Басты ақпаратҚала мен СалаТуризм

Ішкі туризм ілгерілей ме?

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі ішкі туризмнің дамуына үлкен серпін болғалы тұр. Көрмені көрмекке шалғай ауылдардан келіп жатқан адамдардың қарасы, қаздай тізіліп қол ұстасып, Астананы көрікті жерлерін аралап жүрген оқушылар көптен жоғалтып алған көріністі көз алдымызға елес­теткендей болды. Қазіргі күнде елулерді еңсеріп қалғандарға жақсы таныс Кеңес Одағы кезінде мектеп оқушыларының демалысы да саясаттандырылатын. Сондықтан да жыл он екі ай каникул басталғанда алды Мәскеуге, соңы облыс орталығын аралап көруі шарт болатын. Бүгінде бұл саясаттың экономикалық астары да алға шығып жатыр. Оны ішкі туризм деп атап, елтану, өлкетану, жер көру сияқты рухани мағынамен толтырып, оның болашағынан үміт күтіп отырған жайымыз бар. Алайда әлі де оның оң аяғынан тұрып кетер жайы жоқ.

 

Осыдан бірер күн бұрын өткен ҚР Үкіметі отырысында туристік саланы да­мы­тудың 2023 жылға дейін­гі жаңартылған тұжы­рымда­масын іске асырудың мақсаттары мен амалдары туралы айтты. Сала алды­на ІЖӨ құрылымындағы туризм үлесін 2025 жылға қарай 8%-ға дейін арттыру және елімізге келушілер туризмінің 100 пайыздық өсімін қамтамасыз ету міндетін қойды. Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі құралы іс-шаралар жоспары болмақ. Жобалық басқару аясында нақты индикаторлар бел­гіленген, оларға сәйкес еңбек өнімділігі жыл сайын 4-5%-ға, халықтың жұмыспен қам­тылуы 5%-ға ұлғайып отырады. Бұл Қазақстан экономикасы құрылымындағы туризм үлесін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Мамандардың айтуынша, бүгінде туроператорлардың 95%-ы тек сыртқа шығу ту­ризміне бағытталған. Үкімет оты­рысында туроператорлар құзыретті органдармен бірге Қазақстанды ішкі, сондай-ақ, сыртқа шығушы туристерді де тартуы тиіс мекен ретінде ай­қындауы керек деп баса айтты.
Елордада ғана 120 ту­ристік фирма жұмыс іс­тей­ді. Ішкі туризмнің тұра­лап қалуының себебін сұра­ған­ымызда, алдағы іс-шаралар жоспарына енгізілуі тиіс бір мәселені көтеріп, Ұлттық туризм ассоциациясының президенті Гауһар Жеңісбек былай деп жауап берген еді: «Қауымдастығымыз осы мә­се­лелермен айналысуда. Қазақ­стандықтар өз елін ара­­лап, та­рихи жерлері мен қасиетті орындарында болып, туған өлкесінің сырына үңіліп, ұлан-ғайыр жердің иесі екенін сезіне білуі тиіс. Оны мектеп жасынан үйретіп, оқушылардың демалысында пойызға салып алып, бүкіл Қазақстанды аралатып шығуға мүмкіндік бар. Бірақ бұл мәселені ұлттық деңгейде көтеріп, мемлекет тарапынан қолдау болмаса, ішкі туризм бір бөлігі ретінде алға дамымайды. Ішкі туризммен айналысатындардың аз болуы да – сұраныстың жоқ­­тығынан. Егер жаппай сұраным болып, елтану мә­селесіне салғырт қаралмаса, онда инфрақұрылымдар қа­лыптасып, туристік фирмалар жұмысы тұрақты ұсыным бойынша жұмыс істеп, бағдары анықталар еді. Әзірге халықтың басым бөлігі демалыстың не екенін білмей жүрсе, қол жеткендері Түркия асып, демалысқа кетіп жатқаны рас».

Елордалықтар қайда демалады?

