Басты ақпаратЖаңалықтар

Хидэказу ШИБАМОТО, Жапон павильонының жетекшісі: ЖАПОНДАР МЕН ҚАЗАҚТАР БІР-БІРІНЕ ҰҚСАЙДЫ

ЭКСПО қалашығына келген турист Жапон павильоны алдында тұрып, қазақша «Сәлеметсіздер ме! Жапон павильонына қош келдіңіздер!» деп иіліп сәлем беретін жапон қызын көрген болар. Иә, қашанда құрмет пен сыйластық танытып, ізеттіліктен айнымаған жапон халқы өз павильонын қазақша таныстырған бірден-бір мемлекет болды. Енді, міне, ешбір жаңалықты қалт жібермейтін жапондықтар «Астана ақшамы» газетіне жазылды деген ақпар алдық. Осы орайда, Жапон павильонының жетекшісі Хидэказу Шибамотомен сұхбаттасуды жөн көрдік. Әдетте, жоғары лауазымды шенеунікпен, әсіресе, ол шетелдік болса, сұхбат хаттама бойынша жүргізіледі. Бірақ біз Хидэказу мырзамен емін-еркін сөйлесіп, ашық-жарқын әңгіме-дүкен құрдық.

erm_3518

– Жапон павильоны көрмеге «Smart Mix with Technology» деген ұранмен қатысып отыр. Оқырманға түсінікті болу үшін алдымен павильонның қысқаша мазмұнына тоқталып өтсеңіз.

– «Smart Mix with Technology» энергияны технологиялардың көмегімен табиғи жолмен алуға болатынын білдіреді. Біздің пайым бойынша, ең бастысы, оны ақылмен қолдану керек. Бұл жапондықтардың өмір сүру салтына айналды десем артық емес. Павильонның кіреберісінде күн, жел, су бейнелеген. Аталмыш табиғи ресурстардың барлығы жаңғыр­малы энергия көздері ретінде пайдаланып келеді. Байқағыш қонақтар бұл элементтердің барлығы Күншығыс еліне қатысты екендігін, тақырыбына сай етіліп жасағанын аңғара алады. Басқа елдердің павильонын аралап үлгерсеңіз, ол жерде де «микс» сөзі қолданылған. Яғни, энергетика саласындағы бірнеше энергия көзін біріктіріп қолдану қолға алынған. Алайда біз артық шығын келтірмей, тек керек энергияны тұтынып, ысырапшылдыққа жол бермеу қағидасын ұстандық. Жапон павильонының дайындық жұмыстары екі жылға жалғас­ты. Аумақтың ішкі және сыртқы келбетін дәстүрлі ою-өрнектерді қолдана отырып, жергілікті мамандарға жасатсақ, технологиялар түгелімен Жапониядан тасымалданды.

– Жапонияда табиғаттың сұлулығына тамсану пән ретінде өтетінін естіп жатамыз. Сіздердің сакура ағаштарының гүлденуін тамашалауларыңыз бір бөлек әңгіме. Бұл бұрыннан келе жатқан үрдіс пе?

– Жапонияда төрт жыл мезгілі айқын көрінеді. Сондықтан табиғаттың көз тартар әсемділігін тамашалауға ешнәрсе кедергі бола алмайды. Күншығыс елінде тау-тас та, өзен-көлдер де, теңіз де бар. Айналасында ғажап көріністерді көріп өскен жапондықтар кішкентай кезінен бастап, табиғатты аялау керектігін санасына сіңіреді.
Әдемілікке жаны құмар жапондықтар сакураның гүлдегенін тамашалай отырып, бойына күш-қуат жинақтайтына сенеді. Ал сакураның гүлдеу кезеңі бір аптадан 10 күнге дейін жалғасады. Тіпті, халық сакураны жаппай тамашалау мерекесін тойлайды. Сакураның үлбіреген жапырақтары жерге түскенді де бақылауды ұнатады. Мен Алматы мен Ташкент қалаларында өріктің гүлдеуін көрдім. Ол да сакураға ұқсас. Көктемде жапондықтар талдың астында алаша төсеп, отбасыларымен сакураға қарап отырып демалуды дәстүрге айналдырған. Көпшілік әдемі гүлді көрсе, оны жұлып не кесіп алуға қысылмайды. Ал жапондықтарда бұзылмайтын бір тәртіп бар: олар ешқашан сакураға қол ұшын тигізбейді.

– Жапонияда қала көшелерінде қоқыс жәшігін кезіктірмейсің деген рас па?

