Рухани жаңғыру

ЕЛОРДА – ЕЛ ЛОКОМОТИВІ



Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Астана тарих толқынында» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Жиынға ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Бүгінде Астана – әлем таныған жас қала. Жыл санап емес, күн санап көркейіп келе жатқан шаһардың келешегі жарқын. Ел экономикасына жаңа серпін әкелген қаланың абыройы да биік. Республиканың әр тарабынан арман қуып келген қаншама жас өз тағдырын елордамен байланыстырды. Бас орданың дамуына өз үлесін қосуда. Дөңгелек үстелде бүгінгі Астана мен кешегі Ақмоланың тарихы сөз болды. ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев «Астана – Қазақ елінің локомотиві» деген бағытта сөз сөйлесе, осы институттың тағы бір ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетова «Астана тұрғындары және бәсекеге қабілеттілік» тақырыбында ой қозғады.
– Астана жаңарған елі­міздің келбетін көрсетеді. Аз уақытта әлемдік маңызды жиындар өтетін қалада қарапайым жұмысшыдан бастап, жоғары білімді мамандарға дейін бәсекеге қабілеттілік орта қалыптасып келеді. Бүгінде елорда миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды. Әрине, мәселе санда емес, сапалық көрсеткіште. Бұл жа­ғынан да жақсы нәтижелерді байқаймыз, – деді тарих ғылымдарының кандидаты.
Ал белсенді азамат Жұма­мұрат Шәмші өз сөзінде бүгінде бас шаһарды танымайтын ел жоқ екендігін айтып, жиналғандарға елорданың басқалардан маңыздылығын ерекшеледі. «Астана – Шанхай ынтымақтастық ұйымының, әлемдік діндердің көшбасшылары жиналатын ордаға айналды. Мәселен, кешегі күні Сириядағы жағдай да бас қалада жетінші мәрте талқыланды. Әлемді бірлікке, ынтымаққа шақырудағы, қазақтың «төртеу түгел болса – төбедегі келер» деген қағидасына бағытталған көпвекторлы саясаты елордада жүзеге асуда» деді ол. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті Бауыржан Еңсепов еліміздегі астаналар тарихына қысқаша шолу жасады.
Қысқасы, жиынға қатыс­қан әрбір азамат елорданың тарихы мен бүгінгі гүлдей жайқалған бейнесі жайында көтеріңкі леппен сөйлеп, ойларын ортаға салып, пікір алысты.

А. ҚҰСАЙЫН




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button