Басты ақпаратМәселе

Халық қарызға қалай батты?

 Рас, қазір қазақстандықтар қарызға белшесінен батып, кредиттің қамыты еңсесін басуда. Елде белгілі бір саяси науқан басталатын болса, халық арасында «кредит кешірілетін болды» деген ақпарат желдей еседі. Президент халықтың қарызы қалыптасқанына алаңдайтынын білдіріп, Үкімет пен Amanat партиясына «Қарызсыз қоғам» жобасын дамытуды тапсырды. Жақында қазақ қоғамындағы күрделі мәселе Парламент тыңдауында жан-жақты талқыланды.

БӘРІ ЖАҚСЫ МА?

Парламент сағатынан ке­йін Үкімет отырысында кредит мәселесі арнайы қаралып, ­Премьер-министр Әлихан ­Смайылов халықтың шамадан тыс кредит алуын түбегейлі шешуде заңнамалық түзетулерді жан-жақты пысықтап, Парламентке енгізуді, барлық облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қаласында халықпен тікелей жұмыс істейтін «Қарызсыз қоғам» жобасының өңірлік кеңсесін құрып, ел тұрғындарының қаржылық сауатын арттыру керегін тапсырды. Сосын оқу бағдарламасына қаржылық сауатын арттыратын арнайы пәнді енгізу туралы айтылды.

Бізге маңыздысы: Парламент тыңдауында қандай мәселелер көтерілді? Кім не айтты? Осы тақырыпты тарқатып, қаржыландыру жүйесіндегі кемшіліктерді саралаймыз.

Жиынның маңызын түсіндірген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов: «Халықтың 84 пайызында (8,4 миллион адам) екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарызы бар. Бұл көрсеткіш 1,5 жылда 27 пайызға өсті. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі 1,4 триллион теңгені құрайды. Бұл дегеніңіз – 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Мұның бәрі кредиттеу жүйесінде проблема асқынып кеткенін көрсетеді» деді.

Мәжіліс спикері қоғамдағы өзекті мәселені тура айтса да, әдеттегідей, кез келген проблеманың тігісін жатқызып, Үкімет «сүттен ақ, судан таза» деп көрсетіп, ал халықты сауатсыз, өз қаржысын жоспарлы жарата алмайтын етіп көрсетуге талпынғандар табылды. Мәселен, «Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы Мақпал Шенгелбаеваның сөзінше, ел тұрғындарының «кредитке тәуелділігі» бар, кредитті алады, жабады. Сосын қайтадан алады. Осылай ойнап жүр. Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутованың айтуынша, халық кредитті көптеп алуына COVID-19 пандемиясы әсер етті.

Қазақстан Ұлттық банкі бекіткен кредиттің пайыз мөлшері – 16,75. Соғыс жағда­йындағы Ресейде бұл көрсеткіш бізден едәуір төмен. Ресейдің Орталық банкі 9,46 пайыз деңгейінде ұстап тұр. Балтық елдері – Литва, Латвия және Эстонияда 6-7 пайыз аралығын құрайды. Жасыратыны жоқ, біздің елде кредиттің па­йызы жоғары болуына мүдделі топтар бар

Бәлкім, Парламент мінберінде сөз алған спикерлер халықтың шынайы ахуалын білмейтін шығар. Олай болса халықаралық институттардың дерегін келтірейік. Дүниежүзілік банк табысының 40 пайызын азық-түлікке жұмсаса, ондай адамды кедей санатына қосады. Осы өлшеммен қарайтын болсақ, Қазақстан кедей елге жатады. Бірнеше жыл бұрын қазақстандықтар пәтер немесе көлікке кредит арқылы қол жеткізсе, қазір Kaspi Red-пен азық-түлік алады. Қазақстандықтар қаржысының 40 пайызын азық-түлікке жұмсайды, тек 1,9 пайызын рухани-мәдени және спорт-сауықтыру бағытында шығындайды. Бұл көрсеткіш озық елдерде керісінше. Мысалы, Ұлыбритания тұрғындары қаржысының 10 пайызын ішіп-жейтін тағамына, 13 пайызын бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арнайды.

