SportСұхбат

Динара СӘДУАҚАСОВА: ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ МАГНУС КАРЛСЕНМЕН ОЙНАҒЫМ КЕЛЕДІ



Бұрнағы күні ЖОО арасындағы шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова кубогы үшін шахмат жарысы басталды. Осы орайда турнирде Динараға оқырманның он сұрағын қоюдың сәті түсті.

– Небәрі жиырма жаста өз атыңызда турнир өткізу сіз үшін мақтан, абырой болар. Бұл турнирдің мақсаты қандай?
Дәурен Нұрғалиев, студент
– Расымен де, бұл жарыс мен үшін аса маңызды. Игі іске әкімдіктен бастап, Қазақстанның шахмат федерациясы қолдау көрсетті. Турнир жыл сайын өткізіліп, жақсы дәстүрге айналса екен деймін. Жарысқа елорданың оқу орындарымен қатар, Алматы және Қарағанды қалаларының ең үздік ойыншылары қатысып жатыр. Елімізде шахматқа деген қызығушылық жоғары. Қазір ата-аналар балаларын кішкентайынан үйірмеге жаздыртады. Алайда бұл спорт түрімен тек балақайлар ғана емес, жастар да, үлкендер де айналысса деймін. Міне, ұйымдастырылған турнирдің басты мақсаты да сол – еліміздегі шахматтың беделін көтеріп, оны сәнге айналдыру.

– Сіз шахматқа 24 сағатыңыздың қанша уақытын жұмсайсыз?
Элизат, мектеп оқушысы
– Бес жастан бастап шахматпен әуестене бастадым. Ал 11 жасымда алғаш рет 12 жасқа дейінгі қыздар арасындағы шахматтан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атандым. Сол сәтте бұдан үлкен жетістіктерге жетуге болатынын түсіндім. Өмірімді шахматсыз елестете алмайтындай болдым. Сондықтан бапкер мен кеңесшілерден бөлек, өзім үйде де дайындаламын. Шахматқа қатысты кітап оқып, білімімді толықтырамын. Онлайн ойын ойнап, жаттығулар жасаймын. Күн сайын кәсіби маман ретінде өзімді жетілдіремін.

– Жанкүйерлеріңізді қандай жаңалықпен қуанта аласыз?
Алмат, 24 жаста
– Жуырда ғана жабық алаңдағы Азия ойындарына қатысып келдім. Осындай дәрежедегі бәсекеге алғаш рет қатысуым. Азиялық ойындарға Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Филиппин, Иран, Қытай құрамалары сияқты құрлықтың үздіктер жиналды. Әйелдер арасында өткізілген классикалық ойында қола жүлдені иеленіп, еліміздің қоржынын тағы бір медальмен толықтырдым. Бұл – ең соңғы турнирде қазіргі әлем чемпионы қытайлық Тан Жангимен тең түскеннің нәтижесі. Жеке басым үш медаль жеңіп алдым, ал командалық есепте алтынды иелендік. Жарыста өзіңді көрсету қиынға соқты, себебі күн сайын екі тур ойнадық. Таңғы сағат тоғыздан бастап, кешке дейін шахмат үстелінде тапжылмай отырып, 4 күннің ішінде 7 тур өткіздік.

– Жалқаулық деген адамға тән қасиет қой, кейде сүйікті ісіңнен жалығып, барлығын тастап кеткіңіз келмей ме? Күйзеліске ұшыраған кезде оны қалай жеңесіз?
Мәрия, магистрант
– Жоқ, өз басым сары уайымға ешқашан түспеппін. Шаршағанымды дұрыс баса білгендіктен болар, бәлкім. Партиядан кейін ән тыңдап, кино көріп, достарым мен жақындарыммен сырласуды ұнатамын. Осының өзі мені рахатқа бөлеп, жан тыныштығын сыйлайды.

