Басты ақпаратБілім

Көңілді күзгі каникул



Жылуымен көңілді көтеріп, ызғарымен етек-жеңді жинаған күз кезінде оқушылар жақсы көретін бір мезгіл бар. Ол – күзгі каникул. Еліміз бо­йынша мектептерде күзгі демалыс басталды. 3,9 млн қазақстандық оқушы үшін күзгі демалыс 30 қазаннан басталып, 5 қарашаны қоса алғанда, 7 күнтізбелік күнді құрайды. Күзгі демалыс кезінде де елордалық балаларға, 255 мың білім алушыға арналған түрлі тартымды, көңілді, қызықты іс-шаралар қарастырылған.

Астана мектептерінде каникул қалай өтуде?

Заманауи үлгімен бой көтерген елордамыз экономиканың драйвері, мәдениеттің ортасы, білім мен ғылымның орталығы, дамуымыздың барометрі екені рас. Еліміздің барлық өңірі елордаға қарап бой түзеп отырғаны белгілі.

Астанада жалпы 2023-2024 оқу жылының басында оқушылар контингенті 212866 оқушыны құраса, балалардың 72,9 пайызы, яғни 155326 оқушы қосымша біліммен қамтылып отыр. Былтыр 197823 оқушының 158185-і (79,9 пайыз) қосымша біліммен қамтылса, 2021-2023 жылдары қосымша біліммен қамту 134614 адамды (72,7 пайыз) құрады.

Басқарманың мәліметіне сүйенсек, қала аумағында мектептен тыс білім беру ұйымдарының желісі жұмыс істейді. Балаларға қосымша білім беру бағдарламасы білім беру ұйымдарында да, мектептен тыс ұйымдарда да, оның ішінде жеке ұйымдарда да жүзеге асады.

Қазіргі уақытта қалада 11 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымы, 135 филиал, 8 community орталығы (2 оқушылар сарайы, 3 балалар музыка мектебі, 2 өнер мектебі, 1 балалар көркемсурет мектебі, 1 техникалық шығармашылық орталығы, «Өркен» балалар-жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығы) жұмыс істейді.

Қосымша білім беруде көркем-эстетика, техника, экология, өлкетану, гуманитария, жаратылыстану-математика, тіл және спорт бағыттары бойынша қызметтер жүзеге асады.

2029 жылға дейінгі іс-шаралар бо­йынша алдағы уақытта қосымша білім беру ұйымдарының желісін дамыту бойынша жұмыс жалғасады. Тұрғын үй кешендерінің 1-қабатында қосымша білім беру ұйымдарының 4 филиалын ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ 2029 жылға дейін 20040 орынға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жоспарлануда.

Елорда оқушылары күзгі каникул кезінде қаладағы кітапхана, музей, театрға барып, түрлі спорт іс-шараларына қатысып, демалысын мазмұнды өткізбек. Мысалы, Астана қаласындағы №38 мектеп-лицей директоры Қадыр­қазы Мұқановтың айтуынша, күзгі демалыста оқушылар бірнеше іс-шараға қатысады. Мектеп-лицейде қалалық пәндік олимпиадаға қатысатын оқушылардың даярлығы, арт-спорт бойынша үйірмелерге қатысатындардың (теннис, қазақ күресі, домбыра, би) жұмысы жалғасады. Сондай-ақ мектеп бойынша сынып жетекшілері мәдени орындарға саяхат, театрға баруды ұйымдастырады, «Ұшқыр ой» дебат бойынша жолдастық кездесу өтеді, инклюзивті білім алатын балалармен мозаика, құм терапиясы, саз балшықпен жұмыс, қолөнер шеберлігі сабағы жүргізіледі. Балаларды шынықтыру мақсатында волейбол, баскетбол секциялары өз жұмысын жалғастырады.

– Астана қаласы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияда оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 7-8-сынып оқушыларына «Абай» дебат клубы үш күндік дәріс өткізді. Осы аптада Қожа Ахмет Ясауи мұраларын оқу бойынша эссе жазу, «Балалар кітапханасы» жобасы бойынша «Кітап – асыл қазынамыз» видеролик байқауы және оқушылар арасында ұлттық ойындар мен спорт іс-шараларын өткізу жоспарланған, – дейді мектеп директоры Айгүл Кашаева.

