрсетіп, дәрігерлерді боқтаған. Тиісті ем-домнан кейін дәрігерлер денсаулығына қатысты ұсыныстарды айтып, үйіне жіберген. Науқас шығып кетті» деді С.Демочкин.
Арада біршама уақыт өткенде ол қайтып келген. «Ұялы телефонының қайда қалғанын білмей, ауруханада соны алып қойды деп ойлап, мейірбикелерге тиісіп, телефонның өзіне қайтарылуын талап еткен. Осы кезде ауруларды қабылдау бөлмесінде кезекші терапевт болды. Нау­қас соған барып соқтығып, оның телефонына жармасты. Әрине, арада жанжал туды. Пациент боқтықты боратып, бокстан спорт шебері екенін айтып, дәрігерді жекпе-жекке шақырды. Науқас бірінші болып қол жұмсады. Бір-екі соққыдан соң дәрігер шыдамай кетіп, пациентті итеріп жіберді. Науқас құлаған соң дәрігер өзін-өзі ұстай алмай, теуіп жіберген» деді бас дәрігер.
Аурухана басшысының сөзінше, оқиға бойынша материалдар қалалық Ішкі істер департаментіне тапсырылды. Қазіргі таңда тергеу жүргізіліп жатыр. Аурухана тарапынан қызметтік тексеру басталды. «Біз дәрігеріміздің іс-әрекетін ақтамаймыз. Этиканы бұзғаны үшін оны жұмыстан шығарамыз. 26 жастағы терапевт бізде үш жыл бойы жұмыс істеді» деді С.Демочкин.
Оның айтуынша, осындай жағдайлар ауруханада әр ай сайын болып тұрады. Бірақ көбінесе елдің көзіне түсе қоймайды. Мәселен, өткен жұма, 28 қыркүйек күні ауруханаға мас болып түскен пациент күзетші мен мейірбикені сабап, соңғысының жағын сындыр­ған. Қазір мейірбике ем алып жатыр.
«Оқиға туралы естіген соң, қызметтік тексеру жүргіздік. Енді бір аптаның ішінде ауруханалардың ауруларды қабылдау бөлмелеріндегі бейнекамераларды басқарма басшылығының кабинетіндегі мониторларға қосуды шештік. Яғни, жағдайды өзіміз бақылауымыз керек. Ал осы оқиға бойынша Ішкі істер департаменті тиісті шаралар қабылдайтынына сенімдіміз» деді Ә.Рүстемова.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button