Басты ақпаратМәдениет

ЕЛОРДА ТОЙЫ – ЕЛ ТОЙЫ



Астана күні мерекесіне санаулы ғана күндер қалды. Осы орайда Астана қалалық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Болат Мажағұловпен кездесіп, мерейлі мейрамның жай-жапсары туралы әңгімелескен едік….

ERM_2660

– Болат Бауыржанұлы, Астана күні жыл сайын жұртшылық асыға тосатын думанды шараға айналды. Дәстүрлі мереке биыл қандай ерекшеліктерімен есте қалмақ?
– Әрине, Отанымыздың жүрегі – Астана. Сондықтан оған барлық әлем көз тігеді. Назар аударады. Әлемде елорда секілді жалын атып тұрған жас қала сирек. Биыл да қала күні жоғары деңгейде тойланады деп отырмыз. Тұрғындар мерекеден көп дүниені қызықтай алады. Негізгі мерекенің өзегі «Ел жүрегі – Астана» деп аталады. Сондай-ақ, маңызды шара ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен алдағы жылы елордада болатын «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесі аясында аталып өтілмек.
Айтулы күнде халқымыздың бай асыл мұрасын насихаттауға күш салып отырмыз. Думанды мерекеде «Астана – мыңжылдықтар тоғысында» атты көшпенділердің өркениетті фестивалі өтпек. Онда халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен мәдениеті және салт-дәстүрі бейнеленеді. Тұрғындар мен қонақтар этно ауылға тігілген ақбоз үйлерді тамашалайды. Алғаш рет «Қымызмұрындық» фестивалі өтеді. Сонымен бірге «Серпер» деп аталатын халық аспаптары оркестрі фестивалінің туы желбіремек. Онда домбыра, қобыз, шертер, сыбызғы, жетіген және тағы басқа көне аспаптардың сазын тыңдай аласыз. Сондай-ақ, айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Біздің басқарма мен көрнекті ақын Жүрсін Ерманның ұйымдастыруымен «Конгресс холл» сарайында «Бағаналы ордам, басты ордам» атты республикалық айтыс өтеді.
– Мерекелік шараның шымылдығы қандай бағдарламамен ашылады?
– Ол кеше ғана «Сахнадан сәлем» деп аталатын театрлар фестивалімен ашылды. Шара 26 маусымға дейін жалғасады. Оған еліміздегі барлық театр ұжымдары қатысуда. Сондай-ақ, Ресей мен Украинадан келген театрлар да өнер көрсетеді. Барлық театр әртістері көрермендерге өздерінің үздік қойылымдарын тарту етіп, ғажайып әсерге бөлейді деп ойлаймын.
– Спорт жанкүйерлеріне қандай сый ұсынбақсыздар?
– Мерекеде салауатты өмір салтын қалып­тастыратын спорттық шаралар да жетерлік. Жанкүйерлер халықаралық «Жауынгерлік өнер» байқауын асыға күтіп жүргені анық. Сонымен бірге дуатлон жарысы өтеді. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерінен асық ату, қазақ күресінен «Қазақстан барысы» да дүбірлеп өтпек.
– Өткен жылы жасыл сулы желек бульварында өткен қазір заманғы «Astana Art Fest» өнер фестивалін көргендер оны ұмыта қойған жоқ. Аталған шара биыл да жалғаса ма?
– Сөз жоқ, жалғасады. Тұрғындарды тәнті ете білген фестиваль жаз бойы болады. Әрине, басты мерекелік шаралар 4 – 6 шілде аралығында өтеді. Оның аясында музыка және би фестивальдері, кітап және поэ­зия мерекелері, суретшілер симпозиумы, сондай-ақ, келушілердің көңіл-күйін көтеруге арналған басқа да қызықты шаралар ұйым­­дастырылмақ. Үздік аспазшылардың да шеберлік сыныптарын өткізуді жобалап қойдық.
– Әрине, Астана күніне тұрғындар да ерекше мән береді. Биыл жұртшылықты қандай тосын қызықтар күтіп тұр?
– Жалпы, осы бағдарламаның барлығы елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған. Сондықтан халайық «Арқайым –Күн қаласы» атты уақыт талабына сай жарақталған жаңа технологиялық 3D-шоуды тамашалай алады.
Соңғы кездері еліміздегі сән саласының мамандары әлемдік деңгейде үздіктер қатарынан көрініп жүр. Ол – еліміз үшін де үлкен жетістік. Астана күні мерекесі аясында Бейбітшілік және келісім сарайында отандық сән әлемінің үлгілерін насихаттап, осы салада аянбай еңбек етіп жүрген дарынды мамандарға «ELLE» журналы тағайындаған «ELLE STYLE AWARDS Kazakhstan» деп аталатын сән саласындағы алғашқы сыйлығы табыс етіледі.

