Басты ақпарат

«Көгілдір отын» келетін күн алыс емес

«Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысын жыл соңында аяқтап, Нұр-Сұлтан қаласында газ тарату желілерін салу, жеке сектор тұрғын алаптары мен энергия кешенін табиғи газға ауыстыру бойынша Жол картасы өткен жылдың шілдесінде бекітілген болатын.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорданы газдандыруды тапсырды. Бүгін желі құрылысы басталды. Жобаның іске асырылу мерзімі де, сапасы да қатаң бақылауда болады. Келесі жылу беру маусымы басталғанға дейін адамдар газды үйге өткізіп үлгеруі үшін жобаның бірінші кезеңін 2020 жылдың жазында аяқтау көзделіп отыр. Техникалық қадағалау төсемнің тереңдігін, жылу оқшаулау нормаларын, газ құбырларының түйісулерін және орындалатын жұмыстың сапасын зерделеуге тиіс. Мерзімі бойынша тездету керек» деген қала әкімі Алтай Көлгінов газ құбырының негізгі магистральдары жыл соңына дейін жүргізілетінін айтты.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында газ қабылдау мен тарату жұмысы екі бағытта жүргізіліп жатыр. Бірінші бағыт – газ тарату коммуникацияларын №1 жылу электр орталығы мен №2 жылу электр орталығына тарту жұмыстары. Газдың негізгі тұтынушылары осы екі орталық болады, яғни Астанаға келетін газдың 90 пайызын тұтынады. Екінші бағыт бойынша – тұрғындарға газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде. Жобаның бірінші кезегінде жылу электр орталықтарына, «Көктал-1», «Көктал-2» ықшам аудандарына, Железнодорожный кентіне, Оңтүстік-Шығысқа (оң және сол) дейін газ тарату желілеріне отын беруді көздейді. Бірінші кезек аяқталған соң 13,5 мың үйдің тұрғындары көгілдір отынның қызығын көрмек. Жобаның екінші кезегінде Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар, Тельман, Пригородный, Garden Village, Family Village тұрғын алаптары тұр. Ал Ильинка, Шұбар, Өндіріс тұрғын алаптары үшінші кезекте газдандырылатын болады.
Жобалаушылардың айтуынша, газ тарату желілері көше желісі бойынша жүргізілетін болады, арнайы есептеуіштер де қарастырылған. Жеке сектор тұрғындары газды тікелей көше желісінен үйлеріне қосады. Газ өткізу атмосферадағы зиянды қалдықтарды 6 есеге, қатты заттарды 35 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік бермек.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button