Елорда тынысы

«Көктал» тұрғындарын не толғандырады?



Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек «Көктал-1» елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде түйткілді мәселелер мен олардың шешу жолдары талқыланды.

«Көктал-1» елді мекенінің тұрғындарынан әлеуметтік желі арқылы сауалдар түскен болатын. Өзара байланыстың тиімділігін арттыру үшін аталмыш елді мекеннің тұрғындарымен кездестім. Көтерілген мәселелердің бірі – кәріз жүйесінің жұмысы. Қазір жобалау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Тығыз орналасқан құрылыстан әрі нысандардың кейбір жері қызыл сызықтан асып кеткендіктен, жұмыс барысы қиындап тұр. Себебі желілерді төсеуге арналған дәлізді табу қиын. Дегенмен осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жобалау жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, ал келер жылы кәріз құрылысын бастаймыз. Сол сияқты биыл кәріз жүйесіне сүзгі орнатуды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар кездесуде газдандыру мәселесі де көтерілді.

– «Көктал-1» елді мекенінде кварталішілік желілер салынғанына қарамастан жекелеген тұстарда қалған үйлер бар. Мұндай үйлер үшін газға қосылудың балама жолдарын қарастырамыз. Үйлердің газға қосылуын жеңілдету үшін рұқсат беру құжаттарының тізімі қысқартылды, тұрғындардың мұқтаж санаттарына бөлінетін сома мөлшері ұлғайды. Материалдық көмек мөлшері – 450 мың теңгеге дейін (130 АЕК), – деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ әлеуметтік нысандар (мектептер, медицина орталықтары, спорт орталықтары), жолдар салу, ауданды абаттандыру, интернет жүргізу, қосымша автобус маршруттарын іске қосу, су қысымын арттыру, жарықтандыру, ШОБ нысандарының заңсыз қызметі және т.б. мәселелер көтерілді.

– «Көктал-1» елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жобасына түзету енгіземіз. Тұрғындардың қажеттіліктері мен тілектерін ескере отырып, бұл спорт орталығын бассейнмен, хоккей кортымен жобалайтын боламыз. Сол сияқты №41 мектепті техникалық тексеруден өткіземіз, ал жөндеу жұмысын келер жылы аяқтаймыз. Биыл жаңа корпус (қосымша) саламыз. Жалпы әлеуметтік нысандар бойынша мәселелер бар екені ескеріле келе елді мекенді дамыту жоспарын қарап, енгізетін боламыз. Өзге де аудандардың, елді мекендердің тұрғындарымен тұрақты түрде кездесуді жалғастырамын, сонымен қатар апта сайын азаматтарды қабылдаймын» деді елорда әкімі.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button