Мәдениет

Гүлбаршын Қылышбай: «Театрға бір келген жан оған сөзсіз ғашық болады»

Ақмоланың түбіндегі Ақкөлде туып, әртіс боламын деген арманы Алматыға, «Әкемтеатр» жанындағы студияға оқуға әкелді. Артынан Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтын тәмамдады. Асыл арманына зор сеніммен қадам басқан ол содан бері 40 жылдан астам уақыт ішінде сахна төрінде тарихи, салмақты образдардан бастап эпизодтық шағын рөлдерге дейін сомдап, әр түрлі жастағы әйелдердің өмірін олардың көңіл қалтарысындағы түрлі сезім иірімдеріне қарай дөп басып, көрерменге дәл сол күйі жеткізе алды. Қозының Баяны, Абылайханның қарындасы Айтолқын, күйші Дина, Мұқағалидың Лашыны, «АЛЖИР»-де Ораз Жандосовтың енесі, «Ана – жер анадағы» Толғанай, Әлиман, «Сүрінген сүр бойдақтағы» Дзерасса және тағы да басқа сан алуан образдар. Бұл Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының талантты актрисасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлбаршын Қылышбайдың қазақ театр өнерінде өзіндік қолтаңбасымен танылуына жол ашқан дүниелер.

– Әкеңіз Рәшкен марқұмның дәрігер бол дегеніне көнбей, актрисалық жолды таңдадыңыз. Бұл – сұлулығы және өнерімен көпті тамсандырып, алайда әншілік жолға түсе алмаған Әлима анаңыздың арманы ма? Әлде қандайда бір күш немесе сезім өнер жолына келуіңізге әсер етті ме?
– Балалық сезім, түпсана дейді ғой. Осы жолды таңдауға сол белгі берген шығар. Негізі басында 5-6 сынып оқып жүрген кезде «Мәдениет және тұрмыс» деген журналдан балериналардың суретін көріп, балерина боламын дегенмін. Жетінші сыныптан қабылдайды дегенді есітіп, әкеме айтып едім, рұқсат бермеді. Мәдениет үйіне жақын тұрдық. Драма үйірмесіне бардым сосын. Содан әртіс боламын деп шештім. Міне қазір уақыт көрсетіп жатыр ғой. Бәрі бекер емес. Шынында да менің жолым осы екен. Аллаға шүкір. Өзіме ұнайды жұмысым. Небір қиын кезеңдер де өтті, оңай жұмыс жоқ қой. Көп адамға әртістер үнемі күліп-ойнап жүретін, проблемасы жоқ адамдар сияқты көрінеді, ал негізі бізде де қиындықтар болады. Жасың келе өткеніңе есеп бересің, сонда ойлап қарасам, барлық жақсылықты осы өнер жолында жүріп көріппін. Күндіз-түні ерінбей, талмай жұмыс істеп, соның қазір рахатын көріп жатырмын деуге болады.
– Шығармашылық жолыңыз Шымкент театрында Әлжаппар Әбішевтің «Мәди» спектакліндегі Келбет есімді қыздың рөлін сомдаудан басталды. Сонда автор дүйім жұрттың алдында: «Мен Келбетті жазғанда оның 16 қасиетін көрсеттім, ­Гүлбаршын қарындасым соның бәрін аша білді» деген екен. Одан бері сондай мойындау­лар көп болды ма?
– Шымкентте жүргенде С.Атамбековтің «Біздің үйдің жұлдыздары» пьесасында басты рөлді сомдадым. Революциядан кейін жетім қалған балаларды Арыс қаласындағы балалар үйіне тапсыр­ған ғой. Сол жерде өскен Надя деген қызды ойнадым. Кейін соғысқа қатысып, бір аяғынан айырылып қайтып келген қыздың балалық шағы, есейген кезі, одан қырыққа келгенде бұрын бірге өскен балалармен кездесуі, жалпы 13-тен 40 жасқа дейінгі өмірін бейнеледім. Мұны да сол кезде өте сәтті шықты деп көпшілік мойындады. Одан кейін елордамыз астана болмай тұрғанда Ақмолаға көшіп келгенде Қаллеки театрын­да «Ең әдемі келіншек» қойылымында ойнаған образым көрерменге ұнады. Сонда Әзербайжан Мәмбетов ерекше әсерленіп, қасында жұбайымен бірге театрдың екінші қабатындағы грим салу бөлмесіне іздеп келіп: «Жарайсың, әйел адамның тұнып тұрған армандарын, махабаттың жетіспеуін, бақытын таппай күйінуін керемет жеткізе алдың» деп айтқан еді. Көп мойындалған қойылымдардың бірі – ­Ш.­Айтматовтың «Ана – жер ана» қойылымындағы Толғанайдың образы. Өзіме ең қатты ұнайтын рөлдерімнің бірі. 18-ден 70 жасқа дейінгі өмірін бір спектакльде ойнап шықтым. Бұл менің бүкіл жинаған актерлік тәжірибемді салып, сахнадағы өмірімнің белгілі бір деңгейдегі нәтижесін көрсеткен образ болып қалды. Қазір бұл спектакль театр репертуарында жоқ. Негізі 45 жасымда ойнаппын.
