Жаңалықтар

ЕЛУДЕН АСҚАНДАР ЕЛЕНБЕЙ ҚАЛМАЙДЫ



Елімізде елуді еңсеріп, алпысты алқымдағандардың жұмысқа орналасуда біраз қиындыққа тап болатындары жасырын емес. Осы мәселенің төңірегінде бұрнағы күні «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «50-ден кейін: зейнет алдындағы адамның жұмысқа орналасуда тап болатын қиындықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Жиынға Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Астана әкімдігі мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, HR саласындағы мамандар, сондай-ақ, кадрлық агенттіктер басшылары қатысты.

ҚР Конституциясының 24-бап, 2- тармағында еңбек үшін ақы төленгенде қандай да бір кемсітушіліктің болмауы тиіс делінген. Соған қарамастан, қоғамда жұмысқа орналасу барысында бірқатар дискриминацияға жол беріліп жатыр. Мұндай кедергілермен, әсіресе, зейнеткерлік жасқа тақап қалған адамдар ұшырасады. Жұмысынан айырылып, шарасыз күйде қалған қарттармен салыстырғанда, жастар бұл мәселеде тез жол тауып, бейімделіп кете алады. Жастар арасындағы жұмыссыздықпен күреске бағытталған бағдарламалар – оларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың бір дәлелі. Ал, зейнеткерлікке тақап қалған азаматтар назардан тыс қалып қойып отыр. Олар аз да болса табыс көзінен айырылып қалмау үшін жұмыстағы кейбір қолайсыздықтарға келісуге мәжбүр екені де шындық.
«Бүгінде еңбекке жарамды 8,5 млн қазақстандық бар. Ал олардың төрттен бірін 45 пен 59 жас аралығындағы азаматтар құрайды екен. Сондықтан да олардың білімін жетілдіретін арнайы оқу бағдарламасы қажет» дейді ұйымдастырушылар. Сонымен қатар, кездесуде талқыға түскен ұсыныстардың барлығы тиісті құзырлы органдарға жіберілетіндігі айтылды.
Ал «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жас шамасына қарамастан әрбір азамат қайта даярлық курсынан өте алатындығын мәлімдеді. Ол үшін бар болғаны «Жұмыспен қамту орталығына» барып өтініш білдіруі керек.

Күнайым СӘКЕН




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button