– Жарыстарға дайындық жұмыстары қалай жүреді?
Айнұр, мектеп оқушысы
– Әдеттегідей, шахмат ойнап жаттығамын. Одан бөлек, бассейнге барып, суда шамамен 1 шақырым жүзіп өтемін. Шахмат – бұл да спорттың түрі, сондықтан бойды сергек ұстау керек. Жаттығу залына барып, әпкеммен үлкен теннис ойнай бастадым, ал достарыммен коньки тебеміз. Астанада велосипед теуіп, серуендегенді тағы ұнатамын. Елордаға әр келген сайын қаланың қалай құлпырып, түрленгенін байқаймын.

– Шахматтан қандай пайда көрдіңіз? Өміріңізді өзгертті ме?
Томирис Маратқызы, сатушы
– Шахматпен кәсіби деңгейде айналысу міндет емес. Кез келген адам шахмат ойнаса, өмірде берер пайдасын өздері көруші еді. Ойын логикалық ойлау мен талдамалық қасиеттерді дамытып, жан-жақты ойлауға үйретеді. Шахматтың арқасында адамның ерік-жігері, мінез-құлқы қалыптасады. Маңызды шешімдер қабылдағанда көмектесіп, жоспарларымды реттеуге көмектеседі. Шахматтың көмегімен бәріне үлгеруді үйрендім.

– Қай жерде білім алып жатырсыз?
Күлзия Махмұтқызы, зейнеткер
– Ресейдің бір жоғары оқу орнында геология­лық барлау мамандығы бойынша білім алудамын. Менің атам профессор, геолог болған кісі. Шахматпен кәсіби айналысуға бел буғаннан кейін, қашықтықтан оқу мен үшін аса ыңғайлы. Оқуымды да, сүйікті ісімді де, қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүруге тырысамын.

– Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында шахматтан үздік құрама деп айта аласыз ба? Елімізде ер-азаматтардан гөрі қыздардың осы спорт түрінде жақсы нәтиже көрсетуінің сыры неде?
Нарғыз, заңгер
– Біздің елімізде шахмат енді-енді аяқтан тұрып келеді. Соның өзінде жақсы нәтиже бар. Жасөспірімдер арасында шахматтан әлем біріншілігінде алтынды алдық. Дүниежүзілік шахмат олимпиадаларында да лайықты ойнап жүрміз. 2014 жылы біздің әйелдер құрамасы алтыншы орынды иеленді. Әр өңірде жылдан жылға шахмат орталықтары ашылып, шахмат мектеп бағдарламасына пән болып енгізіліп жатыр. Былтыр шахматқа әуес балалардың әке-шешелерінің өтінішімен шахмат академиясын аштық. Оның екінші филиалын да ашу жоспарда бар.
Ал ер-азаматтарға келетін болсақ, барлығы – уақыттың еншісінде. Біздің жігіттеріміз де Азия ойындарының блиц партиясында қола медальді қанжығасына байлады.

– Алда қандай жарыстарға қатыспақшысыз?
Жақсыгелді Абдрахманов, кәсіпкер
– Алдағы жоспар деп осы айдың ортасынан басталатын халықаралық жарыс­тарға қатысуды айтуға болады. Оған дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

– Егер сізге кез келген шахматшымен ойнауға мүмкіндік берілсе, кіммен кездесер едіңіз?
Қанат, 18 жаста
– Егер көзі тірі болса, кеңес заманындағы ең озық шахматшылардың бірі Михаиль Тальмен ойнаушы едім. Ол көпшіліктің жадында ерекше ойындары мен қызықты әдістерімен есте қалды. Фишермен бір партиядан бас тартпас едім. Қазір есімі дүркіреп тұрған әлем чемпионы норвегиялық Магнус Карлсенмен ойнасам, тартысты ойын болатынына сенімдімін. Менің арманым – ерлер арасында элитаның құрамына ілігу. Ол үшін, ең алдымен, мен ерлер арасында гроссмейстер атану керекпін. Ақырын жүріп, анық басып, діттеген арманыма ұмтылып жатырмын.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button