Жаңалықтар

АВСТРИЯНЫҢ АЛЫП МАШИНАСЫ

Кеше халықаралық көрмеге қатысушы Австрия елінің павильоны ашылды. 870 шаршы метр жерге адамдардың өзі іске қосатын техникалық музей іспетті алып қуат машинасы ел назарына ұсынылды.

erm_3200

Австрия павильоны келушілерді бір сәтке болса да жалықтырмайды. «ВWM» сәулетшілері жеңіп алған «Австриялық қуат машинасы» көрмеге келген жұрттың түрлі қондырғылар мен механизмдерді қосу арқылы жұ­мыс істейді. Бір қарағанда тұтас шығармашылық еңбек. Безендірілуінің өзі әртүрлі жастағы адамдарды еріксіз баурап алады. Соңғы инновациялар мен ноу-хау технологиялар көпшіліктің көңілінен шықты.

Павильонның ашылу салтанатында алдымен елдің Ұлттық күні ұлықталды. Австрияның туы көкке көтеріліп, әнұраны шырқалды.

erm_3172

– Қазақстан – Австрияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі. ЭКСПО көрмесі аясында Астана қаласы жаңа идеялар мен шешімдер алмасу үшін ең қолайлы алаңға айналады,– деді Австрия делегациясының басшысы Бернадетте Гирлингер. Оның айтуынша, Австрия елі көрмеге үлкен жауапкершілікпен дайындалған. Бұл салада тәжірибесі бай. Ауқымды шара аясында экономикалық және мәдени жетістіктерін паш етті.Айтпақшы, Қазақстан павильоны орналасқан болаттан жасалған алып шардың құрылысында Австрияның да қолтаңбасы бар. Нақты айтқанда, Австрияның «Ertex Solar» компаниясы сол сфера үшін 380 күн бойы сәулелік панель жасапты. Соның арқасында көрменің басты ғимараты жарықтандырылған екен.

erm_3245

Павильон туралы айтар болсақ, ең креативті павильон екені сөзсіз. Олар «Болашақтың энергиясы – Біз және Сіз!» ұранын ұстанған. Келушілерге қызықты болу үшін нағыз ойын алаңын ұйымдастыра білген. Мәселен, Австрия туралы бейнені көру үшін электр қуатын жеткілікті түрде жинау керек. Ол үшін павильонды тамашалауға келген қонақтар бірнеше велосипедті қатар тепкені дұрыс.

erm_2836

«Павильон – алып күш машинасы. Онда әртүрлі құрылғылар мен тетіктердің көмегімен келушілер ойын түрінде энергияны сезіне алады. Күш машинасы әр қонақтың қарым-қабілеті мен мүмкіндігін ашады. Тіпті энергияны ұқыпты пайдалануға үйретеді. Австрияның шығармашылық әлеуеті мен жаңа технологиялары барлық келушілерге керемет көңіл күй сыйлайды» дейді ұйымдастырушылар.

erm_3251

Ұлттық күн аясында іскерлік келісім де жасалды. Екіжақты экономикалық форумда екі ел арасындағы қаржылық жобалардың жүзеге асуы талқыланды.Сонымен, әрбір келушінің назарын аудартпай қоймайтын машина Австрияның шығармашылық бейнесін таныта білді. «Инновациялар қабырғасы» тұрғындарды энергия аясындағы болашақ мәселелерді шешуге өз үлесін қосуға үндеп қана қоймай, жобалар бойынша ақпарат алуға да мүмкіндік берілді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button