Әлеумет

Дабыл қондырғысы орнатылды

Елордада жеке тұрғын үй секторында өрттің алдын алу мақсатында жыл сайын түрлі акция ұйымдастырылып тұрады. Қарашаның 2-сі күні бас қалада «Қауіпсіз жанұя» ауқымды іс-шарасы басталды.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан акция Бөгенбай батыр даңғылы, 4 мекенжайында орналасқан №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жеке құрамның сап түзеуімен басталды. Содан соң Астана қаласы Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бас­тығының орынбасары Ажар Рүстемова жеке тұрғын үй секторында өрттің алдын алуға бағытталған үгіт-профилактика жұмыстарының тұрақты негізде жүргізіліп тұратынын жеткізді. Айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бері Астана қаласы бойынша жеке үйлерде 159 өрт болды, соның салдарынан 3 адам қаза тауып, 22 адам жарақат алған.

– Тұрғын үй секторларындағы өрттің негізгі себептері пешпен жылыту, электр жабдықтарын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы және т. б. көптеген салғырттықтан болып жатады. Осыған байланысты 2023 жылғы 2 қарашадан бастап 5 қарашаға дейінгі аралықта жеке тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша «Қауіпсіз жанұя» ауқымды акциясы өтуде. Оған құтқарушылар, еріктілер, полицейлер, жергілікті атқарушы органның және әлеуметтік қорғау­дың өкілдері қатысып, іс-шара барысында қала тұрғындарына өрт кезіндегі қимыл-әрекеттер, электр желілері мен аспаптарды, жылыту жүйелерін қолдану, өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуын анықтау, улы газ датчиктерін орнату бойынша түсіндіру-алдын алу жұмысы жүргізіліп жатыр, – деді А.Рүс­темова.

Жыл сайын жылыту маусымы кезінде адамдардың өрттен қайтыс болуы мен жарақаттануы орын алады. Мамандардың мәлімдеуінше, мұның бәріне себеп – салғырттық. Акцияны ұйымдастырудағы басты мақсат осындай келеңсіздіктер мен оқыс оқиғалардың алдын алу екен. Бұл ретте басқарма қызметкерлері жекеменшік тұрғын үйлерді аралау арқылы жылыту жүйелеріндегі, электр желілері және жабдықтар бойынша кемшіліктерді тексеріп, тілсіз жаудың алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын мекенжайларға рейдке шықты.

Қалалық ТЖД басқармасының Алматы ауданы бо­йынша бас инженері Сағынтай Қадырбековтің айтуынша, биыл әлеуметтік осал топқа жататын 200 отбасыдан өтініш түскен. Акция барысында, пештер мен мұржаларды, электр жылытқышының дұрыс орнатылуына басты назар аудара отырып, мамандар жылыту құралының айналасындағы жарықты бітеу керегін, оның алдына міндетті түрде металл қаңылтыр қойып, құбырды үш айда бір рет тазалап тұрудың қажеттігін ескертті. Содан соң өрт қауіпсіздігі айлығының аясында елордалық тұрғындардың үйіне жылыту маусымы кезінде иіс тиіп қалмас үшін улы газды анықтайтын дабыл қондырғысын тегін орнатып берді. Бүгінде Алматы ауданы әкімдігімен бөлінген 100 датчиктің 62-сі әлеуметтік осал топтардың үйіне орнатылды.

Өткен пеш жағу маусымында жеке тұрған 110 үйден өрт шыққан болатын. Дегенмен бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 23 пайызға кем. Жалпы Астана қаласы бойынша барлығы 935 тұрғын үй есепте тұр және де жатақхана мен коммерциялық қызмет ретінде қайта жасалған 1162 тұрғын үй-жай бар. 2022-2023 жылыту маусымында қала бойынша тұрғын үйлерге 308 датчик орнатылды. Соның нәтижесінде былтыр қалада болған өрттің бірінде дыбыстық құрылғының көмегімен бүтіндей бір отбасы аман қалған.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button