– Қазіргі таңда театр репертуарындағы қойылым­дар бүгінгі дәуір шындығын көрсете алып жүр ме?
– Қай қойылым болса да, ол мейлі 60-жылдары жазылсын, оны кейін қояр болса, режиссер бүгінгі заманға сай жақындатып алып келеді. Сәл өзгертуі мүмкін. Мысалы, бізде өзбек драматургиясы «Қызыл алма» деген қойылым бар, ол жерде мен жетпістегі кемпірді ойнаймын. Комедия жанры болса да, оқиға кезінде: «Құдайдан қорықпай, түйедей олжаны опырып отырғандар бар емес пе?», «Арам жеген ас ертең сіздің денеңіздің тұс-тұсынан тесіп шығады» деген сөздер бар. Яғни, қоғамдағы келеңсіздіктер қойылым барысында осындай шағын элементтер арқылы немесе өткір әзілдермен жеткізіледі.
– Сіз екі дәуірдің куәсі болған, бірнеше театр ұжымында істеп көрген актрисасыз. Бүгінгі режиссура мен сценарий мәтіні бұрынғыдан ерекшелене ме?
– Менің ойымша, адам қай кезде де адам болып қала береді. Оның киімі, өмір сүру дағдылары өзгеретін шығар, бірақ сезімдері, жан дүниесіндегі арпалыс немесе басқа да сезімдері өзгермейді. Мысалы, баяғыда ойнаған Баяным, «Мәдидегі» Келбет болсын – олардың дәуірлері басқа болғанмен сезімдері бірдей. Заманауи жасаймыз деп киімдерін, декорациясын жеңілдетіп, қанша жерден өзгертсе де, қазіргі музыкамен әрлесе де, адамның ішкі сезімі сол баяғы. Сондықтан өнер мәңгілік дейді ғой. Репертуарға келетін болсақ, қазір мәселен, менің де, басқа да актерлердің шөлдеп жүргені – қазақтың үлкен-үлкен мықты классикасы. Қозы Көрпеш Баян сұлу, Ақан сері Ақтоқты, Қобыланды, Қарагөз – бұлардың бәрі де біздің қазақтың сахнасында мәңгілік жүру керек деп ойлаймын. Қазір солардың біреуі де жоқ. Көбіне өзге елдердің драматургиясынан аударма пьесалар көбейіп кетті. Бұл неден екенін білмеймін. Сондай бір үрдіс қалыптасты. Шетелдіктер Қазақстанға келгенде жергілікті елмен танысу үшін бірінші театрға бас сұғады екен, халықпен тілі, үні, салт-дәстүрі арқылы танысайық деп. Оларға жол көрсетушілер қазақ халқын терең танытатын классикалық спектакльдерге апарайын десе, соны біздің репертуардан таппайды екен.
– Кейінгі буынды қалай бағалар едіңіз, олар қандай мектептерден өтуде?
– Олар үлгіні бізден алады. Алдыңғы буын ойнап жүрген актерлердің ойынына қарайды. Таланттар қай кезде де болады. Төрт жыл оқып келіп, жұмыс істейді, ізденеді. Театрға алғанда да оларды бірден қабылдай салмайды, мықтыларын іріктеп, қарайды, көркемдік кеңестен өткізеді. Тәрбиелеп алуға болатын жастарды алады. Ал театрға келгеннен кейінгі жетістіктері еңбекқорлығына байланысты болады. Еріншек болып, қалай болса солай өтіп кетемін десе, қалып қояды. Ондайлар аз. Кейін келген жастар еңбекқор, кез келген сайыста бақтарын сынауға дайын сәйгүліктер секілді жарап тұр. Актер негізі өмір бойы іздену керек. Бір-екі немесе оншақты рөлді жақсы ойнадым деп тоқтап қалмау қажет. Өз басым профессор Рабиға ­Қанабаева, ­Райымбек ­Сейтметов, Тұңғышбай ­Жаманқұлов сынды мықтылардың шәкірті болдым. Солардан көп нәрсе үйрендік.
– Театрға көрермен көп келе ме? Олардың дені кімдер?
