ӘлеуметБасты ақпарат

Кемшілігі көп жүйе адалдық алаңы арқылы шешімін таба ма?

Соңғы 17 жыл ішінде елімізде 10 мыңнан астам адам жемқорлық ісі бойынша айыпталып, сотталған. Оның ішінде 2 экс-премьер-министр, 17 төраға, министр мен орынбасарлары, 15 қала және облыс әкімі, 8 ұлттық компанияның топ-менеджері және күштік құрылымдардың 8 жетекшісі бар. Сонда осы уақытқа дейін жемқорлықтың алдын алу үшін деп жүзеге асқан бастамалар мен бағдарламалардың нәтижесі қайда? Бюджет қаржысын мақсатсыз пайдаланып, соңында есебін бере алмай кеткен азаматтарды абақтыға жабу қаншалықты қылмыстың алдын алуға жатады? Тергеу жүйесіне күмәнмен қараған қанша адам өзін-өзі өлімге қиды? Шешім заңды болғанымен, әділетсіз деген ұғым қайдан шықты?

Әділдік орнатудың әртүрлі әдісі

2016 жылы Шымкентте облыстық прокуратураның алдында қаланың 46 жастағы тұрғыны Нұркен Айнабеков өзін-өзі өртеп жіберді.
2016 жылы Астанада Бас прокуратура ғимараты алдында 50 жастағы Майра Рысманова өзін-өзі өртеп жіберді.
2017 жылы Атырауда облыс­тық прокуратура ғимаратының алдында Лейла Смадиярова есімді әйел өзін-өзі өртеді.
2017 жылы Ауылшаруашылық министрлігі Су ресурстары комитетінде лауазымды қызметте болған 61 жастағы Жампозов әуелі прокуратураның екі қызметкеріне оқ атып, кейін өзін-өзі атып өлтірді.
Күні кеше «ҚазСуШар» мекемесінің 64 жастағы басшысы Сейілхан Мұхамәдиев тергеу­шінің төртінші қабаттағы терезесінен секіріп өлді.
Қаралы тізім осылай жалғаса береді. Аты аталғандардың бірі сот үкіміне келіспесе, енді бірі 2007 жылдан бері біресе ашылып, біресе жабылып келе жатқан даулы іске нүкте қойғысы келгендей. Тергеу жүйесінің кемшілігі мен сотқа деген сенімнің жоқтығынан азаматтар осындай қадамға баруда. Әйтпесе, өзін-өзі өлтіруге барғанша неге қылмысын мойындап, жазасын өтеудің жолын таңдамайды? Өйткені елімізде судьялардың кейбірі тергеу орындарының айыптау актілерін қолдайды. Мұны Жақып Асановтың өзі де растап отыр. Бір сөзінде өмірлік тәжірибесі мен білімі жеткіліксіз мамандар айыптау органдарының жетегінде кететінін жасырмады. Ал заң ғылымдарының докторы Есберген Алауханов қылмыстық процестік кодекстегі біраз бапқа өзгеріс керек екенін алға тартады. Өйткені кейбір баптардың азаматтардың құқықтарының қорғалуына кері әсер ететіні дәлелденіп отыр. Сонымен қатар тергеу кезінде қызметкерлердің құйтырқы амалдарға барып, күдіктілерден түрлі мойындау­ларды талап ететіндерін де жасыра алмаймыз.

Ізгілендіру саясатын жүргізу керек

Айта кетейік, соңғы екi жылдың өзінде Қазақстанда 2200 лауазымды тұлға қылмыстық жауапқа тартылыпты. Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құқықтың сақталуын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері әрдайым күн тәртібінде тұрғанын мәлімдеді.
«Қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімсіздігін тудыратын себептер әлі де бар. Осыған байланысты қылмыстық істі қатаң жазалауды төмендету мен ізгілендіру саясатын жалғастыру керек. Өздерің айтасыңдар, Батыста 80-90 пайыз қылмысты бейбіт жолмен шешеді деп, ал бізде мәселені онсыз да шешуге болғанымен, адамды міндетті түрде қолға түсіріп, қамауға отырғызады» деді Мемлекет басшысы. Бұл Президенттің жұмсартып айтқаны болар. Әйтпесе, жоғарыдағы азаматтардың қол жұмсауға дейін барған әрекеттерінің артында қордаланған үлкен мәселелер қылтияды.

Оқытамыз, тоқытамыз, сосын сотталады…

Иә, бір жағынан жемқорлықпен айыпталған тұлғалардың бәрін біліксіз деп те айта алмаймыз. Оқыған, тоқыған, басшылыққа жету жолында түрлі жолдардан өтіп, шыңдалған азаматтар. Мәселенің мәнісі – түрлі миллиондар, триллиондар бөлінген жобаларға қатаң бақылаудың жоқтығы, керісінше, сыбайлас жемқорлық жасау­ға жол беретін факторлардың көптігі. Соның бірі басшылардың жалақысымен олардың бюджеттік қаражатты игеру жауапкершілігін салыстыруға келмейтіндігінде болып тұр. Мәселен, облыстық басқарма басшысы – 200 мың теңге жалақымен 3 миллиардтан астам теңгені игеруді көздейтін мемлекеттік бағдарламаға жауап береді. Сол сияқты өңірлік деңгейдегі қызметшінің жалақысы 54 мың теңге болса, тексеру кезінде1 миллионнан астам өлшемдерге айыппұл салуға уәкілетті. Міне, осындай факторлар айналып келгенде жемқорлыққа жол ашып отыр.
Дәл қазіргі уақытта «Қазавтожолдың» бас директорына қатысты қылмыстық іс қаралуда. Геология комитетінің төрағасы, Денсаулық сақтау министрлігі Фармацевтика комитетінің төрағасына да қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұл қылмысқа қатысушылардың ұзын-саны жиырма адамға жетіп қалды. Айдың-күннің аманында топтасып қылмыс жасаған мұндай азаматтарды Президент мемлекеттік мүддеге жасалған сатқындық деп бағалады. Оқытамыз демекші, кезінде «Болашақпен» оқып келген Бишімбаевтан үлкен үміт күткен Елбасы енді оның тағдырына аяушылықпен қарайтынын жасырмады. Бұл азаматты дайындауға кеткен қаншама уақыт пен қаражат енді қайтарым бермейтіні өкінішті.

