Тәуелсіздікке 30 жыл

Елорданың бас онкологы

Індетпен күресте алғашқы күннен алғы шепте жүрген медицина қызметкерлерінің арқасында мыңдаған адамның өмірі сақталды. Қаламыздың бас онкологы Мұхтар Есенжанұлы Төлеутаев та сол қатарда жүріп, ұйымдастыру ісін басқарды. Емделушілерге төсек-орындар дайындап, шетелден келген науқастарды қабылдады, жаңа инфекциялық стационардың жұмысын ұйымдастыруға қатысты. Ол басқаратын көпбейінді медициналық орталықта инфекциядан 15 мыңнан астам науқас емделді. Еңбегі бағаланып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ол «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталды. Дәрігерді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, құттықтады. Бізде де марапат иесімен кездесіп, аз-кем әңгімелестік.

[smartslider3 slider=1474]

– Марапатыңыз құтты болсын! Бас қаланың денсаулық сақтау саласында басшылық қызметтер атқарып, әсіресе онкологиялық емдеу мәселелерін шешуге еңбек сіңірдіңіз. Жалпы Тәуелсіздік алған жылдарда елорда медицинасы қалай дамыды деп санайсыз?

– Тәуелсіздік алған жылы мен Семейде облыстық балалар ауруханасында бас дәрігердің орынбасары болып жұмыс істедім. Астанаға 2009 жылы келдім. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты емдеу диагнос­тикалау департаменті, одан кейін стратегия және даму департаменті директорының орынбасары болып істедім. 2010 жылы елорданың онкология орталығының бас дәрігері болып ауыстым. Аурухана жаңа болса да, құрал-жабдықтар жетіспеді. Дәрі-дәрмек тапшы еді. Содан 2012-2016 жылдарға арналған онкология саласын дамыту бағдарламасы қабылданды. Сол жылы Елбасы Жолдауында еліміздегі онкология саласында өлім көрсеткіші көп екенін, диа­гностика қиындықтары туралы айтты. Ол кезде онкологиялық ауруларға диагноз кеш қойылатын. Арнайы бағдарламаға қаржы бөлініп, соның нәтижесінде бұл саланың бюджеті бір жылдың ішінде 3 есе артты. Ол қаражат дәрі-дәрмекке, құрал-жабдықтарды жаңартуға жұмсалды. Күрделі диагностика жүргізетін аппараттар, сәулелі терапия алуға мүмкіндік туды. Елімізде жоғары мамандандырылған 4 сәулемен емдейтін орталық ашылды. Соның біреуі Астанада 2014 жылы құрылды. Зертханалардың аппараттары түгенделіп, дәрі-дәрмектердің түрлері көбейді. Емдеу хаттамалары қайта қарастырылып, жаңартылған түрмен шықты. Қосымша скринингтер қосылды. Соның бәрі қатерлі ісік диагнозын уақытылы қоюға мүмкіншілік берді.

– Жалпы айтқанда, Тәуелсіздік бізге не берді? Медицина саласына қандай өзгерістер әкелді?

– Тәуелсіздік біздің медицина қауымдастығына көп мүмкіндіктер берді. Бірнеше бағдарламалар аясында мамандардың білімін жетілдіру мүмкіндігі көбейді, шетелге барып біліктілік арттыру, керісінше, шетелдің белді мамандарын шақыртып, персоналды оқыту, шеберлік сабақтарын өткізу, сол сабақтарда сырттан келген хирург дәрігерлермен бірігіп ота жасау, тәжірибе алмасу, жаңа тәсілдерді үйрену, осының бәрін бұрынғыдай Мәскеу рұқсатын күтпей, өз елімізде шеше алатын болдық. Тәуелсіздіктің арқасында сәулелі ем аппараттары, диагностикалық құралдар, дәрілер көбейді. Елордада бүгінде 20 компьютерлік томограф бар. УЗИ, рентген аппараттары көп. Халықты медицинаның барлық соңғы мүмкіндіктері арқылы емдеу, диагностикалау мүмкіндігі зор, оған мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіледі.

– Нұр-Сұлтан қаласының медицина ұйым­дарының дәрігерлері, орта және кіші буын қызметкерлері жалпы 350-ден астам маман түрлі медальдармен, наградалармен марапатталыпты. Бұл, әрине, медицина қызметкерлеріне деген зор құрмет, сала мамандарының беделінің артқаны деп санаймыз ғой…

– Әрине, солай. Мен мына алып отырған марапат та тек маған емес, жалпы елордадағы онкология саласына, індетпен күреске жұмылдырылған барлық медицина қызметкерлеріне берілген атақ деп санаймын. Себебі біздің сала – тек ауызбірлікпен атқарылатын ұжымдық жұмыс. Келесі жылы онкология саласына 70 жыл толады. 2019 жылы саланы реформалауға байланысты бір бағыттағы ауруханалар көпсалалы мәртебеге ауыс­тырылып, жұқпалы аурулар ауруханасын бізге қосты. Былтыр қаңтарда өзіміздің орталықтың бір тармағы жұқпалы аурулар бөлімшелері ретінде ұйымдастырыла бастады. Менің міндетім – барлық бағытта мамандарды дайындап, тағайындау болды. 28 қаңтарда Уханьнан студенттер келгенде қалалық фтизиопульмонология орталығының бір ғимаратын өзімізге алып, уақытша сол жерге төсектер ұйымдастырдық. Артынан шетелдіктердің бәрін біз қабылдадық. Олар тамақ ішерде тек бір реттік пайдаланатын ыдыс­тарды ғана тұтынамыз деп, тамақ дайындағанда соны назарға алдық. Ең бірінші науқастар наурызда келді. Содан бастап індетке қарсы күрес басталды. Ұшақтан келген қонақтарды қарсы алып, орналастырып, кеңес беріп, мамандарды дайындадық. Тиісті көмек көрсеттік. Ол кезде дәрігерлердің арнайы киімі де болмады, мамандар тапшы еді. Әлі дерегі беймәлім, қорқынышты ауру болғандықтан, көбі бізге келмеді. Осы тұста індетпен күресте алғы шепте жүргендерге қосымша төлем жасалатыны оңтайлы шешім болды.

Сонымен қатар, үйлесімді жұмыстың арқасында орталықтың онкологиялық бөлімшесінің жұмысы бір күн де тоқтаған жоқ. Дерті бар 8 мыңнан астам пациент емделді, 3 мыңнан астам ота жасалды. Карантин кезінде онкопациенттерге дәрі-дәрмектерді үйге жеткізу ұйымдастырылды. Одан бөлек, қосымша инсульт орталығы ашылды, ол жоспарлы және шұғыл пациенттерді қабылдайды. Ел басшылығы медицина қызметкерлерін қолдау шараларына ерекше назар аударады. Президенттің тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуды жалғастырамыз.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button