ЖаңалықтарМәдениет

ПЕРҒАУЫНДАР АСТАНАҒА ЖАЙҒАСТЫ

Жаратылысы жұмбақ, талай болжам, пікір, аңыз-әпсаналар арқалаған Мысыр перғауындары да «ЭКСПО»-ның көшінен қалмай, Ұлттық музейге табан тіреді.

Египет перғауындары сол кезеңнің түсінігіне сай «құдайдың ұлы» деп саналған. Перғауындар өздерін ұшан-теңіз байлық иесі, биік мансапқа ие құдіретті күшпін деп есептеген. Египеттегі әрбір қаланың бірнеше құдайы болған. Бізге арнайы жеткізілген құдайлар – Исис (әйелдер құдайы), Сесострис, Осирис, Птах, Мемфис, Шу, Тутанхамон мүсіндері. Өңдері суық, жүздері сұсты. Мүсіндерге қарап, перғауындар үшін өмірге қарағанда өлгеннен кейінгі «мәңгілік ғұмыр» маңызды болғандығын, тіршілікті алдамшы сеніммен өткізгендігін байқау қиын емес. Барлық мүсіндерге ортақ сипат – паңдық, тәкаппарлық .

Перғауындар мүсіндері екі ел арасындағы мәдени, тарихи байланыс пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде Мысыр үкіметінің атынан Қазақстанға сыйлық болмақ. Бізге әкелінген жәдігерлер – түпнұсқалардың көшірмесі. Оларды Мысыр Араб Республикасының Ежелгі ескерткіштер министрлігі Мысыр ұлттық музейінің қайта қалпына келтіру цехында арнайы жасатып, Қазақстандағы мұражайға тапсырды.

Мәңгілік өмірдің күйін күйттеп, онда қажет болатын керек-жарақтарды қамтамасыз ету үшін мысырлықтар, ең алдымен, өлген адамның денесін өз қалпында сақтауды үйренді. Оны бальзамдап, мумияға айналдырды. Сосын өлген адамнан айнытпай оның мүсінін жасауға кірісті. «Неғұрлым дене жақсы сақталып немесе мүсін сапалы жасалса, оған жаны қайтып оралады» деген түсінік болған. Осының нәтижесінде әруаққа табыну кең етек алған.

Көрменің төрінен Тутанхамонның күймесі орын алған. Тутанхамон – Жаңа патшалық дәуіріндегі Мысыр перғауыны. Шамамен б.з.б.1400-1392 жылы билік еткен. 12 жасында таққа отырып, 20 жасында қайтыс болған. Қалай өлгені жұмбақ күйінде қалса керек. Көрмеге қазба жұмыстары нәтижесінде табылған Тутанхамонның өрнекті сандығы, жартылай асыл тастармен әшекейленген перғауынның алтын жалатылған ағаш күймесі, тағы, сыртқы саркофагы, алтын жаға қойылған.

Сол кезеңде халықтың сеніміне тотемизм ықпал етіп, құдайлар сұңқар, өгіз, сиыр, қой, аң кейіпінде жасалынған. Кейінірек құдайлардың мүсіндері жартылай адам, жартылай аң бейнесінде көрініс тапты. Мысыр мәдениетінің басым бөлігін қамтамасыз ететін перғауындардың түрлі мүсіндері осы ұғымнан бастау алған. «Өлгеннен кейін өмір жалғасады» немесе «қайта тірілу» түсінігінің нәтижесінде зәулім пирамидалар салынған. Перғауындар өз мазарының барынша асқақ және берік болып салынуына назар аударған. Пирамидалар – тек Египет мәдениетінің озық үлгісі ғана емес, бүкіл әлемді таңдандырған жұмбаққа толы ғажап құрылыс. «Әлемнің жеті кереметіне» жататын мазарлар әлі күнге дейін еш өзгеріссіз тұр.

Ләйлә НОҒАЙБЕК,
ҚР Ұлттық музейі­нің қызметкері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button