Жаңалықтар

Ел тірегі – орта бизнес



Биыл қыркүйек айында Мемлекет басшысы кезекті Жолдауын жариялады. Ол Жолдауда негізінен сыртқы саясат туралы бірде-бір әңгіме айтылған жоқ, бәрі ішкі саясат. Әрине, Жолдауда, ең бастысы, халықтың әл-ауқатымен байланысты мәселелер айтылды. Соның ішінде қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты Үкіметке біршама тапсырма берді. Жалақы мәселесі, ең төменгі жалақы, күнкөріс деңгейіндегі категория бар. Бәрі дұрыс, бірақ мен Парламент мүшесі ретінде салыстырып қараған кезде біздің күнкөріс деңгейі мен төменгі жалақымыз ЕЭО құрамындағы Ресей, Белоруссиядан анағұрлым төмен. Мәселен, Ресейден 40 пайызға дейін төмен. Соғыс жүріп жатқан Арменияда ең төменгі жалақы 50 мыңның үстінде, бізде 42500 теңге. Күнкөріс деңгейі Ресей мен Белоруссияда елімізбен салыстырғанда анағұрлым жоғары, ал бізде 31 000 теңге шамасында. Сондықтан бұл – үлкен мәселелердің бірі. Президент тапсырма берді, бірақ биылғы бюджетте бұл мәселе қаралмай қалды. Оның бәрі қаржыға келіп тіреледі.
Екіншісі, жұмыссыздық мәселесі. Бұл неге үлкен мәселе? 2020 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 1 триллион теңгені 17 аймаққа бөлген, әр аймақ өзіне тиісті сомаларын алды. Өзім жаз айында елді аралаған кезде байқағаным, бұл жұмыспен қамту көбінесе уақытша екеніне көзім жетті. Мәселен, ғимараттарды жөндеу жұмыстары, жол салу, абаттандыру және т.б. Бұлар келесі жолы қаралатын болады. Есеп комитеті мен бірге Парламент те қарайтын болады, өйткені жұмыспен қамтуда екі мәселе бар: бірі – тұрақты қамту, екіншісі – уақытша. Біз осы 1 триллион теңгені уақытша жұмыспен қамтуға жібердік. Бұл дұрыс емес деп санаймын. Жеке пікірім.
Жұмыспен қамтыған кезде ескеру керек жайт: көп жағдайларда елде мыңдаған, он мыңдаған кәсіпкер бар, олардың өзінің бизнес жоспарлары бар дайын. Ең төменгі пайызбен, яғни 2-3 пайызбен сол ақшаны кәсіпкерлерге бергенде анағұрлым тиімді болар еді деп ойлаймын. Өйткені кәсіпкерлер сол ақшаны алғаннан кейін олар тұрақты жұмыс орындарын құрады. Өңірлерде болдым, байқағаным, кешегі бөлінген 1 триллион ақшаның басым бөлігі әлеуметтік нысандарды жөндеуге кетті. Қазір барлық құрылыс жұмыс­тары аяқталды. Қазір мыңдаған адам қайтадан жұмыссыздар қатарын толықтыруда. Егер де о баста бөлінген қаржының 50 пайызын кәсіпкерлерге берген кезде олар кәсіптеніп, ал біз қаншама адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен болар едік.
Үшіншіден, азық-түлік бағасына қатысты Президент Жолдауында ерекше назар аударды. Өкінішке қарай, қазір азық-түлік бағасы өте қымбаттап бара жатыр. Халыққа қажетті азық-түлік құны 20-25 пайызға шарықтап кетті. Жергілікті әкімдік есеп береді, азық-түлік бағасы қадағалануда деп, бірақ түптеп келгенде, шындыққа жанаспайды. Өткен демалыс күндері базарларды араладым, өткен жылмен салыстырғанда ұн, картоп, сұйық май бағасы 20-22 пайызға дейін қымбаттаған. Үш жылдық бюджет қаралған кезде бұл мәселе айтылды. Президент біріншіден, азық-түлік қымбаттамауының жолдарын іздеу керек деді. Ол үшін өндірушіден тікелей алу қажет, арадағы алыпсатарларды азайтқан жөн. Бірақ бұл мәселе әлі де шешімін таппай келеді. Қазір көптеген облыс орталықтарында сақтандыру қоры арқылы азық-түлік қорын жасау тапсырылған болатын. Ол мәселе де өз дәрежесінде орындалып жатқан жоқ. Қазір желтоқсан айы, ертең қыс, көктем айларында қалай болады? Бұл – үлкен мәселе. Мүмкін көктем айларында азық-түлік бағасы қазіргіге қарағанда өсіп кетуі мүмкін, сондықтан да бұл – Үкіметтің алдында тұрған үлкен мәселе.
Төртіншіден, Президент айтып өтті, шағын және орта бизнеске үлкен мүмкіндік жасаңдар деп. Қазір өкінішке қарай, шағын және орта бизнеске Үкімет тарапынан үлкен мүмкіндіктер жасалып жатыр деп айта алмаймын. Індетке және басқа да объективті себептерге қарай шағын орта бизнес күннен күнге қысқарып келеді. Шағын және орта бизнес – мемлекет экономикасының іргетасы. Мемлекет шағын орта бизнеске арқа сүйейді.
