Денсаулық

Карантин жариялауға негіз жоқ



Елімізде жыл басынан бері менингитке шалдыққан 58 адам тіркелсе, оның 12-сі қайтыс болған. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Құзырлы ведомство басшысының айтуынша, ауруға қатысты ахуал тұрақты және халықты жаппай егудің қажеттігі жоқ.

Министр менингит дерті­нің көрсеткіштері құбылып отыратынын мысалға келтірді. «2013 жылы 117 оқиға тіркеліп, 18 адам қайтыс болды. 2015 жылы бұл ауру 424 адамға жұғып, 62 адам өмірмен қош айтысты. Өткен жылы 62 науқас тіркелді, 11-і көз жұмды. Бұл статис­тиканы дерттің аса қауіпті болғаны үшін келтірдім. Ахуал тұрақты дегенім, соң­ғы 20 жылдағы көрсеткіш орташа деңгейге жетті» деп түсіндірді ол. Министрдің мәліметі бойынша, бұл ауруға шалдыққандардың дені Алматы қаласының үлесіне тиеді. Жыл басынан бері менингококка инфекциясын жұқтырды деген күдікпен 80 адам ауруханаға жатқызылып, соның ішінде 35-інен ауру анықталмаған. 32-сінен анықталып, 6 адам қайтыс болған.
Ресми мәлімет бойынша, бүгінге дейін елімізде 128 адам ауруханаға түсіп, оның 82-сі жазылғаны, 34-і ем-дом қабылдап, соның ішінде 7 науқас жансақтау бөлімінде жатқаны да ашық айтылды. Елжан Біртанов осы жиында карантин жариялауға еш­қан­дай негіз жоқтығын, ал халықты жаппай егу тиімсіз болатынын хабарлады. Заң бойынша вакциналау туралы шешімді инфекциялар бойынша ұлттық үйлестіру комитеті қабылдайды. «Бұл комитеттің құрамына елдегі барлық инфекционистер мен эпидемиологтар кіреді. Жуырда өткен комитет отырысында мамандар жаппай егуге шара қабылдауға ерте деген шешім қабылдады. Бұл өз кезегінде тиімсіз болады» деп жалғады сөзін министр. Оның айтуынша, Қазақстанда 330 адам ерікті түрде егілген. Аурудың таралу қаупі бар болғандықтан, балалар мен үлкендерге адамдар көп шоғырланатын жерлерге баруды шектеген жөн. Жиын соңында министр жұртты жекелеген адамдардың байбаламына ермеуге шақырды.




Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button