Сөзсіз, Парламент тыңдауындағы тақырып қазақ қоғамында өте өзекті. Әрі «билік бір шешімін табар» деп елеңдеп отырған қаншама адам бар. Алайда халық кредитті алуды шектемей, жағдай өзгермейді. Мұны Үкімет мүшелері Парламент тыңдауында анық аңғартты.

– Егер жөн-жосықсыз кредит алу азаймайтын болса, мемлекет тарапынан халықтың табысын көтеруге бағытталған шараның нәтиже беруі екіталай. Ең бастысы, бұл – әр азаматқа, әр отбасына тікелей қатысты өткір мәселе. Біз бұл проблеманы мұқият зерттеп, оңтайлы шешімін табуымыз керек, – деді Ерлан Қошанов.

Премьер-министр орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та кредит мәселесі күрделі екеніне назар аударып, тұтыну несиесі бойынша қарыз жүктемесін шектеу шарасы заңнама деңгейінде қайта қаралатынын айтты. Құзырлы басшының сөзінше, келешекте заңнамалық норма енгізіліп, халықтың шамадан тыс кредит алуын шектейді. Бірақ халықтың тұрмыс деңгейі көтеріліп, мәселе оң шешімін таба ма? Негізі, осы сұрақтың жауабын табу маңызды еді. Халықтың тұтыну қабілеті тым төмендеп, тіпті азық-түлікті кредитке алуда. Неге? Өйткені кедейленіп кетті.

Қаржы нарығын реттеп, дамытуға жауапты мемлекеттік орган бәрі дұрыс, бәрі жақсы дегенге саятын жауап айтты. Осы салаға жауапты агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова 1 миллион теңгеге дейінгі кепілсіз тұтыну кредиті қарыз сомасының 27 пайызын, 1-ден 3 миллион теңгеге дейін – 34 пайыз, 3-тен 5 миллион теңгеге дейін – 19 па­йыз, 5 миллион теңгеден жоғары кредит 21 пайызды құрайтынын хабарлады. Сонымен қатар биыл 7 айда микроқаржы ұйымдарында тұтыну несиесінің (шағын) көлемі 11,6 пайызға артып, 725 миллиард теңгеге жетті. Тұтыну кредитінің өсуін және қарыз сомасын шектеу үшін агенттік банктер мен микроқаржы ұйымдарының меншікті капиталына қойылатын талапты күшейтуге бағытталған шараларды қабылдады. Атап айтқанда, микроқаржы ұйымы кредит портфеліндегі 90 күннен астам мерзімі өткен микрокредиттер үлесіне 20 пайыз деңгейінде ең жоғары шек енгізді.

Халықты «кредит кешіріле ме?» деген сұрақ мазалайды. Бұл сұраққа агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова былай деп жауап берді: «Өкінішке қарай, 2019 жылы кредит кешірілгеннен кейін қаржы секторында кредиттің көлемі қайтадан өсіп кетті. Оның ішінде проблемалы кредиттер де көбейді. Сол себепті біз мемлекет қаржысын бөліп, несиені қайта-қайта кешіре берсек, одан осындай жаңа кредиттер пайда болады».

«Қарызсыз қоғам» бағдарламасына қатысушы Сағидолла Жұматаев пен көпбалалы ана Мөлдір Тұрысбекова кредит алуға байланысты бастан кешкен жағдайымен бөлісті.

ЖОҚ, ЖАҚСЫ ЕМЕС!

Протокол бойынша баяндамашылар «бәрі жақсы, бәрі бақылауда» деп сөз сөйлейді. Кезек сұрақ-жауапқа келгенде депутаттар ойын бүгіп қалмады, сұрағын қарша жаудырды.

Қазақстан кедей елге жатады. Бірнеше жыл бұрын қазақстандықтар пәтер немесе көлікке кредит арқылы қол жеткізсе, қазір Kaspi Red-пен азық-түлік алады. Қазақстандықтар қаржысының 40 пайызын азық-түлікке жұмсайды, тек 1,9 пайызын рухани-мәдени және спорт-сауықтыру бағытында шығындайды. Бұл көрсеткіш озық елдерде керісінше

Жоғары пайызды кредит, коллекторлық қызмет, интернет-алаяқтық, лудоманияның қоғамға әсерін депутаттар Анас Баққожаев, Серік Егізбаев, Руслан Берденов, Вера Ким, Дәулет Мұқаев, Татьяна Савельева, Ерлан Стамбеков, Мақсат Толықбай көтеріп, шұғыл шаралар қабылдауға шақырды.

