ҚоғамРесми бет

Еңбекқор, көпшіл жан болатын…



Қоғам қайраткері Бектұрғанова Үміт Жақсыбайқызы 1940 жылы 3 наурызда Сарыарқада кіндік қаны тамып, 2022 жылы 1 наурызда дүние салды, міне, бір жыл да өте шықты. Бар өмірін мемлекеттік қызметке арнаған  қазақтың асыл, қайратты қызы, мейірімді пейілімен, ақжарқын бауырмашыл жүрегімен халықтың, әсіресе аға буынның жадында мәңгілікке қала береді.

1961 жылы Қарағанды Педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдап, еңбек жолын Ақмола облысының білім саласында, Атбасарда қазақ мектеп-интернатының мұғалімінен бастап, Атбасар ауданының комсомол ұйымының бірінші хатшысы, Алматы қаласында жоғарғы партия мектебін бітіргеннен кейін Атбасар аудандық партия комитетінің хатшысы мен кенес қызметінде жалғастырып, соңғы он екі жыл Ақмола облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы қызметін атқарып, осы қызметтен зейнеткерлікке шықты.

Ізденімпаздығы, еңбекқорлығы, жауапкершілігі кімді болсын тәнті қылатын. Жаны жайсаң, жан-жағына нұрын шашып, танығанына жылы сөзін аямай, кімге болсын қол ұшын созып көмек беруге дайын тұратын абзал жан еді.

Үміт Жақсыбайқызы өмірінің соңғы жылдарында өзінің белсенділігін арттырып, республикалық Ардагерлер ұйымының белді мүшесі, аппаратта жауапты қызмет атқарды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, көптеген іс-шараларына қатысып, өзіндік орнын тапқан іскер мемлекеттік қызметкер болды.

Еселі еңбегінің арқасында «За трудовое отличие» медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және де көптеген мерейтойлық медальмен марапатталған, қай салада қызмет етсе де, өзіне жүктелген міндетті адал, абыроймен атқарды.

Бергенінен берері көп  қоғам қайраткері, тыңдаушысын елітер ақылман еді. Иманы кәміл, ұстанымы мығым, ұлттық тәрбие, салт-санаға берік болған жан еді.

Астана қалалық

Ардагерлер кеңесі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button