Тәуелсіздікке 30 жыл

Ел астанасы – мемлекетіміздің басты бренді



Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесіне орай арқалы ақын, драматург халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлымен егемендік жайлы сұхбаттастық.

[smartslider3 slider=1475]

– Серік Тұрғынбекұлы, еліміз үшін бұл жылдың маңызы зор екені сөзсіз. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Бұл мейрам барлық мерекеден ерекше көрінуі тиіс. Осы ретте ұлттық мейрамымыз өз деңгейінде тойланып жүр ме? Ұлық мереке Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып жатқан жоқ па? Осыған байланысты пікіріңізді білсек.

– Құдайға шүкір, елімізде той көп. Бірақ сол тойлардың ішіндегі ең биігі – Тәуелсіздік күні болуға тиіс. Өйткені біздің елдің тірлігінің және жетістігінің барлығы да тәуелсіздікке келіп тіреледі. Тәуелсіздіктің арқасында жеке ел болып, барша әлемге танылдық. Тәуелсіздіктің арқасында жаңа астанамыз бой көтерді. Егер тәуелсіздік болмаса, осының бірі де болмас еді. Сондықтан тәуел­сіздікті жалаң той ретінде ғана өткізбей, саналы ой ретінде қабылдауымыз керек.

Рас, Кеңес үкіметінің басты мерекелерінің біріне айналған жаңа жылды әлі де өз деңгейінен түсірмей, алаулатып-жалаулатып тойлау дәстүрге айналған. Тіпті, әрбір отбасы 1 қаңтарға қараған түнін сағаттың тықылына дейін тағатсыз күтіп, шыныаяқ қағыстыру дәстүрі бір сая­бырлаған жоқ. Дұрыс-ақ. Алайда еліміздің ең бас­ты мерекесі – Тәуелсіздік ұмытылмауы қажет. Олай дейтінім, желтоқсан айы басталысымен-ақ әр қаланың орталық алаңдарында Жаңа жыл шыршасы бой көтеріп, алыстан менмұндалап тұрады. Сөйтіп, келесі жылдың басында келетін Жаңа жылға дайындық басталады. Ол аздай мекемелер мен мектептер, оқу орындары Жаңа жыл тойының қамына кіріседі. Ал осы мерекені 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік мерекесін тойлап болғаннан кейін қолға алсақ, дұрыс болмай ма?! Сонда ұлы той қолсозым жерде тұрғанда шыршалатып шыға келетінімізді қалай түсіндіруге болады? Жаңа жыл мерекесі ешқайда қашпайды. Есесіне егемендік тойын кең тойлап, тұғырында бекіте түсу – басты міндетіміз екенін ұмытпағанымыз жөн. Себебі Тәуелсіздік – бұл, ең алдымен, рух бостандығы.

Егемендікті тек Кеңес Одағының ыдырауымен ғана байланыстыруға болмайды. Бұл – қате пікір. Себебі егемендік өз аяғымен келген жоқ. Қазақ халқы егемендікке жету жолында қаншама қан төгіп, қаншама азаматтарымыз құрбан болды. Тәуелсіздік – өз жерінде еркін өмір сүрейін деген қазақ халқының ең биік арманы. Ол – азаттықты аңсаған Алаш арыс­тарының идеясы. Енді осы тәуелсіздік тұсында біз баяғыдан ұрпағына аманат етіп қалдырған батырларымыз бен асылдарымыздың арманын аяқ асты етуге еш хақымыз жоқ. Ол ешқандай да мерекенің тасасында қалмауы тиіс. Олай болмағанда, арымызға сын.

– Сіздің бас қала тұрғыны атанғаныңызға тура 23 жыл толған екен. Көз алдыңызда бой көтерген елорданы жырларыңызға арқау қылып, шабытыңыз­ға шабыт қостыңыз. Осы уақыт ішінде көркемдігіне көз тоймастай болып өзгерген шаһарға көңіліңіз тола ма?

– Иә, мен өзімді астанамен бірге жасап келе жатырмын деп есептеймін. Өлеңдерімнің де астанамен тікелей байланысы бар. 1998 жылы көшіп келген алғашқы жылдары елорда Алматыға қарағанда тым шағын шаһар болып көрінгені рас. Ескі қала ерке Есілдің оң жағалауында орын тепкен. Ал өзеннің сол жағалауы, тіпті, жазық дала болған еді. Сол жылдары сәулетті құрылыстар бой көтеріп, кешегі Ақмола адам танымастай өзгереді деп кім ойлаған?! Дегенмен, жаңа астананың болашағына бір адамдай сендік. Бұл сенім ақталды. Бүгін ел астанасы – тәуелсіздіктің тұғыры ғана емес, сонымен қатар мемлекетіміздің басты брендіне айналды. Егемендік жылдары қол жеткізген әр биігіміз бен жетістігімізді осы астанамен өлшейтін болдық. Атап айтқанда, бас қалада қаншама форумдар, жиналыстар, съездер өтіп, шаһардың сәулеті де, дәулеті де көріне бастады. Бұл баршамызды қуантқаны сөзсіз. Нұр-Сұлтан – Тұңғыш Президентіміздің ерлігі, мегажобасы екенін мойындауымыз керек. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау жылдарында Елбасының осы маңызды бастаманы көтеруі тәуекелге бел байлап, жасалған ұлы істердің нәтижесі деп түсінемін.