Кредит – ақша қатынасындағы маңызды экономикалық категория. Дамыған елдерде кредитті халықты әлеуметтік-­экономикалық тұрғыда сауықтыру құралы ретінде қарастырып, өз ісін, өз кәсібін ашу үшін береді. Кредиттеудің негізгі функциясы – қолма-қол ақшаны қайта бөліп, ақшаны айналымға түсіреді. Кредит қызмет нарығын кеңейтеді және өндірістің өсуін жылдамдатады. Бәрінен бұрын адамның өмір сүру деңгейін жақсартады. Халықаралық тәжірибеде солай. Алайда біздің елде қарапайым халықтың емес, белгілі топтың жағдайын оңалтып тұр.

Парламент тыңдауында қоғамдағы өткір мәселені өткір айтқан депутаттар болды. Соның бірі – Ермұрат Бәпи.

– Әрине, Үкіметтің халыққа жанашырлықпен несие алма деп ақыл айтып жатқаны дұрыс қой. Бірақ аш адамға ақыл қонбайды. Мынау қымбатшылық кеңірдіктен қысқан кезде ол адамға ақыл жүре ме екен? Сондықтан халықтың қарызын іздеу мәселесінен мына мәселені қозғағым келеді. Прокуратура, сіздер Ескі Қазақстанның халық алдындағы қарызын неге іздемейсіздер? «Сауықтырамыз» деп Ұлттық қордан банктерге берілген триллиондаған теңге қарызды қайтаруды неге талап етпейсіздер? – деді Ермұрат Бәпи.

Ал мұндай жағдайға қалай, қашан жеттік? Мұның негізгі себебі неде? Бұл туралы депутат Ерлан Саиров сөз етті.

– Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заңы арқылы қарызға белшесінен батқан ел тұрғындары құтылып, қой үстінде бозторғай ұялаған заман болуы керек еді. Алайда бәрі керісінше болып, 68 мың адамның 5,5-і ғана банкроттығын растады. Қайта кредит алудың динамикасы артып, 1 айдың ішінде 2,5 миллион адам банктен қарыз алды. Нәтижесінде 9,2 триллион қарыз қалыптасты. «Кредит алады» деп халықты кінәлауға әсте болмайды. Себебі адамдардың күнкөріс деңгейі төмендеп кетті. Қазір кредитті ет, нан, макарон үшін алады. Үкімет себебі емес, салдарымен күресіп жатыр. Алдымен кедейлікпен күресу керек. Осы бағытта қандай шаралар атқарылады? Біз осыны білгіміз келеді, – деді Ерлан Саиров.

Өте орынды қойылған сұрақ. Соңғы жылдары қоғамда жаппай кредит алу үдерісі байқалады. Қазақстанда экономикалық белсенді халық саны – 9 миллионға жуық. Оның 7,5 миллионы банктен қарызға ақша алды. Соңғы жылдары кредитті кредитпен жабатын адамдар саны көбейді. Осылайша бір басында 12 кредиті бар адамдар қалыптасты. «Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы Мақпал Шенгелбаеваның таңғалып, «адамдар ойнап жүр» деуі – осы мәселе. Біздің Үкімет негізгі себебімен емес, салдарымен күресуге бой үйреткені қашан?! Ең қиыны да осы.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Маусым айындағы Мәжіліс отырысында депутаттар Абзал Құсман мен Данабек Исабеков Үкімет басшысына кредиттің пайыз мөлшерін төмендетуді ұсынып, сауал жолдады.

Қазақстан Ұлттық банкі бекіткен кредиттің пайыз мөлшері – 16,75. Соғыс жағдайындағы Ресейде бұл көрсеткіш бізден едәуір төмен. Ресейдің Орталық банкі 9,46 пайыз деңгейінде ұстап тұр. Балтық елдері – Литва, Латвия және Эстонияда 6-7 пайыз аралығын құрайды. Жасыратыны жоқ, біздің елде кредиттің па­йызы жоғары болуына мүдделі топтар бар. Бұл туралы газеттің №85 (4518) нөмірінде «Кредит саясатына өзгеріс керек» атты мақалада «Кредит мөлшері депозитке тікелей әсер етеді. Ұлттық банк кредиттеуді 16,75 пайыз деңгейінде бекітсе, екінші деңгейлі банктер депозитке салған қаржыны 16-18 пайыз үстемемен кепілдендіреді. Мәселен, банкке 100 миллион теңге депозит салса, онда ай сайын 16 миллион теңге табыс табады» деп талдаған едік.

