ӘлеуметБасты ақпарат

Ерекше жандарға – ерекше қолдау

Бүгінгі таңда елордада 30 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Мәлік мәлім етті.

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының стратегиялық міндеті мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік дамыту және қолдауға бағытталған. Бұл ретте басқарма басшысының орынбасары қазіргі кезде елордада 33358 мүгедектігі бар адам тұратынын, оның ішінде ересектер 24647 және балалар саны 8711 адам екенін атап өтті.

– Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы №84/10 шешімімен бекітілген Астана қаласының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына сәйкес бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды ертіп жүретін санаторлық-­курорттық емделуге жұмсалған шығындарды өтеу түріндегі төлемдер мөлшері ағымдағы жылдың 4 қарашасынан 35 АЕК-тен 55 АЕК-ке ұлғайтылды. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға оңалту және абилитация жеке бағдарламасына сәйкес оңалту қызметтерімен, оның ішінде әлеуметтік және кәсіптік қызметтерімен қамтамасыз етіледі, – деді Еркебұлан Мәлік.

Техникалық көмекші, яғни компенсаторлық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету бөлігінде әлеу­меттік оңалту шараларымен әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 2022 жылы 17 мың мүгедектігі бар адам, биыл 28 мыңнан астам ерекше жан қамтылды. Мүгедектігі бар, жүріп-тұруында қиындықтары бар адамдарға және мүмкіндігі шектеулі балаларға инватакси көлігі тегін қызмет көрсетеді.

– «Инватакси» қызметі 5 бағыт бойынша 117 инватакси автокөлігін, атап айтсақ, 16 мамандандырылған және 101 жеңіл автокөлікті пайдалана отырып, күніне орта есеппен 1167 тасымалдау көрсетіледі. Қызмет алушыларды толық қамту, сондай-ақ инватакси қызметін көрсету механизмін өзгерту, сапасы мен жылдамдығын арттыру аясында елордада 2023 жылдың 10 шілдесінен бастап Яндекс Go қызметі арқылы қанатқақты жоба іске қосылды. Оған 195 мүгедектігі бар адам, оның ішінде 128 мүгедектігі бар бала, 23 көру қабілеті шектеулі және 18 жастан асқан ДКК ұсынысымен 61 мүгедектігі бар адам қатысты. Осы уақыт аралығында жалпы сомасы 6,5 млн теңгеге 11144 тасымал жүзеге асырылды, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Қала әкімдігі 2023-2027 жылдарға арналған мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта сапасының мониторингін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын бекітті. Алматы, Сарыарқа, Байқоңыр және Есіл аудандары әкімдерінің аппараттарында нысандарды паспорттау бойынша жұмыс топтары құрылды. 2023 жылға 219 нысан көлемінде паспорттау және бейімдеуге жататын нысандардың тізбесі дайындалды. Бүгінде жұмыс топтары барып, 219 нысанның 200-і немесе 78,8 пайызы сараптамадан өтті, оның ішінде 104 нысан бейімделді. Жұмыс жалғасуда. Аудан әкімдіктері берген, мониторинг топтарының және ҚНжЕ ескертулеріне сәйкес, нысандардың меншік иелері (баланс ұстаушылары), ескертулерді жою бойынша жұмыс жүргізілуде.

– Басқарма – ведомстволық бағынысты 10 мекеменің қызметін үйлестіруші. Оның ішінде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандартына сәйкес, 6 ұйым арнаулы 8 түрі бойынша әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Ағымдағы кезеңде 3928 мүгедектігі бар адам (оның 2805-і – бала) арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды (мемлекеттік мекемелер – 1583 адам, ҮЕҰ – 2345 адам). Жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтерді ҮЕҰ қаржыландыру жүзеге асырылады. Астанада арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін үкіметтік емес ұйымдар саны 2019 жылы 5-еу болса, 2023 жылы 8-ге және қызмет алушылардың саны сол жылдан 1823 адамнан 2345 адамға өсті, – деді Еркебұлан Мәлік.

Жеке оңалту және абилитация бағдарламасына сәйкес, еңбекке жарамды жастағы мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары қарастырылған. 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 1288 мүгедектігі бар адам қамтылды. «Электрондық еңбек биржасы» интернет-порталында (www.enbek.kz) мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша 418 жұмыс орны бойынша 132 бос жұмыс орны бар. Бүгінге дейін елордада 39 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button