Басты ақпарат

Дельфий ойындары – таланттылар додасы



Балаааа

Кеше Қазақ ұлттық өнер университетінің төрінде «Елдік – бірлікте!» ұранымен қалалық ХІ Дельфий ойындарының қорытынды гала-концерті өтті. Осыдан үш күн бұрын бастау алған дүбірлі додаға қатысқан 200-ге жуық өнерпаз екі топқа бөлініп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және Қазақ ұлттық өнер университетінің концерт залында бәсекеге түсті.  

Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен ұлттық Дельфийлік  комитеті ұйымдастырған өнер додасы 12 номинациядан тұрды. Бақ сынасқан бәсекелестер өздерінің алғырлығы мен тапқырлығын ортаға салып, өнерлерін паш етті. Ойындар екі бөлек жас ерекшелігінде: кіші топ (10-15 жас) және ересек топ (16-21 жас) аралығында өтті. Конкурс бағдарламасының әрбір номинациясы бойынша ойынның жүлдегерлері мен жеңімпаздарын анықтайтын әділқазылар мүшелері құрылып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар іріктелінді.

Дельфий ойындары біздің заманымызға дейінгі 582 жылы Грекиядан бастау алып, бүгінде әлемдік мәдениетпен елімізде біте қайнасып, әр жыл сайын өткізіліп келе жатыр. Дарынды балаларды шыңдайтын өнер сайысы қазір жас таланттардың асыға күтетін, өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін көрсететін байқауға айналды.  Оған қатысқан үздік өнер иелеріне республикалық және халықаралық Дельфий ойындарына жолдама алу мүмкіндігі туады. Ойынның танымалдығы мен оған қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. Дельфийлік ойындар – классикадан бастап, қазіргі жанрдағы барлық өнер түрін біріктіретін жарыс болып отыр.

 

Тәуіржан РАХАТ, «Шашу» би ансамблінің жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері:

– Біз «Халық биі» номинациясының кіші тобына қазылық еттік. Ұйымдастырушы топ жақсы жұмыс жасады, көңілімнен шықты. Бір қынжылтқаны – елордамызда 60-қа жуық би ұйымдары бар болса да, олардың 6-сы ғана өз өнерін көрсетті.

 

Алия АППАСОВА, Дельфий ойындары штабының үйлестірушісі:

– Қатысушылар да сынға түсер сәтте өз-өздеріне сенімді болып, өнерлерін ойдағыдай көрсете білді. Ал ойын ерекшеліктеріне тоқтала кетсек, номинациялар қатарына жаңадан театр, киім дизайны және қысқаметражды бейнеролик қосылды. Менің көңілімнен шығып, ерекше әсер қалдырған да жарыстың осы бөлімдері болды. Әсіресе, «Тағылым тамшылары» театр студиясының жас әртістері өнерлеріне  тәнті болдық. «Қысқаметражды фильм» номинациясынан екінші орынға ие болған Ерлік Ағжанов та өзінің кәсіби бейнеролигімен баршамызды таңғалдырды. Ал «Киім дизайны» номинациясы талапты жастардың соңғы сән үлгісінен бейхабар болмайтындығын аңғартты. Республикалық сайыс та Астана қаласында өтпек. Іріктеуден өткен ең мықты жастар легі тамыздың 13 күні бір арнада тоғысатын болады.

 

Әсемгүл ҒНИЯТҚЫЗЫ, «Фотосурет» номинациясына қатысушы:

–  Бұл сайыстан ерекше әсер алдым. Әділқазылар алқасы суреттерімізді жоғары бағалағаны қатты қуантты. Жалпы, мектеп қабырғасынан бері осындай жарыстарға қатысып келемін. Дельфий ойындары – өте танымал конкурс. Осындай ойындардың арқасында өнерпаздардың шығармашылық деңгейі өседі деп ойлаймын. Қатысушылардың барлығы өте талантты, ақжарқын, қарапайым болды. Тіпті, кейбіреулерімен достасып үлгердім. Мен үшін бұл жобаға қатысудың өзі – бір бақыт. Себебі, біз көп тәжірибе жинақтадық, өзімізді көпшілікке басқа қырымыздан көрсете білдік.

Сонымен, биылғы қалалық Дельфий ойынының «Домбыра» номинациясы бойынша 1-орын Нұрболат Тапаловқа бұйырса, «Эстрадалық вокалдан»  Назым Мұқатаева, Гүлнұр Баянова мен Сүлеймен Олжас та жеңімпаз атанды. «Заманауи биден» «Эдельвейс» би ансамблі, «Бейнелеу өнері» және «Декоративті-қолданбалы өнерден» Шолпан Жарова мен Бозтай Әкімхан, «Киім дизайнынан» Нұрлыайым Тынышбек, «Прима-қобыздан» Ажар Хуан топ жарды. Ал «Шабыт» балалар театры ең үздік театр деп таңдалды.

Дельфий ойындары жүлдегерлерін марапаттау рәсімінің соңы концерттік бағдарламаға ұласып, «Z» тобы, Айбек Бекбосын, Күләйім Қайырбекова сынды эстрада жұлдыздары ән шырқады.

                                                                                                  Күнайым СӘКЕН




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button