Басты ақпаратДенсаулық

Донор мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы ­Қазақстан Республикасының аумағында транспланттау қызметін қолдауға, дамытуға және нақты жүзеге асыру үшін құрылған. Транспланттау қызметін үйлестіру тәулік бойы режимінде жүзеге асады. Оның қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету үшін облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар Астана және Алматы қалаларында өкілдіктер құрылған. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директоры Айдар Ситказинов осы мәселеге қатысты сұрақтарымызға жауап берген еді.

– Айдар Кенжетайұлы, ағзаларды трансплантация­лау үшін алдымен заңдық базасы мықты болуы керек шығар. Қолданыстағы заңнамаға шолу жасап, қай тұсы қолбайлау болып тұр­ғанын түсіндірсеңіз. Соңғы кезде қолданыстағы заңға өзгертулер енгізу туралы Парламентте айтылды. Осы жобаға қатысты өзгерістер қаншалықты маңызды?

– Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституция­сына негізделеді. Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі №360-VI «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйе­сі туралы» кодексі азаматтарымыздың денсаулығын сақтауына, конституциялық құқығын іске асыру мақсатында жұмыс істейді. Сол себептен трансплантология саласының қарқынды дамуына осы кодекстің 212-бабының 3-тармақшасы тосқауыл болады.

Қазақстан бүгінде ағзаларды транспланттау бойынша жоғары технологиялық операцияларды жүргізу үшін барлық заманауи инфрақұрылымға ие. Қазіргі уақытта мәйіттік донорлықты дамыту үшін елімізде 7 транспланттау орталығы жұмыс істейді, 40 донорлық стационар, 4 иммунологиялық типтеу зертханасы ұйымдастырылған. Донорлық процесті үйлестіруді, анықтауды және ұйымдас­тыруды қамтамасыз ететін республикалық, өңірлік және стационарлық үйлестірушілер желісі құрылды. 2020 жылы 7 шілдеде қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы заңнамаға, оның ішінде 212-баптың 3-тармақшасы, яғни «Қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерiн (тінінің бөлігін) транспланттау үшін алуға, егер алу кезінде медициналық ұйым осы адам тірі кезінде не ол қайтыс болғаннан кейін осы тармақтың екінші бөлігінде аталған өзге адамдар оның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) алуға өзінің келіспейтіні туралы мәлім­дегенінен хабардар болса, жол берілмейді» делінген. Осы аталған бапқа жаңа редакциямен, яғни «Қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерiн (тінінің бөлігін) транспланттау үшін алуға, егер азамат тірі кезінде ерікті түрде жазбаша нысанда бас тартпаса онда келісілді деп есептеледі, өзге адамдар оның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) алуға не алмауға өзінің келіспейтіні туралы мәлімдеменің күші болмайды» деп өзгеріс енгізілсе, мұқтаж адамдардың «күту парағы» азаяр еді. Жоғарыда айтылған заңнамадағы өзге­рістер енгізілсе, өлімнен кейінгі донорлық транспланттауды қарқынды дамыта алар едік.

– Елімізде донорлық бағ­дарлама бар ма? Егер бар болса, оны ілгерілету бо­йынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының барысына тоқталсаңыз.

– Қазақстан Республикасында донорлық пен трансплантацияны дамытудың келешегі мен проблемаларын шешу жолдары туралы мәселелерге келсек, донорлық және трансплантация бойынша кодекс және басқа да заңнамаларды іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдармен халықты мәйіттік донорлық және трансплантациялау мәселелері бойынша ағарту жұмысын жүргізу туралы айту керек.

Республикалық ауқымда бұл мәселелерді шешуге Мәдениет және спорт министрлігі, Цифрландыру министрлігі, Қоғамдық даму министрлігі сияқты басқа да министрліктер мен ведомстволарды халық арасында жүйелі әрі ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізу үшін тарту қажет. Сондай-ақ сайлаушылармен жұмыс істеуге, Қазақстан Республикасында қайтыс болғаннан кейін органдардың донорлығы мен трансплантациясын дамыту мәселелерін жедел шешу үшін заңнаманы өзгерту мәселесі бойынша барлық деңгейдегі депутаттардың қосылғаны қажет. Қазіргі таңда донор болу азаматтардың асыл ­ниетіне негізделген, қандай да болмасын ресми материалдық көмек көрсету, т.с.с. мәселелер қарастырылмаған.

– Трансплантация және донорлық туралы қалай айтып, қалай насихаттау керек? Бұл жөнінде дәрігерлер арасында белгілі бір қағида немесе ереже бар ма? Әлеуметтік жарнама деген нәрсе бұл салаға жүре ме?