Қазақстанда экономикалық белсенді халық саны – ­9 миллионға жуық. Оның 7,5 миллионы банктен қарызға ақша алды. Соңғы жылдары кредитті кредитпен жабатын адамдар саны көбейді. Осылайша бір басында 12 кредиті бар адамдар қалыптасты

Көрдіңіз бе, халық қарызға белшесінен батып отырса да, Үкімет пен Ұлттық банк кредиттің пайызын төмендете алмайды. Біріншіден, оған ықпал ететін лоббист топтар бар. Екіншіден, экономиканы құлдыратып алудан қорқады. Шикізат экспорттаушы елдің экономикалық қуаты түсінікті-ақ.

Экономист Мақсат Халық екінші деңгейлі банктер тұтыну кредитін 56 пайызға дейін емес, 30 пайызбен шектеуді айтса, экономист-сарапшы Жанкелді Шымшық 56 пайыз қайдан шыққанын түсіндірді. «Екінші деңгейлі банктер қарызға ақшаны қайдан алады? Әрине, Ұлттық банктен. Елдегі нарықты реттейтін негізгі банк 16,75 пайызбен қарыз береді. Қаржы институттары табыс табу үшін кем дегенде 8 пайыз қосады. Енді 16,75-ке 8-ді қоссаңыз, 24 пайыз шығады. Тағы да 24 пайызбен тұтыну кредитін бере алмайды. Себебі инфляцияны есепке алады. Өткен жылы орта есеппен инфляция 20 пайыз болды. Олай болса, 24 пайызға тағы 20 пайыз қосуға тура келеді. Оған банк секторы өзінің түрлі қызмет түрін қосады. Сөйтіп, 56 пайыз шыға келеді» деді экономист. Міне, мәселе қайда жатыр. Көрдіңіз бе, елдегі қымбатшылыққа байлар мен Орталық банк тікелей жауапты.

Әлем елдерінің тәжірибесі қалай? Take-profit.org биржа порталының мәліметінше, әлемде кредит мөлшері төмен ел – Перу. Бұл елдің Ұлттық банкі 0,76 па­йыз мөлшерінде кредит береді. Екінші орында Жапония тұр. Ондағы Орталық банк екінші деңгейлі банктерді 1,45 пайызбен кредиттейді. Тайваньда – 3,13, Данияда – 3,5, Нидерландыда – 3,78, Ирландияда – 4, Хорватияда – 4,07, Қытайда – 4,35, Люксембургте – 4,4, Францияда – 4,42, Кувейтте – 4,71, Испанияда 4,96 пайыз деңгейінде белгіленді.

Біздің елде банкаралық мөлшерлеме де өзге елдермен салыстыр­ғанда тым жоғары. Банкаралық мөлшерлеме – коммерциялық банктердің бір-біріне қысқа мерзімге несие беретін пайыз мөлшерлемесі. Қазақстанда банктер арасындағы қатынастың бұл түрі 10,5 пайыз деңгейінде жүрсе, рейтингте 12-сатыда тұрған Испанияда -0,38 пайыз деңгейінде.

Осы ретте экономист Мақсат Халық: «Кредиттің пайыз мөлшері төмен болса, халық өз жағдайын өзі реттеп алады» деген ойын қуаттаймыз.

P.S: Геосаяси, геоэкономикалық текетірес салдарынан әлем елдерінің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан байланысы үзіліп, қымбатшылықпен бетпе-бет келді. Қазір қымбатшылық ғаламдық үдеріске айналды. Тіпті тежеу мүмкін емес. Дұрысы, халықтың табысын арттыру бағытында шағын және орта бизнесті дамытып, экономиканы әртараптандыру маңызды. Қысқасы, шикізаттық елден индустриялы елге айналудың жолын табу керек. Үкімет осы бағытта ойлануы қажет.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button