Жаңалықтар

ЭНЕРГИЯ КӨЗІ – АДАМДАР



Астана төрінде өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған ­көрмесінде  Грузия мемлекетінің Ұлттық күні аталып өтілді. Салтанатты шара­ға елімізге ресми сапармен келген Грузия Президенті Георгий Маргвелашвили мен ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова қатысты.

Салтанатты шара басында Қазақстан мен Грузия елдерінің тулары көтеріліп, мемлекеттік гимндер орындалды.  Шараның ашылу рәсімінде «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Грузия комиссары, Энергетика министрінің орынбасары Илья Элошвили сөз сөйлеп, екі елдің арасындағы қарым-қатынас тығыз әрі жемісті болып отыр­ғанын, Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесіне Грузияның қатысып жатқанына қуанышты екенін атап өтті.

Қазақстан тарапынан сөйлеген Инвестициялар және даму ми­нистрі Жеңіс Қасым­бек «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тікелей бастамасымен өткізіліп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесіне Грузияның қатысуы біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейі мен сенімін тағы да бір қуаттай түседі» деп айтты.

erm_2773

Грузия «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын растаған алғашқы мемлекеттердің бірі болып табылады. Сондықтан осы мемлекеттің көрмеге деген қызығушылығы жоғары екені байқалады. Жалпы, Астанаға көрме кезінде Грузиядан 10 мыңнан аса адам келетін болып отыр.

Тамара Гвердцители,  Грузияның халық әртісі:

0684e3e6fea057b19ed6cc808fb6fa75

– Қазақстанда бірнеше рет болғанмын. Бұл елді көркейіп, гүлденіп, дамып келе жатқан ел ретінде бағалаймын. Қазақстан – көпұлтты, достығы мен келісімі жарасқан ел. Астана да жыл өткен сайын көркейіп келеді. Астанаға келгенде жаңа үміт оянады. Мен бұл қалаға 1995 жылы келгенімде қазіргідей жағдай болмаған. Ал бүгінде адам танымастай көрікті қалаға айналған. Мейірімді, талантты, жасампаз қазақ халқына тек бейбіт өмір мен елдің өркендеуін тілеймін.

«ЭКСПО-2017» аумағында «Энергия көзі – адамдар» атты тақырыпта ашылған Грузия павильоны 500 шаршы метр жерге орналасыпты. Мұнда осы елдің энергетикалық әлеуеті – су, жел, күн арқылы пайдаланылатын энергия көздері көрсетілген. Павильон құрылысы Грузия жөніндегі кең ауқымды әсерлі бейне проекция негізінде жасалған.Грузин қолөнер шеберлерінің бұйымдары да павильон ішінде ұйымдастырылған жәрмеңкеден орын алыпты. Көрермен үшін грузин шарабының түр-түрі де ұсынылған.

erm_2851

Көрмеге келу­шілер грузин өнерпаздарының концер­тін тамашалауға да мүмкіндік алды. Концерт алаңында Тбилиси мемлекеттік оркестрінің сүйемелдеуімен Нани Брегвадзе, ­Тамара Гвердцители және Эки Мамаладзе секілді танымал әртістер ән шырқады. «Рустави» және «Лапреби» ұлттық ән-би ансамбльдерінің жас бишілері көрермен көңілін көтерді.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ




Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button