Руханият

…Оймақтай ойлар

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

…Арабта «әл-мактуб» – «пешенеңе жазылған», «жазмыш», түрікше – «мектуб» – «хат», «жазу», ал қазақшада – «мектеп» – «оқу тарататын орын». Демек, үшеуінің де әр халықтың тілдік ерекшелігіне қарай дыбысталуы әрқалай айтылғанмен, түпкі мағынасы ортақ, яғни «жазу». «Жазу» сөзінің мәні зор. Әр адамның тағдырында өзіндік жазуы, яғни өмірінің мектебі қалыптасады. Сол мектепте оқиды, тоқиды, сабақ алады. Мектепте қаріп танытып, қаріптеп түзілген жазуды оқытады. Жер жүзінде жеті жасқа жеткен жеткіншектердің мойнын иілтіп жазуға үңілтеді. Бала болса да, мойнының иілгені – жазуды мойындағаны, жазбаға мойынсына бастағаны… Орта мектеп шыңдайды, өмір мектебі сынайды. Соған сәйкес, «әл-Қадір», яғни тағдыр шыдағанды оздырады, мойығанды сындырады. Бұл – Құдайдың қалауы! Кей-кейде әлдебіреулермен әңгімелесе қалсаң, «…Ой, несін айтасың, менің өмірім бір кітап қой» деп жатады. Өміріміздің өн бойында оймақтай оқиға болсын, біз ойламаған жерден ойып түсер ойық оқиға болсын, ойдым-ойдым оқиға болсын, орны өзгеше оқиғалар да кездеседі. Оны әркім өзінше бір-бір кітапқа балайды. Асылында, «катаба» сөзі – ана тіліміздегі «кітап» сөзінің арабша түпкі мағынасы. «Катаба» араб тілінде «жазуды жазу», яғни сол елдің тілдік грамматикалық ерекшелігіне сай етістік болып табылады. Қазақ тілінде «кітап» болып өзгеріп, зат есімге ауысқан. Адам баласы тіршілігінде қалауынша бір кітапты өзі жазып, соңғы бетін өзі жаба алады. Ал енді білуімізше, пенденің бұ дүниедегі сәт са­йынғы оңды-терісті қарекетінің, жасаған амалдарының «дәптері» өзі өткенінше тәмамдалмақ емес. Және бір естуімізше, дүниеге келген сәтімізде маңдайымызға жазылған жазу, яғни жазмыш ниетімізге, пиғылымызға қарай не дұрысқа, не бұрысқа бастап, тағдырымыздың оңды-терісті өзгеруіне жетелейтін көрінеді ғой. Қазақ «Жазмыштан озмыш жоқ» дейді. Осы орайда, ұзақ ғұмырымызда немесе қас-қағым сәттегі бір кітапқа жүк боларлық оқиғалар Жаратушы Һақ Иенің қалауына қарай түзіледі. Ол – ақиқат!

80 КҮН МЕН 80 ЖЫЛ

…Бәлкім, бұл оқиғаны біреу-біреу­ден естіп, біреу бір жерден оқыған шығар, дегенмен әңгіменің әрі жаңғыртқан сайын кіре түседі. Ертеректе білгір ұстаз алдында отырған он-сан шәкіртінің арасынан бір баланың маңдайындағы жазуды оқып қалады. Жазуда «Сексен күн өмір сүреді» деген қаріп таңбаланыпты. Ұстаз көп ойланбастан баланы ата-анасына жібермек болып шешеді. Расымен, шәкірттің сексен күндік ғұмыры қалса, алыстағы әке-шешесіне жетіп, дидарласып үлгереді. Алдына шақырып алып басынан сипап: «Балам, сен ауылыңа барып қайта ғой» деп жолға салады.
Арада әлденеше күн өткеннен кейін ұстаз әлгі шәкіртінің сабаққа келіп отырғанын көреді. Көреді де таңғалады. «Бұ қалай?». Баланың жүзіне барлап қараса, маңдайында «80 жыл өмір сүреді» деген жазу тұр екен. «Мен қателестім бе?.. Жо-жоқ, олай болуы мүмкін емес. Мен 80 күн деген жазуды анық көрдім ғой, енді 80 жылы қайдан шықты?! Мұнда бір мән бар» деп шәкіртін шақырып, суыртпақтап сыр тартады. «Ата-анаңа бардың ба?». «Бардым». «Аунап-қунап, мауқымды басқан соң ата-анам оқуымды жалғастыруымды кеңес етті». «М-м-м-м… Жолда не көрдің, елде не көрдің? Не істедің? Кімді жолықтырдың?». «Еліме жеткенше ешкімді көрген жоқпын. Тек жолда құм басқан құмырсқаның илеуін көрдім. Бейшаралар қыбырлап, құмнан илеуіне кіре алмай әрлі-берлі зыр жүгіріп жүр екен. Содан отыра қалып, бірнеше күн илеуді құм түйіршіктерінен арылттым. Қайтар жолда кідіріссіз алдыңызға келдім».
Білімдар ұстаз бұл арада бір нәрсені білді. Демек, өзінің үш ай бұрынғы көрген маңдайдағы 80 күн деген жазу шын, қазіргі көрген 80 жыл деген таңба ол да һақиқат. Яғни жарықтық құмырсқалар құмнан илеуін аршыған балаға өз өмірлерінің бір-бір мысқалынан беріп, жасөспірімнің жасын санаулы сағаттардан 100 жылға жақындатқан.

