Хоккей жас таңдамайды
Астанада шайбалы хоккейден өткен III қысқы Жастар ойындары мәресіне жетті.
Биыл төрт жылда бір рет өтетін 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер бақ сынаған тартысты додаға Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Алматы және Ақмола облыстарынан және Астана, Алматы мен Ақтөбе қалаларынан 8 команда қатысты.
Елорданың намысын №10 спорт мектебінің хоккейшілері қорғады. Нәтижесінде «Астана» командасы жарыста үздік нәтижеге қол жеткізіп, Жастар ойындарының алтын жүлдесін иеленді. Турнир иелері ешкімге есе жібермей, 21 ұпай жинады.
– Қарсыластардың ешқайсысы осал емес, сондықтан бәсеке өте тартысты болды. Әрине, біз тек жеңіске жетуді көздедік. Қысқы жастар ойындарында бірінші орын алу мен үшін де, команда үшін де, біздің мектебіміз үшін де аса маңызды. Төрт жылда бір рет өтетін жарыста бой көрсетудің өзі – бір ғанибет, ал тұғырға бірінші боп көтерілудің қуанышын айтып жеткізе алмаспын, – деді «Астана» командасының шабуылшысы Богдан Петроченко.
Сонымен қатар, ІІІ қысқы Жастар ойындарының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының командасы екінші орын алса, Қарағанды облысының хоккейшілері қола жүлдені қанағат тұтты.