Еуразия кеңістігінің ертеңі қандай?
Кеше Назарбаев орталығында «Үлкен Еуразия: текетірес немесе серіктестік» тақырыбында «Астана клуб» халықаралық пікірталас алаңының үшінші отырысы өтті. Оған 27 елден алпыстан астам өкіл қатысты. Чатхэм хауз ережесі (Chatham house Rules) бойынша өткен жиналыстың қатысушылары алдында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, жаһандық сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер туралы өз ойымен бөлісті.
Еліміз соңғы жылдары жауласқан тараптар арасында бітімгершілік саясатын ұстануға айрықша мән беріп, халықаралық қауымдастық алдында біршама бедел жинағаны жасырын емес. Таяу Шығыстағы шиеленіс бойынша өтіп жатқан Астана процесі, Ресей мен Түркия арасындағы ағайынгершілік – соның жарқын мысалы. Назарбаев орталығы мен Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының ұйымдастыруымен өтетін дәстүрлі халықаралық жиынға көрнекті саясаткерлер, дипломаттар мен саясаттанушылар, АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан, Еуропа елдері, Таяу Шығыс, Орталық және Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің «ақыл-ой орталықтарының» жетекші сарапшылары мен ғалымдары қатысады. Сондықтан үшінші мәрте өткізіліп жатқан «Астана клуб» пікірталас алаңы да осындай жоғары мәнге ие.
Атап айтсақ, клубтың бұл жолғы отырысына тұңғыш рет үш елдің бұрынғы мемлекет басшылары – Абдулла Гүл (Түркия), Вацлав Клаус (Чехия) және Данило Тюрк (Словения) қатысты. Ал халықаралық деңгейдегі сарапшылар қатарынан геосаяси талдау және болжау бойынша консалтингтық қызмет көрсететін америкалық «Stratfor» компаниясының негізін қалаушы Джордж Фридман, АҚШ халықаралық және стратегиялық зерттеулер орталығының жетекші сарапшысы Эдвард Люттвак, BBC арнасындағы саясаткерлермен ашық әңгіме жүргізетін «Hard Talk» бағдарламасының жүргізушісі Стивен Сакурды атауға болады.
Пікірталасқа қатысушылар алдында сөз алған Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан сыртқы саясатта диалог, ымыра және тең дәрежелі әріптестікке мән беретінін айрықша атап өтті. «Біз ғаламдық мәселелерді шешуде әлемдік қауымдастықты бірігуге, төзімталдыққа шақырғымыз келеді. Мұны Сирия шиеленісі бойынша бітімгершіліктен, ядролық қаруға қарсы бастамамыздан, мәдениеттер арасындағы диалогқа қосқан үлесімізден және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге үн қосуымыздан байқауға болады» деді Елбасы. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміздің 2017-2018 жылдарға БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне уақытша мүше болып сайлануы арқасында халықаралық қатынастардағы «тектоникалық өзгерістерді» жақыннан бағамдауға септігін тигізді.
Алайда Батыс-Шығыс арасындағы геосаяси, экономикалық, ең сорақысы, идеологиялық қарама-қайшылықтардың ұлғаюы әлемдік даму архитектурасына кәдімгідей теріс әсерін тигізуде. «Әсіресе, дамыған елдер мен дамушы елдер арасындағы айырмашылық халықаралық терроризм мен экстремизмнің туындауына әкеп соғуда. Қазіргі аймақтық және халықаралық қауіпсіздік шаралары аумалы-төкпелі жағдайға бейімделе алмай отыр» деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы.
Жиын барысында Президент әлем бетпе-бет келіп отырған біршама сын-қатерлерге тереңірек тоқтала кетті. Атап айтсақ, бақылау шегінен шығып кеткен жаһандық миграция, дамушы елдер мен дамыған елдер арасындағы демографиялық тепе-теңдіктің болмауы, Корей түбегіндегі жағдай, ауқымы мен зардабы жағынан Үшінші дүниежүзілік соғысқа барабар деп бағалауға болатын толассыз терактілер мен қарулы қақтығыстар, алпауыт елдердің қарулы күштер бюджетінің ұлғайтылуы, су тапшылығы күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселелер қатарына жатады. Президент айрықша тоқталып өткен сын-қатерлер арасында «санкция соғысының» салдары да айтылды. «Әлемдік экономикалық және технологиялық кеңістікте бөлініс пайда болуда. Бәсекелес экономикалық орталықтардың маңайында жаңа сауда жүйесінің қалыптасып жатқанын көріп отырмыз. Бұл ДСҰ рөлінің төмендеп, протекционизмнің күшеюіне әкеп соғуы мүмкін. Саяси қысым жасау мақсатында экономикаға кедергі келтіріп отырған «санкция соғысы» халықаралық сауда мен әділ бәсекелестікке қауіп төндіріп отыр» деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Осының бәрі «Астана клуб» секілді жабық форматта өтетін, саясаткерлер мен сарапшылар ашық пікірталасқа түсіп, бағдар анықтап алатын алаңның ауадай қажеттілігін білдіреді.
Жалпы алғанда, клуб қатысушылары алдағы он жылдықта Еуразия құрлығының дамуындағы негізгі бағыттар мен үрдістерді кеңінен талқыға салады. Мысалы, клубтың бұл жолғы отырысының «ЕО – Үлкен Еуразия: серіктестік пен даму векторлары» атты панельдік сессиясы барысында «Брекзит және Еуропадағы популизмнің өсуі – Еуразия үшін салдары қандай?», «Еуропа мен Еуразия арасындағы Түркия: таңдау жасау мүмкін бе?», «10 жылдан кейінгі Еуроодақ пен Еуразия: жаңа әлем құрылысының сызбасы» секілді сүйекті тақырыптар қаузалды.
Чатхэм Хауз форматында өтетін мұндай жиындардың ерекшелігі – айтылған мәселелер сыртқа шықпайды, яғни анонимділік сақталады. Соның арқасында тараптар шынайы әрі кәсіби сұхбат құруға мүмкіндік алады. Сондықтан «Астана клуб» отырысының жай-жапсары бұқаралық ақпарат құралдарының да назарынан тыс қалды.
Әділбек ЖАПАҚ