Бесіншіден, сыбайлас жемқорлыққа байланысты. Біз сыбайлас жемқорлыққа байланысты қабылданған заңдарды қанша рет өзгерттік, толықтыр­дық. Бірақ бұл мәселені тыю, азайту мүмкін болмай келе жатыр, мүмкін емес. Барлық сала сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан. Әсіресе, тендердің айналасы. Байқап жүрмін, жоғарыда айтылған 1 триллион қаражаттың басым бөлігі абаттандыру, мектеп, балабақша, емхана, аурухана ғимараттарын жөндеуге жұмсалды ғой. Сонымен қатар бордюр ауыстыру, облыс орталықтарына, тіпті ауданға дейін бордюр ауыс­тыру бұқаралық сипатта кетіп жатыр. Бүгінгідей қиын кезеңде оның қандай қажеттілігі бар? Ол – экономикалық мықты елде жасалатын дүниелер. Бірқатар ауыл орталықтарында, қаншама ауыл мен аудан орталығын жалғайтын жолдар ойық-ойық шұқырларға толы. Мұның бәрі алда тексеріледі. Қаржы мақсатты жұмсалды ма, тиісті жерге жетті ме? Оның бәрін тиісті органдар тексере жатар.
Алтыншы, Президент басқару жүйесіне қатысты айтып өткен еді. Кезінде басқару жүйесіне байланысты көп заң қабылданды, ол заңдардың көпшілігі өз дәрежесінде жұмыс жасамады. Мәселен, соның ішінде бұрыннан келе жатқан жергілікті өзін-өзі басқару деген заң бар. Бұл өкінішке қарай, өз дәрежесінде емес. Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл әкімдерін сайлау туралы тұжырымдамалық мәселелер айтылған. Бірақ қалай сайлаймыз? Оны кім сайлайды? Қазіргі заң бойынша оны аудан әкімі мысалы, екі немесе үш азаматтың ортасынан аудандық мәслихатқа ұсынады. Аудандық мәслихат ауыл әкімін сайлайды. Қазір сол жергілікті жерде сайлауға қатысты тапсырмалар беріліп жатыр. Бірақ оны кімдер сайлайды? Ауылдың алқасы сайлай ма, жоқ ауыл халқы сайлай ма, қалай болады қазір? Ертең ауылдар жік-жікке бөлініп кетпей ме, руға немесе ұлттарға бөлініп кетпей ме? Бұл үлкен мәселе. Сондықтан жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне аса сақтықпен келу керек сияқты. Оның жүйесінде аудан әкімі де емес, ауданның 15 мәслихат депутаты да емес, меніңше, ауыл халқы шешетіндей дәрежеге алып жеткізуіміз керек. Кімді сайлауды ауыл халқы өзі біледі. Ауыл халқы арасынан қоғамдық кеңес сайлайтын болса, 5-6 адам сайласа, қалай болады ертең… Халық өзі таңдау керек сияқты. Мәселені әлі де жетілдіру қажет. Бізде басқарудың орталықтандыру мәселесі күшті. Оның тиімді тұстарымен қатар тиімсіз жерлері де көп. Мысалы, аудандық деңгейде аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың құзыреті теңдей емес. Сондықтан аудандық мәслихаттың құзыретін меніңше, күшейту керек бізге. Әсіресе, бюджетті талқылаған кезде қай жерге бірінші кезекте қаржы керек. Қай жерді жөндеуіміз керек? Әкімнің ықпалымен болмаса әкімнің айтуымен жүрмеу керек. Аудан әкімі я облыс, қала әкімі жергілікті жердегі мәслихаттармен тепе-теңдік дәрежесін ұстану қажет. Бізде өкінішке қарай, мәслихаттар әкімдердің ықпалынан шыға алмайды. Алда сайлау келе жатыр. Онда «Нұр Отан» бойынша праймериз өткізілді. Қалған партияларда ол өтпеді. Сондықтан бұл сайлау мәселесіне келешекте қайтып келетін сияқтымыз.
Жолдауға байланысты Парламетте бірқатар қабылданатын заңдар бар. Жаңа жылға дейін, кейін қабылданатын. Сол Жолдау­да айтылған дүниелер заңдарға ену керек. Жақында үш жылдық бюджетті қабылдап, Мәжіліске қайтарып жібердік. Үш жылдық бюджет Президент Жолдауына сай жасалынды. Соның ішінде мұғалім, дәрігерлер, жалпы мемлекеттік қызметкерлер жалақысын көтеру жайында Жолдауда айтылды. Үш жылдық бюджетке оны енгіздік. Президенттің әлеуметтік салаға қатысты айтқандарының бәрі бар. Соның ішінде ең төменгі жалақыға байланысты да Президент айтып өткен еді, алайда 2021 жылдың бюджетінде 42500 теңге қалды. Біз оны Комитеттің отырысында көтергенбіз. Бюджет қаржысының жеткіліксіздігіне байланысты ең төменгі жалақы сол күйінде қалды. Президент газдандыру мәселесін де айтып өткен еді, ол бюджетке енді. Көптен бері айтылып келе жатқан Қызылорда мен Жезқазған арасындағы үлкен жол мәселесін бюджетке енгіздік. Жолдауда айтылған шағын және орта бизнес­ті қолдап, өркендету күш алмай тұр. Алда бұл мәселе қаралады.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
ҚР Парламенті Сенаты
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым
комитетінің төрағасы, сенатор




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button