Тәуелсіздікке 30 жыл

Азаттық үшін алаңға шықтық

1986 жылдың желтоқсанында мен сол кездегі Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық институтының 3-курс студенті едім. 16 желтоқсан күні маған Қазақ мемлекеттік университетінде оқитын құрбым келді. Олардың Орталық комитетте өткен пленумнан хабары бар екен.

[smartslider3 slider=1476]

Екеуара аз-кем әңгімеден құрбым түстен кейін өз жатақханасына қонаққа шақырды. Кешкісін ҚазМУ-дің жатақханасында шәй ішіп отырғанымызда бөлмеге комсомолдың Орталық комитетінен 3 ер адам келді де, студенттерді студенттік кеңеске жинады.  Кешкі сағат 18:00-де басталған жиынға мен де қатыстым. Комсомолдық орталық комитетінен келген жігіттер бізге пленум туралы ақпаратты жеткізіп, Қонаевтың орнына Колбинді қою туралы шешімге қарсылық білдіруге шақырды. Жиыннан соң олар бізге 10-15 метрлік қызыл мата әкеп берді. Сол матаға ақ гуашпен таңға дейін ұран сөздер жаздық.

Таңертең ҚазМУ студенттерімен мен де алаңда болдым. Алаңға сол кездегі Алматыдағы оқу орындарының барлығының студенттері жиналған екен. Бір күн бұрын түнде ҚазМУ-ге келіп студенттік кеңес өткізген жігіттер қаладағы бүкіл жоғары және арнаулы орта білім беру орындарын аралап шыққан екен. Біздің әу бастағы мақсатымыз пленум шешіміне қарсы өз наразылығымызды бейбіт түрде жеткізу болатын. Түс ауа біздің алдымызда  Роза Бағланова бастаған танымал адамдар, билік өкілдері сөз сөйлеп жастарды сабырға шақырып жатты. Шынын айтқан олардың дауыстары дұрыс естілмеді.  Оның үстіне күн ұзаққа алаңда аяққа тік тұру оңай болмады. Күннің райы бұзылып, тоңа бастадық. Көпшіліктің ортасына кіріп жылынғандай боламыз. Сәлден соң қайтадан алдыңғы қатардан табыламыз. Кешкісін қарулы жасақ бізді алаңнан қуа бастады. Жігіттердің кейбірі бізді алаңнан қуу үшін қарулы әскер келіп жатқанын да айтты. Сәлден кейін өрт сөндіру машиналары келіп, алаңдағыларды сумен атқылады. Үстімдегі киімдерім малмандай су болды. Одан әрі тоңа бастадық. Әлім кетіп, ыстығым көтерілді. Жанымдағы құрбым «Жатақханаға барып киім ауыстырып келейік» деді.

Сағат түнгі 22:00-ге таман Қыздар педагогикалық университетінің жатақханасына келдім. Киімімді ауыстырып, ҚазМУ-дың жатақханасына қайта бардым. Құрбым «ертең кездесейік» деп шығарып салды.

18 желтоқсан күні таңертең мен өзіміздің университеттің қыздарымен бірге алаңға қайта бардым. Ол кезде алаңда арнайы жасақ толықтай қоршап алған екен. Өздері өте мықты қаруланған. Сауыт-саймандары сақадай-сай. Ал біздің жігіттерде бар болғаны таяқ. Өз жерімізде, өз еліміздегі басты алаңды әскердің қоршауға алғаны біздің жігіттерді қатты ашындырды. Сондағы белсенді жастар қарулы әскердің шебін бұзудың амалын ойластырды. Солардың айтуымен тайлы-тұяғымызбен кері шегіндік. Бұл кезде сарбаздар бізді шын мәнінде кері шегінді деп ойлап қалған болуы керек. Қаннен-қаперсіз тұрған жерінде топ болып ұмтылып, қоршауды жарып өттік. Бірақ біздің қатарымыз қалың болмады. Сарбаздар санаулы ғана топпен алаңға өткен бізді қоршап алып ұра бастады. Бір таңқалғаным, сарбаздар адамға күйрете соққы берудің тәсілін өте жақсы меңгеріп алған екен. Адамның жанды жерлерінен ұрып құлатып жатты. Олар қолдарына ұстаған әлдебір нәрсемен дәл алдымдағы жігітті сұлатып түсірді. Байғұстың қаны шалбарыма шашырап кетті. Сол сәт әлі күнге дейін көз алдымда. Содан әлгі жігіт тірі ме, өлі ме деп ұмтыла бергенім сол еді. Желке тұсымнан офицердің бірі: «Сен не мынаны көтеріп алғың келіп тұр ма?» деп гүр етті. Құр тұрмай, аяғымды басты. Әлгінің салмағынан аяғымның сынып кеткенін кейін білдім. Келесі сәтте әлгі офицер жағамнан ұстады да, мені доп сияқты лақтырып кеп жіберді. Сол қарқынмен ұшып барып, алаңның шетіндегі өсіп тұрған талға соғылып құладым. Сол жерден естен танып, ұзақ жатып қалыппын. Мені лақтырған кезі шамамен түскі 14:00-дің шамасы болатын. Ал мен әлгі талдың түбінде есімді жиған кезде күн кешкіріп қалыпты. Алаңдағы жастар көрінбейді. Тып-тыныш. Есесіне алаң толықтай әскерилердің иелігіне өтіпті. Ит жетектеген сарбаздар әрі де, бері де шапқылап жүр. Жан-жағыма көз тастағаным сол еді, бір-екі адамды УАЗ-ға салып жатқанын көрдім. Алғашында өліктер екен деп қорқып кеттім. Сол жерден тұруға қанша әрекет жасасам да тұру мүмкін болмады. Тағы біраз жаттым. Бір кезде ит жетектеген бір офицер маған қарай жақындағанын байқадым. Оның жетегіндегі ит менің тірі екенімді біліп тұр. Офицер де тал түбінде біреудің жатқанын байқады, бірақ өліп қалған деп ойлаған болуы керек. Өлік болса бір кесірі тиеді деп ойлады ма? Әйтеуір, жаныма жоламады. Қазір ойлап қарасам, Құдай сақтап қалған сияқты.  Әлгілердің қолына тірілей түскенімде не боларын кім білсін?!

