Саясат

Елді елең еткізген [16 маусым]



Трамп Қырым туралы не деді?

АҚШ президенті Дональд Трамп G7 лидерлерімен кездесуде Қырымның Ресейге тиесілі екенін айтты.

Ақ үйдің қожайыны өзінің бұл тұжырымын түбек тұрғындарының орыс тілінде сөйлейтінімен байланыстыра айтыпты. BuzzFeed ақпараттық порталы мұны екі елшілік дереккөздеріне сүйене отырып хабарлаған. Порталдың мәліметінше, Трамп әлгіндегі ойын Канаданың Квебек провинциясындағы Ла Мальбе курортты қаласында G7 саммитінің кешкі асы кезінде білдірген.
Отырыста АҚШ президенті сондай-ақ топ лидерлерінің неге Украинаны жақтай беретіндерін сұраған. Сосын ол бұл мемлекеттің «әлемдегі жемқорлыққа қатты былыққан елдердің бірі болып табылатынын» мәлім еткен.

Осыған орай, BuzzFeed Трамптың бұл сөздерді қалжыңға салып айт­қаны не Құрама Штаттардың сыртқы бағыты өзгергенін білдіргені білінбейтінін атап көрсетеді.

«Хат жаздым қалам алып…»

КХДР лидері Ким Чен Ын Ресей президенті Владимир Путинге жеке атынан дұғай сәлем жолдаған екен.

Оны КХДР Жоғарғы халық жиынының төрағасы Ким Ен Нам арнайы жеткізіп берді. Путин өз кезегінде Ким Чен Ынды Ресейге келіп кетуге шақырғанын растады. Ресей президентінің айтуынша, мұны басқа ешқандай халықаралық оқиғалармен селбестірмей-ақ, қыркүйекте Владивос­токта өтетін Шығыс экономикалық форумы шеңберінде жасауға болады.
Ресей мемлекетінің басшысы сондай-ақ Ким Чен Ын мен АҚШ президенті Дональд Трамптың 12 маусым күні Сингапурде өткен кездесуінің нәтижесін жоғары бағалайтынын білдірді. Оның сөзіне қарағанда, осы кездесудің арқасында Корей түбегінде бейбітшілікті қалпына келтірудің жарқын болашағы пайда болған.

НАТО Түркияны қорғамайды

Солтүстік альянс Анадолы жеріндегі ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықыласты емес.

НАТО ислам елдерінде тек берекесіздік пен хаостың орын алуына мүдделі. Түркия президенттігіне исламдық Бақыт партиясы атынан түсіп жатқан кандидат Темель Карамоллаоглу осылай деді.
«НАТО-ның жайына келсек, біз әуелден оған белгілі бір жағдайларға байланысты туған мәж­бүрліктен кіріп қалғанбыз» деді ол. – Бірақ НАТО тарапынан бұл одақтастықты біржақты түсінушілікті көріп келеміз. Альянс біздің қауіпсіздігімізге пәлендей күш салмайды. Ал КСРО құлағаннан кейін НАТО өзінің стратегиясын өзгертті де, ислам елдерінде хаос жасауға қарай бағыт бұрып кетті, біз мұны ешбір қабылдай алмаймыз».
Оның айтуынша, Түркия Иранмен, Ресеймен, сондай-ақ Иракпен, Сириямен, Египетпен және басқа да араб мемлекеттерімен қарым-қатынас­ты дамытуға пейілді.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button