Бірақ бүгінгі астана бір күнде бой көтерген жоқ. Тәуелсіздік орнап, соның нәтижесінде салынғаны анық. Дегенмен, бұл – елімізді жаудан найзаның ұшымен қорғап, болашақ ұрпаққа аманаттаған ата-бабаларымыздың арманы. Олар қазақ жерінде лайықты үлкен астана болса екен деп армандап кетті. Кітаптардан, мақалалардан ой-пікірлерді оқып отырсақ, көбісі келісіп қойғандай осы Ақмоладағы Қараөткелді айтады. Мәселен, Әлихан Бөкейханның өзі туындыларында «Қазаққа астана боларлық жер – Есілдің Қараөткелі» деп анық жазғанын білеміз. Астананы Ташкентке көшіру керек немесе басқа қалаға ауыстыру қажет деген дау туғанда Сәкен Сейфуллин де өзінің туған жері, туған елі есебінде Ақмоланы ұсынған. Қазақтың әр өңірі де жақсы ғой. Бірақ экономикалық, саяси жағынан да мол мүмкіндік беретін Ақмола екенін ол кісілер жақсы білген. Қазақтың жер бедерін біліп, тамырын сезіп, табанымен кезіп, кенін аршыған академик Қаныш Сәтбаев та бұл туралы пікірін батыл жеткізген екен.

– Егемендік жылдары жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанды. Дегенмен бүгіндері мемлекеттік тіл мәселесі әлі де күн тәртібінен түсер емес. Туған тілдің мәртебесін көтеру үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?

– Орынды сұрақ. Жеке мемлекет болғанына ширек ғасыр уақыт болды. Десе де, тіл мәселесі шешімін табар емес. Біздің тілді дамытуға қосқан үлесімізден гөрі, соны қалай дамытамыз деген дау-дамай, талқы-тартысымыз көп. Қаражат болса, бюджеттен бөлініп жатыр. Бірақ, содан нәтиже бар ма? Қазақ тілін кейбір өзге этнос өкілдері ынталанып үйреніп жатқанда, өз арамызда тіл білмейтіндер баршылық. Туған тілін білмеген қазақтың болашағы қандай болмақ. Бүгінгі таңда дүңгіршектерден қазақ тілінде шыққан газет-журналдарды таппайсыз. Бар болғанның өзінде соны сатып алып жатқан қазақ кемде-кем. Ал Ресейдің арзан газет-журналдары көрінген дүңгіршекте толып тұр.

Менің ойымша, тілді дамыту үшін «қазақ тілін білмесең, саған барлық жерде есік жабық» дегенді пайдаланған жөн болар еді. Сөйтіп, мемлекеттік тілді ескермеген, оның қолданыс аясын шектеген мекемелерге айып салса, туған тілін білмеген небір басшыға шара қолданатын болса, өзгелері бірден тәртіпке келер еді. Қазір көшеге шыға қалсаңыз, жарымжан халдегі қазақша жарнамаларды көресіз. Стильдік және грамматикалық қателері өріп жүрген бұл жарнамалар бүкіл облыс орталықтарында бар. Ал сол қате жарнамаларға, ұран сөздерге, есік маңдайшасындағы атауларға жіберген қатесі үшін айыппұл салынса, шенеуніктер тез есін жияр еді. Осының бәрі талаптың жоқтығынан болып отыр. Тіл мәселесін тек қана сонымен айналысатын мекемелердің қанжығасына байлап қою дұрыс емес. Тіл алдымен барлық қазақ үшін керек. Өйткені бұл мемлекеттің иесі де, киесі де – қазақ.

– Сұхбаттарыңыздың бірінде елордада Алаш арыстарына арналған ескерткіштердің орнатылмағанына қынжылған едіңіз. Арманыңыз орындалып, биыл астанада Алаш ардагерлеріне бірнеше ескерткіш бой көтерді. Сіздің ойыңызша, біз Алаш арыстарының қадіріне жете алдық па?

– Құдайға шүкір, Нұр-Сұлтанда ескерткіштер бар. Елорда тәуелсіздіктің қаласы ғой. Алайда биылға дейін сол тәуелсіздік жолында құрбан болған Алаш арыстарының бірде-біреуінің ескерткіші болған жоқ еді. Олардың ескерткіштері басқа қалада болмаса да, елордада болып, халықтың рухын көтеріп тұруы қажет. Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы өтті. Келесі жылы Алаш қозғалысының рухани көсемі, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалау­шы, ақын Ахмет Байтұрсынұлының да туғанына 150 жыл толады. «Ештен кеш жақсы дегендей», 2021 жылы сең бұзылды. Жаз айларында бас қалада Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып ­Дулатұлы сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Соған қатты қуанып қалдық.

Жұмабек Тәшеневке де ескерткіш орнату керек деген әңгіме көптен бері айтылып жүрген еді. Сонда ерлігіміз, ұлтымыздың тағдыры тас мүсіндерден-ақ көрініп тұрар еді. Бұл ұрпақ пен ұлт үшін керек. Осыған дейін Нұр-Сұлтанда ұлы тұлғамызға көше аты берілген болса, жуырда мектепке есімі қойылды. Ал Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Әскери-тарихи музей жанындағы алаңда көрнекті мемлекет қайраткері, еліміздің гүлденуіне үлкен үлес қосқан ­Жұмабек Тәшеневке ескерткіш ашылды.

Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы Тәуелсіздік мерекесі аясында өтіп жатыр. Алайда соңғы уақытқа дейін Қарағандыда Әлихан Бөкейханға бір аудан да бере алмай келдік. Абырой болғанда, жуырда Октябрь ауданы ескі атаудан арылып, Алаш көсемінің есімі берілді. Ел-жұрт үшін құрбан болған оғландарымызды қашан да ұлықтауымыз қажет. Өткенді еске алып, соның сырына қанықтыратын, мұңына мойынұсындыратын қастерлі той болуы керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Қанат АТАМАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button