Содан кейін өзім де алаңнан кетуге қам жасап, сүйретіліп, жолға шықтым. Жол көктайғақ, әрі денемді аяз қарып барады. Тұруға тіптен шамам келер емес. Кейін офицер лақтырған кезде қабырғам мен бел омыртқам зақымданғаны белгілі болды.

Жолда жатып, алаңнан өтіп бара жатқан екі студент жігітті көзім шалып қалды. Оларды көмекке шақырдым. Содан екеуіне сүйеніп, Абай даңғылына  шығып, такси ұстап ауруханаға жеттім. Аурухананың қабылдау бөліміндегілер мені қабылдап алды да, аяғыма гипс салды. Рентгенге түсірді. Қабырғам шытынаған. Әрі суықта жатқаннан екі өкпем қабыныпты. Аурухананың қабылдау бөліміндегілер хабарлаған болуы керек. Ертеңінде маған майор шеніндегі тергеуші келді де аз-маз тергеп, мәліметтер алып жөніне кетті. Осылайша менің алаңға шыққанымды білген ауруханадағылар менен құтылуға асықты. Денемдегі ірілі-ұсақты жарақаттарға, өкпемнің қабынғанына қарамады. Ауруханада небәрі 3 күн жатқызды да шығарып жіберді. Өз жатақханама келсем, жатақхана жабық.  Онда кезекшілікте жүрген факультеттің басшылығы, оқытушылар түрімді көріп «сен де алаңда болған екенсің ғой» деп менен сырт айналды. Олардың ішінде менің сүйікті оқытушыларым бар еді. Алаңға шыққаным мәлім болған соң әлгі оқытушылардың маған деген көзқарасы күрт өзгерді. Бөлмедегі құрбыларым да барынша жарақат алғаныңды білдірме деп кеңес берумен болды.

Бірақ менің сырым ауруханада жатып-ақ мәлім болған еді. Факультет деканатында да алаңға шыққандар ретінде менің де атым аталыпты. Ата-анамды шақыртты. Әкем мен нағашы ағам мен емделген аурухананың бас дәрігерінің кеңесімен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қарсы арыз жазыпты. Дәрігерлердің сараптамасында менің аяғымның сынғаны, қабырғамның, бел омыртқамның зақымданғаны тайға таңба басқандай етіп жазылып тұрды. Әкемнің «қызымның денсаулығына зияны тигендер жазасын алсын» деген арызынан соң мені қудалау тоқтатылғандай болды.

Әрі университет ректоры Елемісова деген кісі абырой-атағын салып, бізге келген құқық органдарының қызметкерлеріне «біздің қыздар алаңға шықпады» деп жылы жауып қойды. Сол кісінің арқасында да біздің университеттің студенттері көп қуғын көрмеді. Обалы не керек, «алаңға шыққандардың» қатарында жүріп, университетті де аяқтадық. Әлгінде айтқанымдай, желтоқсаншы ретінде оқытушылардың маған деген көзқарасы аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Бағамды әдейілеп төмендетті. Сондықтан қызыл диплом ала алмай қалдым.

Оқуды бітірген соң Алматы қаласындағы №2 мектепте жұмыс істедім. Одан соң №12 мектепте ұстаздық еттім. Қазақстан Ғылым академиясының Ғалымдар үйінде әдіскер болдым. Өмірзақ Сұлтанғазин сынды керемет адамның қол астында жұмыс істеу бақытына ие болдым. Тәуелсіздік алып, еліміздің бас қаласы Алматыдан Ақмола көшірілгенде жаңа астанада «Мирас» халықаралық мектебін ұйымдастыру үшін үкіметтік тапсырмамен қоныс аудардық. Қазір де мектепте ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрмін. Ұстаз ретінде еліміздің, әлемнің түкпір-түкпірінде өз саласында жемісті еңбек етіп жүрген шәкірттеріммен мақтана аламын.

Менің өмірімде Желтоқсан оқиғасының алар орны ерекше. Біз алаңға өзімізге пәтер, ақша, жұмыс сұрап шыққан жоқпыз. Елімізге азаттық сұрадық. Ақыр соңында сол көтерілістің арқасында қазақ халқы ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ұстаз ретінде, әрі сол қаһарлы күндердің куәгері ретінде мен Желтоқсан оқиғасының ұрпаққа берер тағылымы мол екенін айта аламын.

Бәтима АБЫЛҒАЗИНА,

желтоқсаншы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button