new_DG_1_kz (2)
– Ал кішкентай жеткіншектерге арналған қандай бағдарлама бар?
– Мерекенің басты қонағы балғындар деп айтуға болады. Сондықтан олар ешқашан назардан тыс қалмайды. Дәстүр бойынша қаланың кішкентай тұрғындары мен қонақтарына арналған «Азия жаңғырығы» атты цирк өнері фестивалі өтеді. Оған жеті мемлекеттен келген осы саланың әйгілі әртістері қатысады. Сонымен бірге «Астана Арена» стадионында жастарға арналған заманауи музыкалық фестиваль жалғасын табады. Оған көпке танымал өнер жұлдыздары қатысады. Концертте франциялық диджей Дэвид Вендэтта өнер көрсетеді.
– Астана күнінде халқымыздың саз әлемінде өз орны бар композиторларға арналған шығармашылық кеш өтеді. Биылғы шара кімге арналып отыр?
– Иә, бұл да дәстүрге айналды десек болады. Өткен жылы Халық қаһарманы, композитор, дәулескер домбырашы, бір сөзбен түйіп айтқанда, ұлтымыздың ұлы перзенті – Нұрғиса Тілендиевке арналған еді. Биыл бір ғана «Әлия» әнімен халқымыздың жүрегінен орын алған, өмірден ерте озған көрнекті композитор Сейдолла Бәйтерековке арналған шығармашылық кеш өтеді.
– Думанды мерекеде шығармашылық кештер, музыкалық фестивалдар мен концерттер көп болады. Сіз солардың қайсысын ерекше атар едіңіз?
– Әр мерекелік бағдарламаның өз орны мен көрермені бар. Түйіндей келгенде, елімізге өте танымал «МузАрт» тобы 8 шілде күні «Қазақстан» орталық концерт залында өздерінің 15 жылдық мерейтойларына арнап, жұртшылыққа қызықты концерт ұсынбақ.
«АБК» тобының құрметіне Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина және Ұлы­тау тобы «Алау» мұз айдынында үлкен кеш өткізеді. Оқушылар сарайында еліміз­­дің әр түкпірінен келген талантты балғындарға арналған «Аялаған Астана» атты республикалық балалар байқауы өтеді. «Астана Опера» театрында «Астана ар­қауы» түркі әуендері фестивалі болмақ. Әрине, әдемі әзілсіз мерекенің бір бүйірі олқы соғып тұрады. 2 шілдеде «Конгресс холл» сарайында «Астана Юмор Фест» атты көңілді тапқырлар фестивалі ашылады. 5 шілде күні Тұрсынбек Қабатовтың «Көңілді Астана» әзіл кеші болады. 7 шілде күні «Көңіл­ді тапқырлар алаңы» атты еліміздегі үздік әзілкештердің қатысуымен чемпионат өтеді.
– Еліміздегі елшіліктер де мерекеге қатысуға ынта білдіріп отырған көрінеді…
– Иә, осы жылы айтулы шараға олар өте қызығушылық танытып жатыр. Мәселен, АҚШ елшілігінің бастамасымен Бейбітшілік және келісім сарайы мен «Бәйтерек» монументі алдында «Broadway Bound» атты бродвей мюзиклі өтеді. Италия елшілігі «Астана самалы» деп аталатын үрмелі оркестр­лер фестиваліне өз өнерпаздарын қосатын болып отыр.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button