ҮШ КҮН ДЕГЕНДЕ ТІРІЛІППІН

Бүгінде 72 жастағы Валентин Дикульді әрісі дүние жүзі, берісі кешегі Кеңес Одағы түгел біледі. 1964 жылы циркте 18 жасар акробат сақтандырғыш құрылғысыз жіпке ілініп, әуеде қалықтап өнер көрсетіп жүрген сәтінде абайсызда арқан үзіліп кетіп, 13 метр биіктіктен құлаған. Бас-ми жарақатын алып, ең қиыны омыртқасы бірнеше жерден сынып, бел омыртқасы ауыр зақымданды. Ауруханадан бірінші топтағы мүгедек болып шықты. Бірақ адам айтқысыз ерік-жігерінің, жанкешті жаттығуларының арқасында 5 жылдан кейін аяғына тік тұрған ол кейін келе цирк­те ауыр атлетикамен айналысты. Күндіз-түні тынбай жаттыға келе, 900 кг-дық салмақты жеңіл көлікті ішіндегі адамдарымен бірге көтереді. Аяғы жүруден қалғаннан кейін өзін-өзі емдеп шығып, осындай зор жетістікке жеткен әлемде жалғыз адам – Валентин Дикуль. Қазіргі таңда зақымданған тірек-қимыл аппаратын қалпына келтіруді емдейтін бірнеше клиникасында жылына жүруден қалған 4,5 мың адамды аяғынан тік тұрғызады. Осындай ірі жетістікке жеткен Валентин Дикуль кезінде үш мәрте өлім аузынан қалған. Біріншісінде бір килоға толмайтын шала туған баланы бұ дүниелік емес деп ата-анасы өз салтына сәйкес қиналмай жан тапсырсын деген оймен шақалақты иконның жанына қояды. Әлденеше уақыт өткенде бала тіршіліктен хабар береді. Циркте құлап, екі аяғы жансыз қалған кезде бұ дүниеден баз кешіп, екі мәрте өз жанын өзі қимақ болған. Дәрігерлер құтқарып қалған. Сонда Валентин Иванович «Демек, мені Жаратқан Ием үш рет ажалдан алып қалған болса, менің бұл дүниеге келгендегі миссиямның бітпегені ғой» деп шешіп, адамдарды емдеуді мақсат етеді.
Тізе берсек мұндай оқиғалар өте көп. Айтпағымыз – «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі».
…Үлкендердің айтуынша, мен бір жасымда аяқасты қатты ауырып, ауруханаға түсіппін. Саулығым сәт сайын нашарлап, дәрігердің емі қонбапты. Үмітін үзген олар мені үйге шығарыпты. Алматыдан оқып келген Тұмаркүл педиатр ақ жаймаға орап, «Ертең таң атқанша күте беріңіз. Ары қарайғысын өздеріңіз білесіздер… Бала бірер сағатта бұ дүниелік болмайды» деп апамның қолына көлденең ұстатыпты. Мені үйге алып келген. Ауылдың үлкендері жиналып, алды апама жұбату айта бастаған. «Бала мен келіннің бастары жас. Бөпелері тағы бола жатар, Құдайдың салғанын көресің де» депті. Сол уақыттарда үйге ойламаған жерден Жұмаш деген ата келген көрінеді. Қарияның кісі емдейтін қасиетін ауыл-ел түгел біледі екен. Құдай айдап келді ме, апамның көңіл күйін бағамдап: «Ырысжан, жайшылық па?» дейді. Апам: «Тұңғыш немерем еді. Доғдырлар адам болмайды деді. Әлдеқалай болса ертең жайғастырармыз» деп жылап жіберіпті. «Қане, бала қайда?». Апам анадай жердегі бүркеулі ақ жаялықты нұсқаған. Емші ата орауды қолына алғанда бұған дейін тіршіліктен белгі бермей жатқан мен бала мысықтың дыбыс­тағанындай әлсіз ыңылдаппын. «Қайдағыны айтатыны несі, мен қазір бір жаққа кетіп бара жатырмын. Ымырт жабылмай маған үйге алып кел» депті.
Апам мен 3-класта оқитын ­Шырын апайым екеуі мені көтеріп 12 шақырым жердегі көрші ауылға Жұмаш атайдың үйіне шыққан. Кештетіп жеткенінде қария есіктің алдында тұр екен. «Қарындасым-ау, неге сонша кешіктіңдер?!» деп, екі қолын екі жағына сермелеп «Кет-әй, кет, кетіңдер!» дейді де, «Бірімен-бірі жарысып, енді болмағанда мыналар абалап, қаумалап барады ғой тіпті» деп ораулы баланы қолына алып, үйге кіріп кетіпті. Сонда Шырын әпкем: «Апа, мына кісі нені қуып жатыр, кімді қуып жатыр?» деп сұрапты. «Бұл кісінің өзінен басқа ешкімге көрінбейтін иттері бар деуші еді. Науқас келерде қаумалап, қоршап алса қиын дейтін. Солар жақындап қалған болар, қуып тастады ғой, әйтеуір» деп жауап береді апам.
Әлден уақытта үйден шыққан Жұмаш атай «Балаға үш күн дем саламын. Ал сендер ауыл, ­айнала-төңіректе иттің өлген жерін көрсеңдер ысырып тастап, орнынан екі уыс топырағын маған әкеліңдер» дейді. Апам абдырап қалған. Сонда Шырын әпкем жалма-жан: «Апа, апа, мен біздің ауылда құмөзекте өліп жатқан итті көргенмін» дегенде, қария: «Ой, қарағым, жақсы болды ғой. Алдымыз түн, үлгермейсің. Ертең барып сол жерден екі уыс топырақты таза шүберекке түйіп маған әкеле ғой». Әпкем атайдың айтқанын бұлжытпай орындаған. Ауруханадан алдына көлденең салып алып шыққан апам үш күннен кейін мені Жұмаш атайдың үйінен қолына тік көтеріп талпынтып, ауылға алып қайтыпты.СУҒА КЕТКЕННІҢ ТАЛ ҚАРМАЙТЫНЫ РАС ЕКЕН