– ҚР ДСМ Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру республикалық орталығының құрылымында өзіндік ерекшеліктері мен функционалдық мүмкіндіктері бар рес­публикалық, аймақтық және ауруханалық үйлестірушілері бар. Үйлестірушілер донорлық ұйымдармен тұрақты байланыста болып, донорларды анықтауда, ми өлімін ­диагностикалауда практикалық көмек көрсетуде, әлеуетті донорлардың туыстарымен әңгімелесуде, сондай-ақ олар донорлық процестің деректерін жинау және логистика мәселелері бойынша басқа мемлекеттік органдармен өзара әрекеттеседі. Сонымен қатар үйлестірушілер донорлық үдерісті жетілдірудің алгоритмі мен механизмін құру бойынша әдістемелік жұмыс жүргізуде.

Донорлық процеске қатысушылардың барлығына, оның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетушілерге кезекке қою және ерік білдіру мәселелері бойынша халықпен жұмыс істеу бойынша жүйелі оқыту жүргізіледі. Орталықтың құрылымында БАҚ, әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмысымен айналысатын бөлім де бар, ол ұжымдармен, университет студенттерімен, дәрігерлермен, дін өкілдерімен және пациенттермен тұрақты түрде кездесу өткізеді. Бұл орталық өз ерік-жігерін білдіру, кезекке қою және заңнама мәселелері бойынша халыққа тарату үшін ақпараттық материалдар мен бейнероликтер жасау жұмысын жүргізуде. Халықтың хабардарлығын арттыру, осы тәжірибенің процесі мен артықшылығын түсіндіретін ақпараттық нау­қандар мен ағарту іс-шаралары жүйелі түрде өткізіледі. Дегенмен донорлық тақырыбы төңірегінде көптеген догма, діни наным-сенім және т. б. кездеседі.

Республикалық денгейде бұл мәселелерді шешуге Мәдениет және спорт министрлігі, Цифрландыру министрлігі, Қоғамдық даму министрлігі сияқты басқа да министрліктер мен ведомстволары ақпараттандыру жұмысын жүйелі әрі ауқымды жүргізу үшін қосылғаны оң ықпалын тигізер еді. Осы мақсаттарды қаржыландыру көлемін арттыру да артық болмас. Сондай-ақ өз электоратымен тиімді ақпараттық жұмыс істеуге барлық деңгейдегі депутаттар да қосылып, Қазақстан Республикасында мәйіттік донорлық пен трансплантацияны дамыту мәселелерін жедел шешу үшін заңнаманы өзгертуге атсалысқаны маңызды.

– Мәйіттік донор мәселе­сінде шетелдің қандай тәжірибесі туралы айта аласыз?

– Донорлық қызмет бо­йынша көшбасшылар – АҚШ пен Испания, онда миллион тұрғынға 41,6 және 40,8 қайтыс болғаннан кейін донор келеді.

Еуропада донорлық азаматтық – жауапкершіліктің ажырамас бөлігі. Мысалы, олар донор атанып, өзгелердің өмірін сақтап қалған нағыз қаһармандар туралы баяндайтын деректі фильмдерді үздіксіз көрсетеді. Өткен жылы еліміз алғашқы сәтті жүрек трансплантациясының 10 жылдығын атап өтті. Реципиент донордың ұлымен кездесе алғаны таңғалдырады. Жас жігіт анасының жүрегі әлі де қасында жүргендей сезінетінін айтты. Бұл оқиға – донор болу туралы шешімнің өмірін қалай өзгертетіні және адамдар арасында таңғажайып байланыс тудыруы туралы дәлелдің бірі. Осындай бағдарламалар, басылымдар көбірек болса, оң ықпалын тигізер еді.

– Мысалы, Еуропада миллион адамға 60-70 ота жасалады екен. Бұл саланың дамығанын көрсететін шығар. Біздің статистика бойынша қанша адамға жылына ота жасалады? Оның қаншасы сәтті болып, өмірінің қаншалықты ұзарғаны жөнінде арнайы статистика жүргізеді ме?

– 2023 жылдың 10 желтоқсанына берілген көрсеткіш бойынша «күту парағында» 3961 науқас бар. Бүйрек ауыс­тыруды қажет ететін 3528 ересек, 87 бала бар. Бауыры ауыратын 171 адам болса, 10 балаға да жылдам көмек қажет. Өкпе-жүрек кешені және өкпеден ауыстыратын 15 адам, 138 адамның жүрек ауруының емі де донорлыққа мұқтаж.

2012 жылдан бастап 2023 жылдың қыркүйегіне дейін барлығы 2458 трансплантация жасалды. Оның туыстық донорлардан 85 пайызы және мәйіттік донорлардан 15 пайы­зын құрады. Олардың ішінде бүйрек – 1822, бауыр – 466, жүрек – 90, өкпе – 19, ұйқы безі – 2, көздің қасаң қабығы 59 отаны құрайды. Оталардың ең көп саны бүйрек трансплантациясы бойынша жасалды.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button