Қала тіршілігі

Автотұрақты тегін пайдаланғандар айыппұл төлейді

«Нұржол» желекжолындағы ақылы автотұраққа көліктерін қоятын жүргізушілердің 10 пайызы ғана ақысын төлейді екен. Бұл туралы «Елорда тынысы» радиохабарының кезекті шығарылымында сұхбат берген «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС директоры Ардақ Тұрғанқұлов айтты.

– Тұрақ ақысын көлік жүргізушілерінің 10 пайызы ғана төлейді. Мысалы, соңғы бір аптада 2365 көлік тіркелді. Одан күніне шамамен 60 мың теңгеден жиналды. Бірақ бұл қаржы 500 мың теңге көлемінде болуы тиіс еді, – дейді ол.
23 сәуірден бастап ақы төлеу­ден жалтарғандарға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім шығарылған болатын. Бір жыл ішінде осы ереже қайта бұзыл­ған жағдайда, салынатын айып­пұл мөлшері 5 айлық есептік көрсеткішке артады. Ақылы автотұрақтарды енгізген күннен бастап 4800-ден аса төлемді бұзу туралы дерек тіркеліпті.
Айта кету керек, ҰОС ардагер­лері, бірінші және екінші топ мүгедектері, «Алтын қыран» және «Халық қаһарманы» ордендерінің иегерлері мен «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, Семей ядролық полигонындағы жарылыстардан зардап шеккендер, сондай-ақ Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері ақылы тұрақтарға көліктерін тегін қоюға құқылы. Алайда олар жұмыс күндері Шарль де Голль көшесі, 1а мекенжайына барып, алдын ала тіркелулері керек.
Тікелей эфир барысында әуе толқынындағы тыңдармандар тарапынан «Паркомат неге тек монеталарды ғана қабылдайды? Ал егер тұрақтағы орынды белгіленген уақыттан ерте босатқан жағдайда алдын ала төленген ақша қалдығы көлік иесіне қайтарыла ма?» деген сұрақтар қойылды. Оған Ардақ Тұрғанқұлов былай деп жауап берді:
– Жалпы, тұрақ ақысын паркомат арқылы қолма-қол ақша немесе банк картасымен, SMS жолдау немесе жеке кабинет арқылы, сондай-ақ «Касса 24» терминалдары және «Астана көлік тұрақтары» мобильдік қосымшасы көмегімен төлеуге болады. Қазіргі уақытта 5181 адам мобильді қосымшаны пайдаланады. Егер паркомат арқылы төлесеңіз, ол қайтарылмайды. Тек SMS жолдау арқылы төленген қаржы ғана көлік иесінің есеп-шотына қайта аударылады. Ал паркоматтың неге тек монеталарды қабылдайтынына келсек, купюралардың жасанды ақша еместігін тексеруге біраз уақыт кетеді және 100 теңгелік ақы үшін паркоматқа 10-20 мың теңгелік купюра салынса, оған қалдығын қайтарып беру қиын. Тұрақ құны таңғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін – сағатына 100 теңге. Төлем көлікті тұраққа қойған сәттен бастап алғашқы 30 минут ішінде жүргізілуі тиіс. Ал түнгі уақыт пен демалыс және мереке күндері тұрақты пайдалану тегін, – дейді А.Тұрғанқұлов.
Эфир барысында қоңырау шалған тыңдармандардың бірі: «Нұржол» желекжолының бо­йында дәмханада жұмыс істеймін. Жұмыс орнымыздың алдындағы ақылы автотұрақтың орнын жалға алуға немесе сатып алуға мүмкіндігіміз бар ма?» деп сұрады.
– «Нұржол» желекжолының бойындағы 24 тұрақта 480 орын бар. Бұл орындарға қоятын көліктер саны көп болғандықтан, әзірге жалға беруге мүмкіндік жоқ. Алдағы уақытта орын саны көбейген соң, осы мәселені қарастыратын боламыз. Жалпы, қаладағы ақылы тұрақтардың санын келер жылы 10 мың орынға дейін көбейтпек жоспарымыз бар. Мысалы, Сарыарқа ауданында – 4 мың, Байқоңырда – 500, Алматы ауданында 2-3 мың орын болады деп көздеп отырмыз. Қазір да­йындық жұмыстары жүргізілуде, – деді радиохабар қонағы.

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button