Басты ақпаратҚала мен Сала

Көктемгі су тасқынына дайындық қалай?



Елордада су тасқынының алдын алу мақсатында «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде.

Сарыарқа ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Темірлан Ариновтың айтуынша, шараға қатысушыларға энергетикалық қосалқы станса мен республикалық автокөлік жолын су басудың алдын алу, адамдарды эвакуация­лау және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету міндеті қойылды. Тапсырмаларды шешу үшін құтқарушылар мен аудан әкімдігінің қызметкерлері бөгетті нығайту бойынша іс-қимыл алгоритмін әзірледі.

– Мұндай оқу-жаттығуларда апаттық жағдайлар кезінде үйлесімді жұмыс жоспары әзірленеді. Сонымен қатар, кім қандай рөл, қандай міндет атқару керегі белгіленеді. Дегенмен су басуға жол бермейтін бірқатар шара қабылдануда. Мысалы, қарды уақытылы шығару, бөгетті нығайту, инертті материал, мамандандырылған техника және т. б. дайындау жұмысы жүргізіледі, – деді бөлім басшысы.

Жалпы, Сарыарқа ауданының аумағында су тасқыны кезеңінде апаттық-құтқару іс-қимылдарын ауқымды пысықтауға 70-тен астам құтқарушы, өрт сөндірушілер, әскерилер, еріктілер және т. б. қатысты. Аптаның басынан 15 мың текше метр қар шығарылып, су тасқынымен күресу үшін 85 техника, 300 қап құм және 70 дресва самосвалы дайындалды. Инертті материалы бар қаптан жасанды бөгеттер салынып, нөсер кәрізін жуу жұмысы жүргізілуде. Уақытша орналастырудың 4 пункті анықталды.

Аудан аумағында су тасқынына қарсы іс-шаралар қаңтар айының ортасынан бастап жүргізілуде. Осы уақыт ішінде арық-науа желілері, дренаждық және жаңбыр қабылдайтын құдықтар тазартылуда. Сондай-ақ, жеке сектордан тұрғындар жол жиегіне жинаған қар шығарылады. Бұдан бөлек, қар тазалау қарашадан бастап екі ауысымдық режимде жүріп жатыр. Мәселен, қыс мезгілінің басынан бастап бүкіл аудан аумағынан полигонға 735 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Алматы ауданында да су тас­қынына қарсы іс-шаралар жалғасуда.

Іс-шара басталғаннан бері Оңтүстік-шығыс шағын ауданының оң жағы мен Железнодорожный тұрғын алабы көшелеріндегі барлығы 2911 м аумақ тазартылып, 984 м науа-арық желісі жуылды. Су басу қаупі бар аймақтардан шығарылған қар көлемі 13500 текше метрді құрайды.

«Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу шеңберінде Есіл және Байқоңыр аудандарында да көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қар жинау және шығару жұмысы күшейтіліп, аулаларды, қоғамдық кеңістіктерді кешенді абаттандыру, жөндеу мен қалпына келтіруге дайындық жұмысы жүргізілуде.

«Түнгі аяз кезінде сумен араласқан қар қатып қалады. Бірақ күндіз тікелей күн сәулесінің әсерінен мұз ерімесе де, кеуекті және борпылдақ болып, оның құрылымы бұзылады. Мұндай нәзік мұздың үстімен жүру адам өміріне аса қауіпті. Сондықтан оқыс оқиғалардың орын алмауы үшін ата-аналар әсіресе жас балаларды қараусыз қалдырмаса екен» дейді мамандар.

Су тасқыны, су басу – болжап болмайтын салдарға әкелуі мүмкін қауіпті табиғи құбылыс. Ол ауа температурасының кенет көтерілуі, қардың қарқынды еруі, нөсер жаңбыр, қума жел, мұздың кептелуі және т. б. өзен, көлдегі судың көтерілуі нәтижесінде болуы ықтимал. Тасқынның алдын алу және оны болдыр­мау үшін азаматтық қорғау органдары мен коммуналдық қызметтер тұрақты жұмыс жүргізуде.

Төтенше жағдайлар туындаған кезде тұрғындар «112» немесе «101» нөмірі бойынша бірыңғай қызметке хабарласа алады.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button