– Қазір халық бұрынғыдай емес, театрға бет бұрды. Кейде театрға телефон соғып, қандай қойылымдар болады, кімдер ойнайды деп сұрайды екен. Театрға мүлдем келмейтін адамдарға айтар тілегім – бір рет болсын келсе екен театрға, ата-анамызды, балаларымызды әкелейік. Бір рет келсінші, болды, сосын олар театрға өздері-ақ ғашық болып қалады. Сол билетке кететін мың теңге ақша қайда жұмсалмай жатыр? Уақытыңызды да босқа өткізетін кездер болады. Оның қасында театр – рухани кемелденетін киелі орда ғой.
– Өзіңіз армандаған образдардың бәрін ойнап болдым деп санайсыз ба? Қол жете алмаған рөлдеріңіз болды ма?
– Қанша рөл беріп, ойнап тұрсаң да, тағы да жаңа образдар алғың келе береді. Менің жасым егде тартты. Ер кісілер жасына қарамай ойнай береді. Ал орта жастағы әйелдерге рөл тиюі қиындау. Себебі бізде «возрастной» актрисалар­ға арналған пьесалар аз. Елуден асқан әйелдердің өмірі туралы жазу оңай емес шығар мүмкін. Өйткені бұл жастағы әйелдердің психологиясын зерттеу қиын. Ал Ресейде сондай жастағылар ойнайтын рөлдер, пьесалар көп. Біздегілер көбіне романтикалық рөлдерді, жас қыздардың тағдырын жазуға құмар. Жеңіл, ғашық болып қалған, алданған қыздардың өмірін арқау етеді. Ал толықсыған, толыққан, ішінде бүкіл өмірлік тәжірибесі бар әйелді жазуға бата алмайды.
– Карантин алдында және кезінде театрда қандай жаңалықтар болды?
– Театрда жаңа жыл қарсаңында қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова апамыздың 80 жылдығына арналған «Сенің махаббатың» деген поэтикалық спектакль қойылды. Фаризаның рөлінде Алтынай Нөгербек ойнады. Карантин кезінде біздер ел қатарлы онлайн жұмыс істедік. Көрермендермен тікелей эфирге шығып тұрдық. ­Қ­азақ радиосы арқылы поэзия оқыдық. Жазып алынған спектакльдерімізді Еларнадан көрсетті. Айлығымыз сақталды. Өнер адамдарына көрсеткен қолдауы үшін Үкіметке рақмет.
– Жаңа үлкен театр ашылғалы жатыр. Ол шаңырақтан не күтесіздер?
– Біз бұл театрды 30 жыл күттік. Оның негізін Астана сонау 1991 жылдары Ақмола болып тұрғанда белгілі режиссёр Жақып Омаров қалаған еді. Себебі ол кезде солтүстікте театр тек ­Қарағандыда ғана болатын. Жақып Омаров Ақмоладағы зиялы қауым өкілдерінің көмегімен осы театрды ашып, оған ­Қалибек Қуанышбаев атын беруге көп жүгірді. Сол жылдар ішінде осы ескі ғимаратта театр сахнасы шағын болса да, көрерменнен босаған жоқ. Сондықтан жаңа театр біз үшін асыға күткен қуаныш болып отыр. Бұл күнге де жеттік. Жаңа театр ғимаратында екі сахна, барлығы 800 орындық үлкен, кіші зал бар деді. Қазір әлеуметтік желілерде жаңа ғимаратқа қоныс аударуға байланысты «Ұлы көш» деген атпен бейнероликтер сериясын жіберіп жатырмыз. Алайда мына ескі жақтан ол жаққа тек бірен-сараңы болмаса, көп спектакль бармайды. Баратындардың ішінде мен ойнайтын екі спектакль – «Мұқағали» және «Ғасырдан да ұзақ күн» бар. Декорация, костюмдер жаңартылады. Көптеген жаңа образдар жасаймын деген үміттемін. Әрине, театрға жастар көптеп алынады. Жан-жақтан жас режиссерлер тартылады деп жатыр. Сонымен қатар Ұлттық атау аламыз деген үміттеміз.
– Сонда Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық драма театры атана ма?
– Иә, солай боларына қатты сеніп отырмыз. Біздің ұжым болып сұрайтынымыз – театр Қалибек Қуанышбаев атында қалдырылса екен. Бізді осы қатты алаңдатады. Қазақ театрының негізін қалаған Қалибектей өнер тарланы есімінің бұл театрда қалуына барлық театр ұжымы мүдделі. Қалекең қазақ театры тарихында тұңғыш рет Абай рөлін сомдаған актер. Ол ұлы ақын образын кинода да бірінші болып ойнады. Сондықтан биыл Абайдың 175 жылдығы қарсаңында ашылғалы жатқан үлкен театрда есімі қалатындай қазақ өнеріне ерен еңбегі сіңген тұлға. Барша ұжымның тілеуі сол.
– Сұхбатыңызға көп рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button