Саясат

«ГАМБУРГ ЕСЕБІ» ЕЛГЕ НЕ БЕРЕДІ?



Орыс тілінде жазушы Виктор Шкловский 1928 жылы қолданысқа енгізген «Гамбург есебі» деген қанатты сөз бар. Ол осы аттас жинағында күшті палуандардың жылына бір рет қала трактирлерінің біріне жиналып алып, өзара күш сынасатын дәстүрі жайлы әңгімелейді. Кейін бұл фразеология «бір сәттік табыстар мен ашкөздік мүдделерден ада, азат, шынайы құндылықтар жүйесін» білдіретін ұғымға айналды.

Өткен аптадағы дәл осындай алысты болжайтын мақсат ұстанған ашық сипаттағы оңаша кездесу АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің арасында өтті. Ол әлемнің саяси өміріндегі ірі оқиға – Гамбургтегі G20 елдері басшылары бас қосқан екі күндік саммиттің аясында қанат жайды. Оның соңында екі өзекті мәселе – жаһандық жылуға қарсы күрес пен еркін саудаға қолдау көрсету жөнінде қорытынды декларация қабылданды. Бұларды осыған мұрындық танытқан Германия канцлері Ангела Меркельдің табысы ретінде атап өткен ләзім. Алайда жоғарыда айтылған екі президенттің тет-а-тет жағдайында ұшырасуында көтерілген мәселелердің салмағы бұлардан кем бола қойған жоқ.

Екі лидер екі сағаттан астам уақыт бойы Украинадағы, Сириядағы жағдайларды, терроризммен күрес жайын талқылады. Олар көтерген мәселелер арасында киберқылмыс пен киберқауіпсіздік тақырыбы да болды. Әңгіменің басында президенттер бұл салада арнайы жұмыс тобын құру керектігі жөнінде де ұйғарым ұсынды. Бірақ Ақ үйдің егесі біраздан соң жұмысты онсыз да жасай беруге болатынын алға тартып, назарды басқа жаққа аударып жіберді. Сөйтсек, Ресей мен АҚШ арасында 2013 жылы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікке қатер төндіретін барлық саланы қамтитын ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану жүйесі дүниеге келген екен. Ол сондай-ақ, мемлекеттің маңызды инфрақұрылымына шабуыл жасау мен террорлық әрекеттердің алдын алуға да қыз­мет ететін көрінеді. Содан бергі аралықта Вашингтон қожайыны өзгеріп кетіп, соған байланысты кадрлар алмасып, ресми диалогтың қарқыны біршама түсіп кеткеніне қарамастан, ешкім бұл келісімді алып тастаған жоқ. Мұның тиімді келісім болғанын 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиадалық ойындардың барысы да көрсетті. Сол Ойындарға қатысқан журналист ретінде Адлер жерінде қауіпсіздік шаралары өте жоғары деңгейде болғанына біздің өзіміз де куәландыра аламыз.

Киберқауіпсіздік үшін күрес бүгінде бүкіл әлем үшін аса маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Ондағы басты мақсат – сол қауіпсіздіктің алдын алу. Ал бұл күресте жаһандағы жетекші державалар – АҚШ пен Ресейдің алатын орындары орасан зор. Егер осы мемлекеттер арасында қақтығыс, соның ішінде кибернетикаға қатысты кикілжің орнай қалса, оның залалы мен зардабын күллі дүние көреді. Салауатты ойларға сараптама жасай білетін америкалықтар мұны ұғынбай тұра алмайды. Сондықтан екі елдің арасындағы қарым-қатынас қаншалықты күрделі болып тұрған кездеріне қарамастан, қашаннан мұндай жаһандық маңызы бар мәселелердегі ымыраластық жойылған емес. Осыған арналған мәселе талқылау ұдайы жалғасуда. Мысалы, биылғы маусым айында ғана БҰҰ шеңберінде екі ел үкіметі сарапшылары тобының отырысы болды. Бұл ретте Ресей ақпараттық қауіпсіздіктің халық­аралық жүйесін құру жөнінде де біраздан бері ұсыныс білдіріп келеді. Бұдан жеткен жетістік: БҰҰ-ның үкіметтік сарапшылар тобы енді халықаралық ақпарат қауіпсіздігі жөнінде қорытынды баяндама жасайтын болады. Ол ұсыныс ретінде беріледі. Бірақ ақпарат қауіпсіздігін халықаралық деңгейде қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын белгілеп беретін маңызды құжат болмақ.

Өкінішке қарай, мұндай бітімгерлік ниетті әлемнің барлық елдері бірдей қолдап отыр­ған жоқ. Олардың ортасында цифрлы салада «мықтылық» байқатып, қоқан-лоқы жасауды дұрыс көретіндері де кездеседі. Мұндай керітартпалар өздерінің әлгіндей шиеленістердің алдын алуға емес, оны реттеуге негізделген жоспар-жобаларын ұсынып әлек. Басқаша айтқанда, Батыс өкілдері ақпараттық кеңістікті халықаралық қауымдастықтың көз алдындағы тағы бір «тартыс алаңы», ұрыс қимылдарын жүргізудің құралы етіп қоюға ынталылық танытады. Бұған қоса, Батыс елдері халықаралық ақпарат қауіпсіздігі процесінің келіссөзінде БҰҰ-ның ролін барынша төмендетуге күш салып отыр.

Бұдан бірқатар уақыт бұрын әлемді жаңа кибершабуыл шарлап кетті. Сол жолы Wanna Cry вирусы 150 елдің 200 мыңнан астам әлеуметтік желі пайдаланушысын шарпып өтті. Шабуыл жүйелі түрде жасалып тұрды. Қаскөйлер әрбір елдегі маңызды инфрақұрылымдарды таңдап алып, кибершабуыл үшін ешқандай тосқауыл жоқ екенін күллі әлемнің алдында дәлелдеп көрсетті. Алдағы уақыттарда мұндай шабуылдарға тек банктер ғана емес, сонымен қатар аурухана, электр қуатын беретін нысандар, көлік тораптары ұшырауы ықтимал. Хакерлер тіпті күштік құрылымдардың өздеріне ауыз салулары әбден мүмкін.

Гамбургтегі кездесуде, міне, осы проблемалардың бәрін оңды шешуді бірлесе атқару жөнінде ұйғарым жасалды. Бізге ол осынысымен бағалы. «Гамбург есебі» бізге сонымен қатар XXI ғасырда киберкеңістіктегі қоқан-лоқы мен қауіп-қатердің тек ұлғая түсетінін көрсетті. Қазірдің өзінде бұл кеңістіктен келген шығынның көлемі шарықтап аспанға шығып кетті. Ол миллиардтаған, триллиондаған доллар ақшаның ауқымына жетті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев күні кеше Қауіпсіздік кеңесінің арнайы отырысында киберқауіпсізді қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылауы да тегін емес. «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қоғамға, адам өміріне кеңінен енуде. Мұның өзі бізден киберқауіпсіздікті талап етеді» деді Мемлекет басшысы.

Серік  ПІРНАЗАР




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button