Елорда тынысы

Бас қалада Петөфи көшесі ашылды

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның Қазақстанға ресми сапары аясында Астанада Мажар ақыны Шандор Петөфи атындағы көше ашылды.

Салтанатты іс-шараға Венгрияның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Питер Сийярто, ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және елорда тұрғындары қатысты.

Венгр халқының ұлттық поэзиясының ең көрнекті өкілі және 1848-1849 жылдардағы революция­ның белсенді қайраткерлерінің бірі Мажарстанның тәуелсіз демократиялық ел болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан болатын. Оның «Ұлтқа», «Дунайда» және «Тұтқындағы арыстан» өлеңдері мажар халқы патриотизмінің ерекше символына айналған. Ақынның бұл шығармалары бүкіл әлемге танымал және көптеген тілге аударылды. Осы туралы айта келе, Сыртқы істер министрі Қазақстан мен Мажарстан ежелден келе жатқан тарихи байланысқа ие және бұл маңызды бастама мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ жаңа белестерге шығаруға қосымша серпін бергенін атап өтті.

– Қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, өмірдегі ең үлкен бақыт – ұлтқа қызмет ету. Ш.Петөфи де өз елінің игілігі үшін жанын пида еткен, жанын қиған азамат. Сондықтан барлығымыз үшін бұл ортақ жақсылық деп ойлаймын. Елорда төрінде мажар халық ақыны көшесінің ашылуы тарихы ортақ бауырлас халықтарды байланыстыратын тағы бір соқпақ жол ретінде санаймыз. Биыл Қазақстанда атақты венгр ақын Шандор Петөфидің 200 жылдығы атап өтілді, ал бүгін біз оның құрметіне еліміздің бас қаласында көше ашу үшін бас қосып отырмыз. Бұл – ортақ тарихи тамыры бар екі халық арасындағы достықтың тағы бір белгісі, – деді Мұрат Нұртілеу.

Көшеге Мажарстан ақынының есімін беру туралы шешімді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Елорданың Есіл ауданындағы Тұран мен Қабанбай батыр даңғылдарын жалғайтын бұл көше бұрын шартты түрде Е-108 деп аталатын. Енді оған салтанатты жағдайда мажар ақыны Шандор Петөфидің есімі берілді. Көшенің ұзындығы – 650 метр.

Венгрияның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі өз кезегінде Қазақстанға көп жылғы ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.

– Қазақстан мен Венгрия – мәдениеті бай және тарихи ерекшеліктері ұқсас елдер, сондықтан біздің ынтымақтастығымыз бірінші кезекте өзара түсіністікке негізделген. Мұндай сенімді қарым-қатынас – екі ел үшін де даму жолында жақсы қолдау, – деді Питер Сийярто.

Ол сондай-ақ ақынның 1000-нан астам шығармасынан тұратын жинағы қазақ тілінде жарияланатынын ерекше атап өтті.

Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің айтуынша, бұл көше Нұра ауданы әкімдігінің жанында орналасқан. Екінші бетіне былтыр татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың есімі берілген еді. Бұл ретте басқарма басшысы екі бауырлас халық ақындарының есімі қатар орналасуының да символдық мазмұны жағынан сәйкес келетінін жеткізді.

Бұған дейін Венгрия Астанасы – Будапештте «Астана» көшесі ашылып, Абай Құнанбаевтың ескерткіші орнатылған болатын.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button