Руханият

ДОС ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС



Астана тұрғыны Талғат Мырзалыұлы Бапақов мерейлі 70 жасқа толып отыр. Мерейтой иесі белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлымен бала жастан бірге өсіп, бір сыныпта оқыды. Содан бері екеуінің арасында жалғасып келе жатқан достықтың тіні үзілген емес. Досының қуанышы ақынға балғын балалық шақты еске түсіріп, сол сезім жүрегінен жыр болып төгілді. Ақынның өзі де биыл жетпістің жотасына мініп отыр. Ендеше, Алаштың арқалы ақыны атанған азаматтың айнымас досымен қатар балалық шақтың қызықты күндерін кешкен кезеңге өлең арқылы сапарлайық.

Редакциядан

ДОС ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС
Бейне бір жалдамалы солдатындай,
Бастайды өмір өзі алға тынбай.
Жалғанда –
Жолдас та көп,
Жора да көп,
Дос бар ма
Дүниеде –
Талғатымдай?!
 
Өмірдің таршылығына қарамастан,
Бірге өстік, біте қайнап бала жастан.
Жалықпай жарты әлемді шарласам да,
Дүниеде дос таппаспын сенен асқан.
 
Тартқанмен қу жетімдік бір жағынан,
Тәнтімін тағдырыма ырза қылған.
Болғанмен маған жезде – сенің әкең
Екеуміз – тәлім алдық Мырзалыдан.
 
Білгенге тағдыр деген қатал майдан,
Талайлар өтті өмірден тата алмай дәм.
Бөлеген төңірегін мейірімге,
Бар ма екен Мағрипа апамдай жан?!
 
Мырзекең жырларымды бағалаған,
Жасымнан тұлпар міндім тағалаған.
Ересек екеумізден ер көңілді
Мақсұтбек бола білді аға маған.
 
Тірлікте қатты-тәтті кезігеді,
Кім бірақ туысынан безінеді.
Ерке інім Исламды айтқан кезде
Қайтейін, ет жүрегім езіледі.
 
Өмірдің өзі үйретті мұны маған,
Кей кезде өткенді айтып, күліп алам.
Әзілі-қалжыңы да жарасатын,
Кім болар Исламдай іні маған?!
 
Бас қосып, құрмасақ та күнде кеңес.
Көңілім бөгделікті білген емес.
Сафия өзі жиен бола тұра,
Қадірлі қарындастан бір кем емес!
 
Шығады гүлдің өзі тасты жарып,
Білгенге мұның өзі достық анық.
Гүлнәржан дос парызын өтеп жатыр,
Қанатты қанатының астына алып.
 
Түседі еске жиі бала кезім,
Қалғандай сезінемін далада өзім.
Тай мініп, тізеден су кешуші едік,
Сарқырап тасығанда Сарыөзегім.
 
Білгенге балалық шақ бақ-ырысым,
Мен үшін өлең-жырдың ағынысын.
Өлкейік – естен кетпес – тобылғы сай,
Сарыөзек – сарқылмайтын сағынышым.
 
Жастықтың берсе, шіркін, бес-алты айын,
Соны ойлап жүрегімді жасартайын.
Есен-сау Қостанайда жүріп жатыр
Қалтайым, Рафхатым, Есентайым.
 
Сен десең ағызамын жырдың майын,
Бірің – тал болған кезде,
Бірің – қайың.
Әлі де алшаңдатып жүргізеді,
Алшаны саған қосқан бір Құдайым.
 
Кей күндер құлшындырып қуантады.
Кей күндер күрсіндіріп мұңайтады.
Жайнаған Оңтүстіктің алшасындай,
Алшаны жетпісте деп кім айтады?!
 
Баяғы қайран көктем бізден өтіп,
Қалыпты-ау боз қыраулы күз де жетіп.
Шыққанын ай мен күннің аман көріп,
Жұптарын жазылмасын жүзге жетіп.
 
Бұл өмір
Саған да – сын,
Маған да – сын.
Әрине, дос болған соң бағаң басым.
Дүниенің бір бақыты сол емес пе?
Аман-сау бірге жүрсе замандасың!
 

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button