Басты ақпарат

Шеткі аймақтар қамқорлықсыз қалмайды

«Бір жер бар, алыс та болса жақын, бір жер бар, жақын да болса алыс» деген сөз тура «Өндіріс» елді мекеніне қаратып айтылған сияқты. Елорданың іргесіне тиіп тұрған ауылға жай күндері жету қиын, ал қақаған қыста қатынау тіпті машақат.

Қоғамдық көлік көбейді

Тұрғындар «Өндіріске» тек бір ғана №24 автобус жүретініне, оның өзі кешігіп келетініне көп шағымданады. Осыған орай, біз СТS компаниясы қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі Оксана Лоскутоваға хабарласқанымызда, ол 28 қарашадан бастап бұл бағытқа жаңадан 3 автобус қосылғанын, енді олардың саны 12 бірлікке жеткенін айтты. Соған қарағанда бұл жерде бар мәселе елді мекенге жүретін автобустар санының жетіспеушілігінде емес, қыс мезгілінде жолды қар алып қалып, қоғамдық көліктер қатынасының қиындауында және тұрғын алапта халықтың көп шоғырлануында болса керек.
Алдағы уақытта «Өндіріс» тұрғындарының қаланың орталық бөлігімен қатынауын жақсарту мақсатында Ақсеңгір көшесінде кіші айналмалы жолдың құрылысын бастау жоспары бар. Құрылыс басталатын айналмалы жолдың бір бөлігінде барақ типіндегі 12 үй орналасқан. Ол үйлерді сырып, тұрғындарын жаңа жерге қоныстандыру мәселесі және құрылысы бәсеңдеп қалған Сарыбұлақ өзені арнасының қайта салынуы қазіргі күні күн тәртібінде тұр.
Байқоңыр ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, «Қалалық жылжымайтын мүлік» шаруа­шылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын 12 үйге мүлікті бағалау жұмыс­тарын жүргізетін болса, Сарыбұлақ өзені арнасынының құрылысына жауапты мердігер ұйым бір аптаның ішінде жол төсемесін жөндеуді бастап кетпекші.
Сондай-ақ ауданда жылы аялдамалар да тапшы. Аяздың өтінде ұзақ уақыт автобус күтудің азабын жол тосқан жолаушылар ғана біледі. Қақаған қыста ашық далада жарты сағат тұрып қалсаңыз, денсаулығыңыздан да айырылып қалуыңыз мүмкін. Осы сауалды аудан басшысына жолдағанымыз­да, ол кісі бұл проблемамен жақсы таныс екенін, олардың кезең-кезеңмен біртіндеп шешіліп жатқанын айтты.
– Тұрғындар мен қонақтарының жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы Байқоңыр ауданы бойынша 32 аялдама кешендері орнатылды. Жолаушылардың тілектері мен өтініштерін есепке ала отырып, тағы 6 аялдама павильондарын орнату жоспарланған. Оның 4-еуі желге төзімді және 2 жабық типті (жылы) аялдама павильондары, – деді әкім.
Аудан басшысының айтуынша, жаңа аялдамалар бірінші кезекте мектеп, аурухана және қатты жел соғып тұратын тұстарға орнатылады. Аялдама кешендерінің негізгі бөлігін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) механизмі бойынша инвесторлар көтереді. Жабық типтегі аялдамалар елорданың климаттық ерекшелігін ғана емес, заманауи талаптар мен әлеуметтік қажеттіліктерді де ескере отырып жасалады.Аулаларға ажар кірді

– Қазіргі күні аудан халқының саны жедел артып, инфақұрылым да қарқынды дамып келеді. Мені әкім қылып тағайындағанда біз бірінші кезекте аула аумақтарына толықтай талдау жүргіздік. Бүгінде ауданда 237 аула болса, соның 107-сі күрделі жөндеуді қажет етеді. Әрине, проблемалар аз емес, бірақ оның бәрі жоспарға сай біртіндеп шешілетін болады. Абаттандыру жұмыстары барысында ПИК өкілдерімен кеңесіп, тұрғындардың талап-тілектері ескеріледі, ол үшін тұрғындармен кездесулер өткіземіз, – дейді Нұрбол Төлегенұлы.
Әкімнің айтуынша, биыл аудан аумағында 53 аула мен 13 ірі қоғамдық кеңістік (шағын саябақ) абаттандырылыпты. Сондай-ақ ауданның көркін келтіріп, ауа тазалығын сақтау үшін күзгі және көктемгі ағаш егу науқанында 10000-нан астам түп ағаш отырғызылған.
Абаттандырылған аулаларда ойын алаңқайларынан бастап футбол, баскетбол, стритбол алаңдары ұйымдас­тырылып, көпфункционалды жаттығу құрылғылары орнатылған. Спорт алаңдарында қауіпсіз резеңке жабындылар төселіп, арнайы тренажерлермен қатар, балалар үшін шағын сәулет нысандары, стрит-воркаут алаңдары, қоқыс жәшіктері қойылған.

