Жаңалықтар

Инвестициялық жобалар игілігі



Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл жөнінде кеше қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы барысында кеңінен сөз болды. 

Күн тәртібінде бір ғана мәселе қаралды. Ол бойынша Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Рысгүл Қауғабаева баяндама жасап, мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу жағдайы туралы әңгімеледі.

Экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етуге бағытталған бағдарлама аясында қазір еліміздің барлық өңірлеріндегідей Астанада да іргелі жобалардың жүзеге асырылып жатқаны жөнінде айта келе, Рысгүл Боранбайқызы бұл өз кезегінде жаңа өндіріс орындарының ашылып, аза­маттарымыздың жұмыспен қам­тамасыз етілуіне жол ашқанын жеткізді. 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылуы аясында бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша жалпы құны 392 млрд теңгені құрайтын 19 жоба жүзеге асырылған. Осы­ның нәтижесінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, осынша елордалық азамат жұмыспен қамтамасыз етілген.

Аталмыш бағдарлама шең­берінде 2010 жылы 2 кәсіпорын пайдалануға берілген болатын. Ал, былтырғы жылдың өзінде 3 кәсіпорын, атап айтсақ, «Talgo» жолаушылар вагондарын шығаратын «Тұлпар -Talgo» ЖШС зауыты мен көк­өніс өнімдерін өндіру мен өңдейтін «АстанаЭкоСтандарт» ЖШС және «Стальцинк» ЖШС зауытының бірінші кезеңі іске қосылғаны белгілі. Осы жобаларды жүзеге асыру барысында 850 жұмыс орны ашылып, олардың 124-і құрылыс жұмыстары бас­­­талған сәтте-ақ еңбекке ара­ласқаны туралы баяндай келе, басқарма бастығының орынбасары үстіміздегі жылдың басынан бері бағдарлама шеңберінде тағы төрт жобаның жүзеге асы­рылғанын тілге тиек етті. Бұл кәсіпорындардың бәрі де Аста­надағы Индустриалдық парк аумағында орналасқан. Олар, сөз жоқ, еліміздің экономикалық дамуына үлкен серпін беруде.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button