Деректер не дейді?

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаевтың айтуынша, Қазақстан жемқорлықпен күрес туралы әлемдік рейтингте 2014-2016 жылдары 123 орыннан он жеті орынға жылжыған. Агенттіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Салауат Мұқсымовтың мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта кең ауқымды түсіндіру жұмыстарының арқасында әр өңірде жемқорлыққа қарсы ұтқыр топтар жұмыс істеуде. Жалпы, еліміз бойынша 2016 жылы жемқорлыққа қатысты 2933 дерек тіркелсе, 2017 жылы 2473 факті анықталған.
Айта кеткен жөн, елімізде алғаш рет сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жоба менеджменті бас қаладан бастау алды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жемқорлықтың деңгейін төмендетуде, жаңа әдістерді жетілдіруде қала әкімдігінің үлесі едәуір екенін айтты. «Астана – адалдық алаңы» деп айдар таққан жобада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық нормалары қарастырылған. Бұдан былай қандай да бір сыбайластық әрекеті үшін лауазымды тұлғаларға жауапкершілік күшейеді. Тіпті, жоғары органдардың басшылары, әкімдер өздері жемқорлық қылмысын жасамаса да олар тағайындаған мемлекеттік қыз­меткерлерде мұндай әрекет байқалса, әлгі басшының өзі жауапкершілікке тартылады. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлықты азайту мен алдын алуға негізделген. Ал нәтижесі, әрине, уақыттың еншісінде.

Ләззат АХАТОВА, Ақмола облыстық адвокаттар алқасының мүшесі
Ләззат АХАТОВА, Ақмола облыстық адвокаттар алқасының мүшесі

БАСТЫ КЕДЕРГІ – АҚТАУ ҮКІМДЕРІНІҢ АЗДЫҒЫ

Азаматтардың өзін-өзі өлтіруге дейін баруы – түрмелердегі жағдайдың сын көтермейтіндігі. Жазасын өтеп жатқандардың көбі – ол жерден денсаулығын едәуір дәрежеде құртып шығады. Моральдық аxуалды айтпаса да түсінікті. Түрме қызметкерлері тарапынан адам зорлау, қорлау фактілері орын алатыны жасырын емес. Рецидивистердің тарапынан көрсетілетін моральдық, күш көрсету, қорлау сияқты жайттар тағы бар. Сондықтан, азаматтар түрмеге түскеннен гөрі миллиондап болса да айыппұл төлеп, бостандығынан айырылмағанына қуанады.
Тергеу жүйесінің кемшілігі – ол құқық қорғау саласындағы жылдар бойы түйі­ні шешілмей келе жатқан тақырып. Тергеу барысында кетіп жатқан кәсіби кемшіліктер мен адам тағдырына немқұрайлы қарап, қылмысты шын мәнінде ашудың орнына, біреудің қылмысын басқа біреудің мойнына іле салу жағдайлары өкінішке қарай, қазіргі таңда да орын алуда. Тергеу барысында кеткен олқылық-сот үкімінде де орын алады. Содан барып, жазықсыз жазасын өтеп жатқандар аз емес. Ақтау үкімдерінің аз шығатыны да – осының дәлелі.
Қазіргі таңда Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асанов мырзаның да көтеріп отырған мәселесі – осы. Ең бірінші, ақтау үкімдерін көбейту. Ақтау үкімі деген сөз – тергеудің, прокуратураның үлкен кемшілігі болып табылады. Егер ондай жағдай орын алып жатса, тергеуді жүргізіп, баптарын белгілеген мамандардың өздері жұмыстан кету керек. Өрескел заң бұзушылық жібергені үшін, азаматтың құқығын таптағаны үшін. Прокурор да істі қозғап, сотқа жібергені үшін. Сондықтан ақтау үкімі шығады-ау деген күдік туындап жатса, судьяға өтініш жасап, кабинетінен шықпай, басқа бапқа төмендетсе де, ақтамауын сұранып жататын жағдай аз емес тәжірибеде. Өзім он жыл сот саласында істеген соң, көзім көрген жағдайлар десем де болады. Қазақта «Суын ішкен құдыққа түкірме» дейді. Бірақ, «Ауруын жасырған өледі» деген де бар. Бұл – жасырып отыратын емес, керісінше қоғам болып күресетін жағдай. Соттар арасында да біреу жұмыстан кетпесін деп, ығына жығыла салатын жағдайлар аз емес . Ал осы көңілжықпастық пен немқұрайлылықтың артында адам тағдыры тұр. Жазықсыз төгілген көз жасы, әділетсіздік, бір жанұяның қайғысы тұр.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button