…Өз басым жүзу білмеймін, бірақ өзен-көлге түсуге өте құмармын. Осыдан бірнеше жылдар бұрын әріптестер болып жиналып Қапшағайға демалуға бардық. Жүзе алатындар бар, жүзе алмайтындар бар – бәріміз суға түстік. Улап-шулап жүріп жып-жылы суда қызды-қыздымен мен жағалаудан алыстаңқырап кеткенімді кештеу аңғардым. Жалма-жан жағаға ұмтылдым. Қайда-а! Табаным тиянақ таппай екі қолым ербеңдеп кетті. Мұны ешкім байқамады, даусым да шықпай қалды. Не керек, бір кезде малтығып жүріп «В-жжж-жжжь» деп төменге тартылып бара жатқанымды, суға батып бара жатқанымды анық сезіндім. Жан шіркін тәтті, су астында қолымды қармана бердім. О, тоба, енді ештеңе жоқ-ау деген кезде оң қолымның ортан терек саусағым әлдебір жіңішке жіпке ілінгенін сездім. Дереу саусағымды бүгіп, жіпті қысып алдым. Аяғымды серпіп қалып едім, заматта су бетіне қалқып шыға келдім. Сөйтсем бір қыздың «Ей, ей! Жібер! Жібер, шештің, шештің!» деген даусын естідім. Ондайда оңайлықпен кім жіберсін. Сол жіпке ілініп, ілесіп жүріп табанымның топыраққа тигенін сездім. Дәл жанымда Тахира деген қыз «Раушан, жібер, жібер. Мен жағаға қалай шығам?» дегенінде барып аңдадым. Мен оның купальнигінің бауына саусағыммен жармасып алыппын. Мені құтқарған, менің қалқып шығуыма себеп болған Тахира екен. Тахира су астында жүзудің шебері еді. Демек, жүзіп менің жанымнан өтіп бара жатқанда су астында қарманып жүргеннен менің қолым оның киімінің бауына іліккен екен…
Міне, содан бері қаншама жылдар өтті, бірнеше рет қанша жиналсам да Қапшағайға жолым түспей қойды. Бір жолы тіпті Баян деген құрбым достарымыздың бәрін Қапшағайдағы үйіне қонаққа шақырды. «Суға түсеміз, купальниктеріңді ала келіңдер» деген. Бардық. Ертесіне бәріміз түске қарай көлге түсуге жиналдық. Менің сумкамда купальнигім болмай шықты. Әрі ақтардым, бері ақтардым. Жоқ. Үйде қалдырып кеткенмін ғой. «Дайындап-ақ қойып едім, қалай ғана қалдырып кеттім?!» деп өз-өзіме таңғалдым. Ақыры мен бармайтын болдым. Басқалары дайын тұр еді. Мен бармайтын болғаннан кейін «Бөлініп-жарылып не істейміз, келесі келгенде түсерміз» деп олар да аяқасты айнып шыға келді. «Одан да тауға барып гүл терейік» деп ойламаған жерден бөктерге бет алдық.
…Алматыға, үйге келсем ­купальник төсегімнің бас жағында, жастықтың астында қалыпты. Есіме түсті. Заттарымды жинастырып жүргенімде үйге су есептегіш құралдарын тексеруге бақылаушы келген кезде жөн көрсетуге асханаға шығып бара жатып, аузы ашық дайын тұрған сөмкеге салудың орнына бөлмеге біреу кіріп қалса, үлкен-кішінің көзіне түспесін деп жастығымның астына қоя салыппын. Бақылаушы кеткен соң сөмкемнің сыдырмасын жауып, қарыма іліп алып үйден шығып жүре беріппін. Кім біледі, бұл аса мейірімді Жаратушы Ием осы жолы мені тағы да сақтағаны шығар…

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button