Қоғам

Қазақша контент неге аз?

Жалпақ әлемде экология мәселесі күн тәртібінен түспейтін тақырыпқа айналды. Бұл жағдайдан біздің еліміз де тысқары емес. Сондықтан да Мемлекет басшысы қыркүйекте халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму алдыңғы кезекте тұрған өзекті мәселе екендігін баса айтып өтті. Осы орайда экология тақырыбын жан-жақты саралап, ой-пікірін ашық жеткізіп жүрген экоблогер, белсенді азамат Базарбек Қамысбаевпен әңгіме өрбіткен едік.

– Базарбек Темірұлы, мерзімді баспасөзде немесе әлеуметтік желіде болсын экология тақырыбын қозғап, осы тараптағы проблемаларды айтып, жазып жүрсіз. Жалпы алысқа бармай, сөзді бас қаланың экологиясынан бастайық. Міне, қылышын сүйретіп қыс та келді, кейде қаланы қара түтін басады, сондай кезде демалуға да мүмкіндік болмайды, енді осыны қалай шешуге болады?
– Қазір елордаға газ келіп, ол жеке тұрғын үйлерге тартыла бастады. Әрине, бұған қуаныштымыз. Алайда көгілдір отын қала ауасының ластануын толық шешеді деп айта алмаймын. Себебі астананың ауасын жеке тұрғын үйлерден шығатын түтіннен бөлек, жылу-электр орталықтары мен қоғамдық көліктерден шығатын қалдықтар да ластайды. Алдағы таңда жылу-электр орталықтары газға көшетін болса, ауаның лас­тану деңгейі әлдеқайда азаяды. Сонымен қатар бүгінде елордада 800 мыңға жуық көлік бар. Олардың да экологияға тигізіп жатқан зияны көп. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты сараптаған жөн. Тұрғындар жеке көліктен гөрі қоғамдық көлікті көбірек пайдалану үшін оған қолайлы жағдай жасау қажет. Сондай-ақ велосипедшілер саны көбейсе, оның да экологияға пайдасы мол. Бірақ велосипедшілерге арналған инфрақұрылым жоғары болса деймін. Астанада салыстырмалы түрде бұл жақсы жолға қойылған, жыл сайын веложолдар көбейіп келеді.
– Осы жерде тағы бір мәселенің ұшы қылтияды – ол қоқыс шығару. Бұл жайында не айтасыз?
– Қазіргі күні қалада қалдық­тарды бөлек сұрыптау жүйесі енгізілген. Құрғақ қайта өңделетін қалдықтар, яғни пластик, қағаз, алюминий, шыныға арналған сары жәшіктер, тамақ қалдықтары мен басқа да қалдықтарға арналған жасыл жәшіктер қойылды. Бұдан басқа электр құрылғылары мен батарейка, лампаларға арналған арнайы қызғылт түсті жәшіктер де бар.
Бірақ… иә, бірақ тұрғындар әлі де болса қоқысты дұрыс сұрыптап лақтырмайды. Сондықтан осы бағыттағы халықтың экомәде­ниетін арттыру, экосауаттылықты көтеру үшін іс-шаралар көбірек жүргізілу керек. Бұл енді бәріміз бірлесіп істейтін міндет деп қабылдаймын.
– Бірде сіздің пластиктің адам ағзасына зиян екендігі туралы жазбаңызды оқыдым. Күнделікті тіршілікте оны жиі қолданамыз, енді одан қалай құтылуға болады?
– Шын мәнінде пластик адам ағзасына өте зиян, оның құрамында улы токсинді заттар бар. Өкінішке қарай, біз пластикті көп қолданамыз. Тіпті пластиксіз өмірімізді елестете алмайтындай жағдайға жеттік. Алайда пластикті қолдануды барынша азайтуға болады. Бізде ең көп кездесетін пластик түрі – ол қарапайым пластик пакеттер. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бір күнде елімізде 15 миллионға жуық пакет пайдаланылады екен. Мысалы мен оның орнына матадан тігілген сөмке қолданамын. Дүкенге барғанда пакет сатып алмаймын. Экосөмкені қолдану экологиялық жағынан да, экономикалық жағынан да өте тиімді. Сондай-ақ алғашқыда еш зиянсыз көрінетін кофе стакандарын да қолданбаймын. Өйткені олар қағаздан жасалғанмен, ішкі жағынан жұқа пластикпен қапталған және олар қайта өңдеуге жатпайды. Оның орнына өзіммен бірге термостаканымды алып жүремін немесе кофені асықпай кофеханада шыны ыдысқа құйып ішемін.
Бір жағынан пластикті қолдануды азайту қиын емес. Мұндағы ең маңызды нәрсе – саналы тұтыну. Пластикті сатып алар алдында жақсылап ойлану керек. Оның орнына әртүрлі балама заттарды қолдануға болады. Ал егер амалсыздан пластикті қолдануға тура келсе, оны дұрыс сұрыптап, қайта өңдеу пункттеріне тапсырыңыз немесе сары контейнерге лақтырыңыз.
– Экоблогер ретінде осы тақырыпта қолға алған жобаларыңызға тоқталасыз ба?
– Менің экофрендли өмір салтын ұстанып, осы тақырыпқа қызығып жүргеніме 3 жылға жуық уақыт болды. Бір байқағаным, саналы тұтынуды қолдап, осы бағытқа бет бұрған адамдар саны күн санап артып келеді. Бір өкініштісі, экология тақырыбында қазақша контент өте аз. Сондықтан қазақша экоблог жүргізуді қолға алып, өзімнің парақшамда пайдалы мәліметтермен, жеке тәжірибемен бөлісемін. Бұдан бөлек, ерікті ретінде басқа да орыс тіліндегі экопарақшалардың мәтінін аударуға көмектесем. Биылғы қыркүйек айында ЮНИСЕФ ұйымы «Plastic Free» жобасы бойынша эковолонтерлерге іріктеу өткізді. Мен осы жоба аясында іріктеуден өтіп, басқа да волонтерлермен бірге мектеп оқушыларына «Пластикті қолдануды азайту» тақырыбында онлайн-сабақ өткізіп жүрмін. Бұл жобаның балалардың экологиялық сауатын көтеру, экомәдениетті қалыптастыруға маңызы өте зор. Сонымен бірге жақында қайта өңдеуге жататын қалдықтардың түрін ажыратуға мүмкіндік беретін телеграм канал ашуды жоспарлап отырмыз. Өйткені көбісі пластик, макулатура түрлерінің таңбалануын ажырата алмайды, қалдықтардың қайсысы қайта өңделетінін білмейді. Бұл каналда экопункттердің мекенжайы, телефондары толық көрсетіледі.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button