Бүгінде он күнге Түркия теңіздерінің жағалауында демалу үшін екі адамға ең аз дегенде 600 мыңдай теңге керек. Алтын құмы баураған суы мөлдір жағажайлы теңіздері болмаса да, сулы-нулы жері жеткілікті. Бірақ елордалықтар сонда демала ала ма?
Құрылым қалыптасса Бура­­­байдың нулы жағасы, Баянауылдың Сабынды көлі, Жасыбайдың мөлдір суы, Қарқаралының Шайтанкөлі Жерорта теңізіндегі демалыс­тан он есе арзан түсер еді. Бірақ сол жерге бастап апарып, орналастырып, алып кететін туроператорларды күндіз шам іздеп таппайтыныңыз рас. Балқаштан балық аулағысы келгендер мен Алакөлдің емдік қасиеті бар суына шомылу да – аттылының ғана аяғы жететін арман жер.
Жаз болса, бағасы арзан деп Көкшетаудың бөктерін ре­сейліктер толтырады екен. Іргесінде тиіп тұрған қара­пайым елордалықтың оған жетуі күшке түседі. Өкініштісі, оны жарнамалап, насихатын беріп, саламатты өмірге бастайтын осы бір жан рахатын жеткізіп жатқан ешкім жоқ. Сол себепті де жаппай барып жатқан жан болмаған соң, Бурабайдың суы да күннен күнге қымбаттап барады. Ол түгіл, таяқ тас­там жердегі Қорғалжынның керемет табиғаты да, жабайы қазы жұмыртқалап, аққулары көгілдірін түлетіп, қоқи қаздың ұялаған кездері де қазақстандықтар түгіл астаналықтар үшін жұмбақ болып отыр. Шаһардың шетіндегі «Сарыоба» аталатын тұзды көлдің суына жеткізетін жолды жөндеп, жағалауын жайлы етпеген соң қалалықтардың игілігіне айналмай отыр. Тайтөбе, Есіл-Нұра, Майбалық туралы несіне айтамыз?

Халықтан сұраныс болуы үшін де демалыс мәдениетін қалыптастыру үшін де санамызда өзгеріс, жүрегімізде отаншыл сезім ұялауы керек. Әзірге туроператорлар «ақпарат жоқ», «насихат кемшін», «құры­лым дайын емес», «менед­жмент жоқ» деп ауыздарын құр шөппен сүртіп қойып, қалта­сында артық ақшасы бар­ды шетел асырып қана отыр. Әйтпесе, қала маңында демалу ерінбегенге екі-ақ күндік жол еді ғой.

Бұрындары астаналықтар демалыс күндерін Алматыда өткізетін. Бүгінде бұл үдеріс тоқтады деуге болады. Кәуап жеп, хауызда шомылып, алаңсыз демалуға қала шетіндегі демалыс үйлері, аңшының үйі деп аталатын оңаша отаулар, одан қалды экоауылдарды да салып тастаған. Мұның көбі қарапайым халық­тың табаны тиетін жер емес. Арнайы той-мерекені атап өтпесе, демалысқа, қалтаға жайлы жер дей алмайсың.
Астаналықтар үшін тағы бір тартымды ұсыныс бар. Ол – түрлі шипажай, санаторий, Алматының демалыс үйлері. Ол – ішкі туризмнің бір бөлігі. Ол туралы «Три Кита» туристік фирмасының директоры Екатерина Колесникова былай деді. «Біздің фирманың құрылғанына он жылдан асып кетті. Жылына 10 мың адамды Қазақстан мен ТМД елдеріндегі түрлі курорттарға жібереміз. Туристердің бір легі Ресейден келеді. Қытайлықтардан да сұраныс бар».
Атақты Мойынты, Қапал-Арасан, Сарыағаш, Жаңақорған, Арыс шипажайлары демалыс пен денсаулықты қатар түзетуге таптырмайтын орындар екені рас. «Саят» туристік фирмасының директоры Инна Рей ішкі туризмді дамытудың тиімді жолы деп өз ойымен бөлісті. «Егер ішкі туризмнің мәселелерін шешіп, оны бұқараға қолжетімді еткіміз келсе, онда жұмыс берушілер жұмыскерлерінің бірер аптасын кезекті еңбек демалысына зиянын тигізбейтіндей етіп, шипажайларда демалуға мүмкіндік бергені жөн. Осы арқылы шипажайлардың құрылымы жақсарып, халық­тың да демалысын тиімді өткізуге көзқарасы өзгереді. Білім беру, денсаулық сақтау саласы кәсіподақтары арқылы алынатын жолдамалармен өз елімізде демалысқа жіберіп, біраз жөнге қойылып қалды. Осы үрдісті кеңейтуге күш салынуы тиіс».

Астана туризм қаласы ма?

Туризм мамандары қала әкімдігінің Астананы туризм қаласына айналдыруға бағыттаған көп үміт күтеді. Дегенмен қалалықтар үшін туризм қаласының тұрғынының жауапкершілігі, турист кім, туризм саласының дамуына қалай қатысымыз бар деген ұғымдарды түсіне білу керек сияқты. Егер турист келетін қала болса, онда біздер қала тұрғындары да солай қарай икемделуіміз керек.
Осыдан біраз уақыт бұрын, атақты еуропалық қалалардың бірінде тұрғындар ішкен-жегендерін отырған жеріне тас­тап, айналасын ластап, одан қалды сырттан келгендерге де аса мейірімді болмапты. Содан қала басшылары бұл олқылықты болдырмас үшін мемлекет деңгейінде жұмыстар атқарып, бүгінде бұл қала ірі туризм орталығына айналып отыр екен.
Алдағы уақытта барша қазақ­­­­стандықтардың ел жүре­гіне ықыласы артып, ал аста­на­лықтар демалысын еліміздің өзге аймақтарында өткізуге асықса, ішкі туризм жанданатыны сөзсіз.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button