Басты ақпаратҚала мен Сала

«BUS LANE» – ТИІМДІ ЖОЛ ЖОЛАҒЫ

Жолаушылар тасымалы – қала дамуындағы аса маңыз­ды инфрақұрылым. Елорда ауқымы кеңейіп, тұрғындар саны артқан сайын осы саланың қызмет сапасына  талап күшейіп келеді.

kbb_8599

Статистикалық мәліметтерге қарағанда бір миллион тұрғыны бар қаламыздың 33 пайызы ғана қоғамдық көлікті күнделікті пайдаланып жүр екен. Сонымен бірге 350 мыңнан астам жеке иеліктегі көлік тіркелген. Демек, астаналықтың 35 пайызы – қалалық жолаушылар тасымалдау қызметіне жүгінбейді деген сөз.

Салыстырмалы түрде айта кетсек, әлемнің ірі қалаларында қоғамдық көлік қыз­метіне тұрғындардың тең жартысы, яғни, 50-60 пайыз­ға дейін қала ішінде автобуспен, метро, троллейбус, трамвай секілді көлік түрлерімен қатынайды екен. Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, алдағы төрт-бес жылдың көлемінде қалалықтардың 45 пайызын автобусқа отыр­ғызу қарастырылуда.

Ол үшін әрине, қоғамдық көлік қызметін тартымды етіп, жеке көлікке деген қажеттілікті азайту керектігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан да осы бағытта біраз жұмыстар басталып кетіпті.

Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын бас қаламыздың көлік жолдарында автобустарға арналған арнайы жолақ салынып, оны «Bus Lane» деп атап еді. Жеке көлік иелерін онсыз да ені тар көшенің шетіне ысырған бұл жоба туралы әртүрлі пікір айтылып жүр. Ал мамандар болса, автобус­тардың жолда жүру уақыты едәуір қысқарып, қозғалыс қауіпсіздігі күшейді, авто­бустардың қатынау уақыты 20 пайызға дейін артты деп қуанып жүр. Рас, «Bus Lane» тек қана автобустар емес, жедел қызмет көліктері де еркін басып, кептелістен суырылып өтіп, уақыттан ұта бастағанына куәміз. Енді бұл жолақты Жолаушылар көлігі басқармасымен шарт жасасқан 13 таксомоторлық компаниясының көліктері де пайдалана алатын болады.

Астаналықтарды автобусқа отырғызу оңай емес

Бүгінгі күнде қоғамдық көлікке арналған «Bus Lane» жолақтары 23 аймаққа енгізілді. Нәтижесінде жолау­шылар автобустарының орташа жылдамдығын екі есеге артып, күту уақыты 15-20 минуттан 7-10 минутқа дейін төмендепті. Енді ереже бұзуды болдырмас үшін осы жолдардың бойына 3000 бейнебақылау камерасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта тәртіп бұзғандар автоматты түрде тіркеліп, заң алдында жауап беретін болады. Қолданыстағы BusLane бөлінген жолақтарының желісі осыған дейін 38,4 шақырым болса, биылғы енгізілген 40,6 шақырымды қосқанда 79 шақырымды құрайды. Мұндай жолақтар Бөгенбай батыр, Республика, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдары бойына енгізілді. Басқарма өкілдері жылдың аяғына дейін қала көшелеріне «BusLane» жолағы енгізілмейтінін айтып отыр.

Астаналықтарды автобусқа отырғызу оңай іс емес. Осыдан екі жыл бұрын басталып кеткен астананың маршруттық бағытын модернизациялау арқылы осы саланың қызмет сапасы біршама көтерілді деуге болады. Қаланың кейбір көшелерінде біржақты қозғалыс енгізілді. Қала маңына қатынайтын көліктер көбейді, өткен жылдан бастап қосымша бағыттар ашылды. Осы ортада жүрген 840 көліктің 240 -ыескі көліктер болса, оны да біртіндеп жаңартып, автобус парктері де жаңғыртылуда.

Бұл бағытта мектеп оқушыларының да жайы қарастырылған. Бүгінгі күнде 117 мыңнан астам оқушының 26 пайызы мектепке ата-анасының жеке көліктерімен, ал 12 пайызы ғана қоғамдық көлікпен қатынайды. Алдағы күнде осы алшақтықты азайтып, балаларды жол-көлік апаттарынан қорғау мақсатында таңертеңгілік мектепке барар және кері үйіне қайтар жолындағы кептелістерді азайту үшін мектеп оқушыларын тасымалдаудың жаңа жүйесі қарастырылуда.

РЕСМИ ТАКСИЛЕР ЖҮРЕ АЛАДЫ

Ресми тіркелген такси көліктерінің қала көшелерінің «Bus lanе» жолақтарымен жүру құқығы қаралып, оң шешімін тапты. Енді ҚР «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 26-бабына сәйкес жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар такси тасымалдаушы ретінде қызмет көрсетудің алдында жергілікті атқарушы органға қолданыстағы «Рұқсат және хабарлама туралы» Заңымен белгіленген тәртіпте қызметі туралы хабарлама жіберуге міндетті. Осы арқылы ресми тіркеліп, «Bus lanе» жолағын басып өтіп, қызметі мүдделі жеріне тез жетіп, қызмет сапасын арттыруға жол ашылады. Бұл дегеніміз – көлікті талапқа сай безендіріп, оған есептегіш құралын орнатып, жүргізушісі де бір үлгідегі киім киіп, өзгелерден ерекшеленіп тұруы шарт. Бұл да – қоғамдық көліктің бір түрі болып табылатын такси қыз­метін реттеу арқылы оның сапасына ықпал ету үшін ойластырылған уақыт талабы.

Шындығында, қаламыз­дағы такси қызметінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Осы жолда нан тауып жүргендердің дені орта жолдан қосылған, тиісті органда ресми тіркелмеген. Яғни, салық та төлемейді. Бұл көрсеткіш 90 пайызды құрайды. Ресми көліктердің саны 400 бірліктен сәл асады. Яғни, мың тұрғынға шаққанда көліктер саны 0,6 бірлікті құрайды. Жалпы «TAXI» көліктерінің тапшылығы 3400 бірлік көлікті құраса, оның тұрақтары да аса қат.

Әрине, барша ірі мегаполистерге тән нәрсе – жеке көліктердің саны көбейген сайын, қала көшелері әлеу­меттік қатерге тола бастайтынын түсіну керек. Көшедегі кептелістер, жол бойындағы апаттар, қоршаған ортаның ластануы астаналықтар үшін де аз сынақ емес. Дегенмен, үлкен шаһарымыздың көшелеріндегі қолға алынған батыл қадамдар қалалықтардың «Bus lanе»-ға байланысты күмәнді пікірлерін сейілтеді деген сенімдеміз.

Айгүл УАЙСОВА 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button