Саясат

Елді елең еткізген

Түркия АҚШ әрекетін айыптады

Анкара Вашингтонның әрдайым әділдік жағында емес, әлдінің жағында жүретінін сынға алды.

Түркия президентінің көмекшісі Ибрагим Калын мұны АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Израиль мен Газа секторы жөніндегі қарарына вето қойғаннан кейін мәлімдеді.
«Құрама Штаттар бас­­шылығының бұл қа­дамы күтпеген нәрсе болған жоқ. Бұл АҚШ-тың әділдік жағында емес, әлдінің жағында екенін тағы да танытып беріп отыр. Бірақ Палес­тина халқы жалғыз емес. Біздің олардың әділ­дік жолындағы кү­ресіне қолдау көрсетуі­міз жалғаса береді» деді Калын.
Айта кетейік, АҚШ мұ­ның алдында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Газа секторы мен Израиль басып алған тер­риториядағы палестиналықтардың халықаралық қорғауға енгізу жөніндегі қарарын да өткізбей тастаған еді.

Мэйдің көңілі қала бастапты

Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй АҚШ-тың Еуроодақ елдеріне баж салығын салып жатқанына ренжіп қалды.

Маусымның 1-і күні Альбион жерінің басшысы Лондон мен Брюссельдің соққы астында қалған өнеркәсіп секторын қорғау жолында бірлесе күрес жүргізетінін мәлімдеді.
«АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбритания жа­қын одақтастар болып табылады, олар бүкіл әлемде сауданың ашықтығы мен тазалығы жолындағы құндылықтар үшін күресіп келді, – деп сайрады ол. – Ұлыбритания үшін қорғаныс құймасы мен қалайы өнеркәсібі қашаннан аса маңызды сала, бұл металдар Америка өнеркәсібі, соның ішінде оның қорғаныс нысандары үшін де аса қажет».
Мұның алдында Еуроодақ Америка тауарларына қатысты шек­т­еулер енгізетінін жа­рия­лаған болатын. Ол бұған Құрама Штаттар 1 маусымнан бастап ЕО елдерінен келетін болат пен қалайыға өзінің баж салығын салатынын мәлімдегеннен кейін өз кәсіпкерлерін қорғау үшін баруға мәжбүр болды.

Дутерте «Шайтанға» жұмсады

Филиппин президенті Родриго Дутерте БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Диего Гарсия-Саянуға «шайтанға» баруға кеңес берді.

Дутерте мұны сарап­шының Филиппиндегі сот жүйесіне қатысты білдірген пікіріне ашулану үстінде айтып салды.
Бұдан бұрын мемлекет басшысы елдің бас судьясы Мария Лурдесті өзінің бірқатар ұсы­ныс­тарын жүзеге асырудан бас тартқаны үшін «жау» деп жариялап, отставкаға жіберген болатын. Арнайы баяндамашы болса, соттар мен адвокаттардың тә­уелсіздігі туралы айта келіп, мұны соттың тәуелсіздігіне төнген қауіп деп бағалаған.
«Айтыңдаршы анаған, менің елімнің ішкі ісіне араласпасын. Кетсін әрі шайтанға» деді Дутерте оның сөзіне қарай. Президент бұған өзінің БҰҰ баяндамашысы мәртебесін мойындамайтынын қосты.
Жалпы, Филиппин басшысы бұған дейін де өзінің әртүрлі өрескел әрекеттерімен көзге түсіп жүрген болатын. Айталық, ол бұдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың президенті Барак Обаманы «қаншықтың баласы», БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мунды «ақымақ» деп тілдеген еді. Құрама Штаттардың қазіргі президенті Дональд Трамп та одан «ақымақ» деген сөгіс естіп қалды.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button