Саясат

Елді елең еткізген



ПУТИН МЕН ТРАМП КЕЗДЕСТІ

Кеше Финляндия астанасы – Хельсинкиде Мәскеу уақытымен сағат 14-тен өте АҚШ және Ресей президенттерінің кездесулері басталды.

Жүздесу алдында Дональд Трамп пен Владимир Путин бір-біріне қысқаша сөз арнады. Ақ үйдің қожайыны сол жерде Кремль басшысын футболдан әлем чемпионатын жақсы өткізуімен және Ресей құрамасының ондағы табысымен құттықтады.
Бұдан әрі екі президент әңгімені Сирия төңірегінде қордаланып қалған мәселелерге қарай бұрып, «Солтүстік тасқын-2» жобасын жүзеге асыру жайына, сондай-ақ, АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынастың келешегіне арнады.
Екі лидердің аудар­машылардың қатысуы­мен өткен көп қыр­лы, кең ауқымды тақырыпты бірінші жеке кездесулерінен кейін әңгімеге Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео қосылды.
Біз кездесудің қорытындысы туралы келесі жолы кеңінен әңгімелеп береміз.

КУБА ЖЕКЕ МЕНШІККЕ ЖОЛ АШАДЫ

Кубаның жаңа конституциясы елде жеке меншіктік құқықты мойындайтын болады.

 Биліктің ресми басы­лымы – Granma газе­тінің жазуына қара­ғанда, енді кез келген мемлекет басшысының қызметі 5 жылдық екі мерзімнен тұрып, 10 жылдан аспайды. Бұдан бөлек, республикада президент және вице-президент лауазымы енгізіледі. Бұған дейін мұнда мемлекет басшысы құзыретін мемлекеттік кеңес пен министрлер кеңесінің төрағасы атқарып келген еді. Қазір ол орынтақта биылғы сәуірде Рауль Кастроны ал­мастырған Мигель Диас-­Канель отыр.
Конституция мәтіні бірінші рет гендерлік белгі бойынша қуғынға ұшыратуға тыйым салады, жеке меншік құ­қығын мойындайды. Аталған құжатқа 21-23 шілде күндері өтетін ел парламенті – халық билігі ұлттық ассамблея­сының отырысында дауыс беріледі. Содан ке­йін парламент өзгерткен нұсқа халықтық референдумға ұсынылады.

АҚШ РЕЗЕРВТЕГІ МҰНАЙҒА ҚОЛ САЛМАҚШЫ

АҚШ стратегиялық запаста сақталған мұнайын рынокқа шұғыл шығару жайын қарастырып жатыр.

The Wall Street Journal басылымының жазуынша, АҚШ президентінің әкімшілігі мұны мұнайдың бағасы күрт көтеріліп кетуіне жол бермеу үшін жасап жатқанға ұқсайды. Вашингтон, сонымен бірге, мұнай рыноктарындағы жоғары сұранысты сақтап қалу үшін басқа елдерді де көміртегі өнімдерін өндіруді ұлғайтуға шақырып жатқан көрінеді.
Маусым айының басында Сауд Арабиясы мен Ресей ОПЕК елде­ріне мұнай өндіруді сөткесіне 1,5 млн баррель деңгейіне дейін жеткізуді ұсынған еді. Тараптар оны Венесуэлада мұнай өндірудің түсіп кетуімен және АҚШ-тың санкциясына орай Иран мұнайы бір бөлігінің рыноктан кету ықтималдылығымен түсіндірді. Бірақ мұндай жоспар Иран, Венесуэла және Ирак елдерін қанағаттандырған жоқ. Мұнай өндіруді шектеу жөніндегі келісім 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оған ОПЕК-тің 24 елі қосылған болатын.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button