Білім

Білім сапасын жақсартуды жүктеді

Биыл індет салдарынан отандық ғылым мен білім саласы сындарлы кезеңді бастан кешіруде. Тұңғыш рет білім жүйесінде жаппай қашықтан оқыту форматы енгізілді, педагогтармен қатар оқушыларға үлкен жауапкершілік жүктелді. Рас, Президент атап өткендей, қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда қателіктер кетті. Соған қарамастан ұстаздардың жаңалықты жатсынбай қабылдауының арқасында өткен оқу жылы сәтті аяқталды.Өткен жылдан бастап Президент тапсырмасымен елімізде білім берудің орнына диплом сатумен айналысып отырған университеттермен күрес жүргізілуде. Отандық білім-ғылым саласының дамуы үшін бұл қадам керек, әрі маңызды. Өйткені білімсіз берілген жалған құжат кім-кімді де жарға жығады. Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш салынатыны ақиқат.
Былтырғы жыл білім саласы қызметкерлері үшін нәтижелі жыл болды. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет «Педагог мәртебесі туралы» заңы қабылданды. Қолданыла бастағанына аз уақыт болса да педагогтар заңның игілігін көріп отыр. Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Былтыр Президент алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырған болатын. Осыған сәйкес, келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі. Бұған қоса 1 қыркүйектен бастап тәлімгерлерге 1 БЛЖ көлемінде қосымша ақы төленеді. Ұстаздарға дәптер тексергені үшін және сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша төлемақылары да 2 есеге өсті. Үкіметтің ұстаздар жалақысын осылайша арттырып, қолдау көрсетіп отырғаны қуантарлық.
Мемлекет басшысының «педагогтардың жағдайы жақсартылмаса, салада оң өзгерістер бола қоймайды» деген пікіріне толық қосыламын. Заман қарыштап дамып, озық технологиялар қолданысқа енгізіле бастаса да оқушының сапалы білім алуы үшін мұғалімдердің маңызы ерекше. «Мектептің жаны – мұғалім» деп тегін айтылмаса керек. Бұл тұрғыда, оқушыларымыздың озат болуына, жаһандану заманына сай ұрпақ тәрбиелеуге жауапты білім саласы қызметкерлерін қолдауға қатысты шаралардың үздіксіз жүргізіле беруін құптаймын.

Айгүл МҰҚАШЕВА,
«Қазақстандық салалық білім
және ғылым қызметкерлері
кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button