– Қоқыс жәшіктері бар, бірақ әркімнің өз үйінде, өз ауласында. Жапондар алдымен қоқысты үйінде реттеп алып, әрбір үйдің ауласында тұрған үлкен қоқыс жәшіктеріне сұрыптап салады. Оларды машина тиеп алып, қоқыс өңдеу зауытына жөнелтеді. Бірақ бұл – бірте-бірте қалыптасқан нәрсе. Жапонияда қоқыс қалдығының көшеде шашылып жатқан кездері болды. Ол үлкен экологиялық апатқа ұласқандықтан, қоғамға уақыт өте келе қоршаған ортаға зиян келтірмеу керек деген түсінік келді. Бұның барлығы адамдардың өздерінің денсаулығына жаман әсер ететіндігін түсінді.
Жапондықтар 60-70 жылдары Еуропа елдерінен үлгі алып, таза қала қағидаттарын ұстануға бел буды. Оған 1964 жылы Токиода өткен олимпиада және 1970 жылы Осакада ұйымдастырылған ЭКСПО дүниежүзілік көрмесі тағы бір себеп болды. Жергілікті билік шетелдіктерге «таза Жапонияны» көрсеткісі келді. Осы оймен жапондықтар қоқыстарды бөлектеп салуды бастап кетті.
Ал бүгінде елдеріңіздің астанасында болып жатқан ЭКСПО қалашығында «қағаз», «пластик» және «әртүрлі қоқыс» деп бөлінген қоқыс жәшіктерін байқадым. Соларды көріп жүрген балалар кішкентай кезінен бастап табиғатты аялауды үйренеді. Бұл – экологиялық таза мемлекет болудың алғышарты.
Бізде әрбір ауыл-аймақ, қала, өңірлерде қоқысты жинап, өңдейтін орындар бар. Сол себепті олардың санын дөп басып айту қиын. Жапония жер аумағы бойынша шағын ел, егер бір ғана адам қоқыс тастаса, ол барлық адамға өз әсерін тигізеді. Сондықтан тазалықты сақтамаған адамға міндетті түрде ескерту айтылады. Ал Қазақстанның жері кең-байтақ болғаннан кейін, ондай бұзақылық жасаған адамды іздеп табу мүмкін емес шығар.

– Хидэказу мырза, ЭКСПО көрмесіне қалай келдіңіз?

– Менің университет қабырғасында таңдаған мамандығым – орыс тілі. Жапондықтарға орыс тілін оқу өте қиын. Ал мен сол қиындықты өткергім келді. Кеңес одағына кіретін мемлекеттердің экономикасын зерттедім. Жұмыс бабымен Австрия, Ресей, Өзбек­с­тан және Германия елдерінде тұрдым. ЭКСПО көрмесіне Жапон павильонын жасауға көмектескен «Джетро» компаниясында қызмет істеймін. Бұл ұйым 1958 жылы Брюссельде өткізілген дүниежүзілік көрмесінен бастап, Астанадағы «Болашақ энергиясы» көрмесіне дейін Жапон павильонын ұйымдастырып келеді. Өзім алғаш рет ЭКСПО көрмесіне қатысып отырмын.

– Қазақстанға, Астанаға келгелі бері жапондықтар мен қазақтар арасындағы өзара байланысты байқаған боларсыз. Ал екі халықтың бір-бірінен көзге көрінетін қандай айырмашылықтары бар, сіздіңше?

– Екі ел де – Азия мемлекеттері, сондықтан, әрине, ұқсастықтар баршылық. Халқымыздың дәстүрді дәріптеуі қазақ жұртында да кеңінен қалыптасқан. Жапондықтар да үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетеді. Азиялықтар үйдің табалдырығын аттағаннан кейін аяқ киімін шешеді. Ал Еуропа елдерінде басқаша. Қазақтар мен жапондықтардың ең бір үлкен айырмашылығы мынада: жапондықтар өз сезімін тура жеткізбейді. Мәселен, Қазақстанда жастар автобуста жасы үлкен адамға ойланбастан орнын босатып береді. Ал жапондықтар «орын бергенім дұрыс па, бұрыс па?» деп ойға беріліп кетеді. Бұл жапондықтардың қазақтардан үйрену керек қасиеттерінің бірі деп білем.

– Жапониядағы баспасөздің хәлі қандай? Жоғары технологиялардың отаны болып саналатын елде газет қаншалықты оқылады?

– Жапонияда газеттің әлі күнге дейін өз орны бар. Жапондықтар газетті оқиды. Бірақ, сіз айтқандай, бүкіл әлемде жастар газеттен гөрі интернеттен ақпарат алғанды ұнатады. Бірақ газеттердің сайты, мобильдік қосымшалары іске қосылып жатыр. Өз басым газетті оқығанды жақсы көремін. Күнделікті баспасөзге шолу жасап тұрамын, оған 30 минуттай уақытым кетеді. Экономика және мәдениет тақырыбын оқуды ұнатамын.

erm_3546
Астанада мені таңқалдырған нәрселердің бірі осы газет болды. Токиода қандай сауда орны болмасын, қандай дүкен болмасын, міндетті түрде газет сатылымда тұрады. Астанаға алғаш келгенде жергілікті газетті оқығым келді. Жаңадан ашылған «Mega Silk Way» сауда орталығында газет сататын орынды іздеп таппадым. Одан кейін қаладағы «Еуразия» сауда орталығына бас сұқтым, ол жерде де басылымдарды көрмедім. Тіпті, кітап сататын дүкендердің өзінде газет жоқ болып шықты. Сондықтан, сіздердің «Астана ақшамы» газетін үш айға жаздырып алдық.

Сұхбаттасқан:
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button