Жатақханалар жағдайы қиын

Байқоңыр екі жыл бұрын құрылған жас аудан болғанмен, мұндағы халықтың едәуір бөлігі осы өңірге бұрыннан қоныс тепкен целиноградтықтар. Сондай-ақ бұл өңірдегі үй-жайдың көбісі ескірген, коммуналдық жүйелерінің тозығы әбден жеткен. Бұрындары жұмысшылар қауымына арнап салынған, қазір күйі кеткен жатақханалар да аз емес. Олардың бірқатарын өзіміз де көзімізбен көргенбіз. Мұндай проблеманы аудан басшысы да жоққа шығарып отырған жоқ.
– Жасыратыны жоқ, Байқоңыр ауданының аумағында бірқатар проблемалық жатақханалар бар, олардың ескі болуына байланысты қасбеттері, шатырлары, инженерлік және электр желілері жөндеуді қажет етеді. Алайда аталған жатақханалар бұзуға жатпайды,– деді Н.Нұрсағатов.
Дегенмен ағымдағы жылы демеушілер қаражаты есебінен 9 жатақханаға жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Ауданның тағы бір ерекшелігі – бұл өңірді қар қатты алады. Сондықтан қысқы маусымда қар тазалау жұмыс­тарына Байқоңырдың даярлығы күшті. Аудан бойынша бұл іске 257 арнайы техника мен 450 коммуналдық жұмысшы жұмылдырылған.
– Қыс маусымы басталардың алдында коммуналдық қызметтер мен мердігер ұйымдардың алдағы қыс мезгіліне дайындығымен қатар, қар жинауға арналған және басқа да арнайы техникалары тексерілді. Негізінен, қар тазалау кезінде қар жинау машиналары, құм шашатын, шнекороторлар, автогрей­дерлер, қар тиегіштер, самосвалдар қолданылады. Сонымен қатар, қар тазалау жұмыстары барысында, әсіресе әлеуметтік нысандарға кіретін жолдарды тазалауға көп көңіл бөлінеді. Қар тазалау бойынша өтініштерді әлеуметтік желілердегі парақшамыз бен 109 қызметі арқылы қабылдаймыз, – дейді әкім.
Қысқы маусымға да­йындықты әзірлеудегі басты мәселелердің бірі қар полигонын жасақтау болып табылады. Биыл қар полигонына кіру және ішке өту жолдары кеңейтілген. Полигонға белгі пункті орнатылып, электр жарығы тартылды, қажет болған жағдайда жолдарға төсеу үшін жалпы көлемі шамамен 50 тонна инертті материал дайындалған. Сонымен қатар, мердігер ұйым полигонға тәулік бойы жұмыс жасайтын бейнебақылау жүйесі мен штамп сағаттарын бекітуге арналған құрал орнатты.Әлеуметтік нысандар жөнделді

Сондай-ақ қысқы мезгілде шеткі аймақ тұрғындары үшін бәрінен бұрын әлеуметтік нысандардың дұрыс жұмыс істеп тұрғаны маңызды. Әсіресе қазіргідей індет бәсеңсімей тұрған заманда «бас ауырып, балтыр сыздаған» жандардың қалаға сабылмай, үйінің жанындағы емдеу мекемелерінен ем-дом ала салатын мүмкіндіктері болса қандай ғанибет! Аудан тұрғындарына қазіргі кезде сегіз денсаулық сақтау ұйым­дары қызмет көрсетеді. Олардың ішінде «№8 қалалық емхана» МКК; «Өндіріс» және «Жанұя-1 ОДА»; «Достық» отбасылық денсаулық орталығы ауданның ішінде орналасқан.
Биылғы Байқоңырда 2 жаңа мектеп салынып, сонымен қатар 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ №31 мектепте және №23 орта мектебінде қосымша құрылыс жұмыстары қолға алынған. Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін тапсырылуы тиіс.
Ауданның шет аймақтарын дамыту бағдарламасы аясында «№12 балабақша-бас­тауыш мектеп» кешеніне және №34 орта мектебіне қосымша құрылыс арқылы мектепті кеңейту жоспарланған. Жалпы құрылыстың жобасы 600 орынға есептелген.
Байқоңыр ауданында мұнан басқа көшені жарықтандыру, жол жөндеу, жылу-сумен жабдықтау мәселелері бойынша да қадам-қадау жұмыстар атқарылып жатыр екен.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button