Балалар музейге барды

Астанада елордалықтар, қала қонақтары жиі баратын жер – қаладағы ең алғашқы мұражайдың бірі – Сәкен Сейфуллин музейі. Күзгі каникулда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті Шынар Әбиір музейге соғып, аралап, оқушылардан әсерін сұраған еді.

– Маған музей ұнады. Мұнда түрлі экспонатты көрдік. Сонымен қатар көптеген қызықты мәліметтер алдық, – дейді 9 «Ғ» сынып оқушысы Ерсейіт Нұрмахан.

Сыныптасы Бибінұр Жексен «Біздің мектепте Республика күніне орай өткен жарыста 2-орынды иеленгеніміз үшін музейге сертификат берген еді. Біз, Сәкен Сейфуллин музейіне келместен, бұрын көптеген музейге барып, қызықты ақпарат пен жаңа білім алдық. Мұнда да тұлғаның өмір жолын, тарихтағы орнын білу үшін келдім. Осылайша күзгі демалысымды пайдалы өткізуге тырысып жүрмін» дейді.

– Сәкен Сейфуллин музейіне сыныбымызбен келдік. Сәкен атамыздың шығармашылығымен мектепте танысқанбыз. Қазақ халқы үшін аянбай еңбек еткен ірі тұлғамыздың бірі. Мен жазушының «Тар жол, тайғақ кешу» шығармасын білемін. Музейден аталған шығарманың араб графикасына негізделген төте жазуы арқылы жазылған кітаптың түпнұсқасын көріп қуанып қалдым. Мен өскенде аталарымыз сияқты ел үшін қызмет етуді, кітап жазуды, атақты болуды және Ұлттық қауіпсіздік комитетінде еңбек еткім келеді, – дейді 9 «Ғ» сынып оқушысы Нұрлыбек Қалдыбай.

Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі Бауыржан Томпышев «Мектебімізде Республика күніне орай жарыс өткен. 9 «Ғ» сыныбы 2-орынды иеленіп, Сәкен Сейфуллин музейіне сертификат сыйлады. Жалпы балаларды демалыс кезінде әртүрлі мәдени орынға алып барамыз. Бұл жерге Сәкен Сейфулиннің шығармашылығымен және тұлғаны жақын тану мақсатында келдік. Музейден өте қызықты мәліметтер алдық. Тұлғаның өзі қолданған заттарын көріп балалар тамсануда. Оқушылардың күзгі демалыс уақытын дұрыс және мақсатты түрде жоспарлап, тиімді өткізіп жатырмыз. Балалар демалыста құр ұялы телефонда отырмай, тарихи танымын кеңейту үшін мәдени ошаққа келген жайымыз бар» деді.

– Биыл музейдің ашылғанына 35 жыл толды. 1988 жылдың 21 қаңтарында Қазақ КСР Кеңесінің Жарлығы және Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қоюымен ашылған. Жалпы ғимараттың өзі де ескі ескерткішке жатады. Бұл ғимарат – 1846 жылы ақмолалық көпестің салдырған үйі. Бұл жерде Сәкен Сейфуллин тұрмаған. 1920 жылы бұл жерде газеттің редакциясы болған екен. Осы жерге ол келіп-кетіп жүрген, қызмет еткен. Ашылмас бұрын көптеген зерттеу жұмысы жүргізіліп, туған жерінен, туысқандарынан, жары Гүлбаһрам сақтаған экспонаттар әкелінді. Келушілер көбінесе Сәкен Сейфуллиннің тұтынған заттарына қызығады. Оның ішінде өзінің киген костюмі, аяқ киімі, портмонелері, француз әтірінің флаконы бар. 2022 жылдың жаз айында отбасы қолданған заттары қосылды. Бұл уақытқа дейін Алматының Орталық музейінде сақталған. Себебі 1973 жылы Сәкеннің жары Гүлбаһрам дүниеден өткеннен кейін, ол заттар сол музейге тапсырылған екен. 2020 жылы біз онлайн форматқа өттік. Түрлі мақала, видео, фотосурет жарияланып, әлеуметтік желіде белсенділіктің әсерінен болуы керек, келушілер саны артты. Оның ішінде студенттер, оқушылар, қала тұрғындары, шетелдік азаматтар да келеді, – дейді музей экскурсоводы Камила Үйсінбаева.

Елордалық оқушылардың күзгі каникулы осылайша мазмұнды, қызықты өтуде. Қаладағы түрлі ойын-сауық кешеніне, спорт іс-шараларына барып, қоғамдық жұмыстарда белсенді болып жүрген астаналық оқушылар аз емес.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button