Мәдениет

Мектеп кітапханасы толықты

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі елордада жаңадан ашылған №90 мектеп-гимназиясына кітап сыйлады. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы мен «30 игі іс» шарасы аясында өтті.

– Бұған дейін мектеп директоры Ербол Іргебайдың ұсынысымен осы мектептің кітапханасында
«Рухани жаңғыру» бұрышын ашқан едік. Балалардың кітапқа деген қызығушылығын оятуға мектеп кітапханасының қосар үлесі зор. Сол себепті жаңа мектепте жаңа кітаптар көбінен болсын деп үш тілде жазылған 30 кітап сыйлап отырмыз. Алдағы уақытта бұл игі іс өз жалғасын табады деген сенімдемін, – деді «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі директорының орынбасары Жазира Болтаева.
Кітаптардың барлығы «Рухани жаңғыру» жобасы аясында туған өлкеміздің тарихи және мәдени мұрасын кеңінен таныстыру үшін шығарылған. Соның ішінде «Қасиетті Қазақстан» кітабына еліміздің киелі жерлері, қасиетті орындары мен ұлттық кұнды мәдени мұралары енгізілген.
– Кітапханамыз заманауи үлгіде жабдықталған. «Оқуға құштар мектеп», «Оқуға құштар ұлт» жобасы аясында қазір мектебімізде «Кітапханаға кітап сыйла» шарасын ұйымдастырдық. Мектеп директоры Ербол Іргебай жеке кітапханасынан 250 кітап, көрнекті қаламгер Тұрсын Жұртбай 18 кітап сыйға тартты. Сондай-ақ ұлттық университеттерден жалпы 300-дей кітап келіп түсті. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің сыйға тартқан кітаптары оқушыларға рухани азық болары сөзсіз, – деді мектеп кітапханашысы Гүлнар Аманжолова.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button