ЖаңалықтарМәдениет

Коко құпиясы

23 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында «Коконың құпиясы» атты диснейлік мультфильмін тамашалай аласыздар. Қазақ тілінде. Иә, бұл – «Болашақ» қауымдастығының бастамасымен осымен 23-рет қазақша дубляждалып отырған анимациялық фильм.

Мигель есімді мексикалық баланың басынан өткен хикая ешкімді бей-жай қалдырмайды. Қашан да отбасылық құнды­лықтарды дәріптейтін «Дисней» бұл жолы «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді алға тартады. Сюжет желісі бойынша, Мигель танымал музыкант болуды армандайды. Алайда үй-іші оған түбегейлі қарсы. Кезінде ән айтып, би билеп, отбасын өнерімен асырап жүрген атасы бір күні үйіне оралмайды. «Ол бізді тастап кетті» деп топшалаған Эмильда әже үйдегі бар музы­калық аспаптарды далаға лақ­тырып тастап, аяқ-киім тігуге білек сыбана кіріседі. Кәсіп ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Міне, осы тұстан бастап әулеттің қалыптасқан қағидасы бойынша ешкімнің музыкамен айналысуына рұқсат берілмейді. Музыканың кесірінен күйеуінен айырылған Эмильда әженің қызы Коко құпиясын немересі ашуға тырысады.
Дубляж режиссері ретінде астаналық әртіс Шах-Мұрат Ордабаев таңдалынып алынды. Ал 12 жасар Мигельдің дауысын Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қа­зақ музыкалық драма теа­тры­ның актерлері Нұр­кен Өтеуілов және Айнұр Бер­­­мұхамбетованың ұлдары Ақ­арыс Әшімхан салды.

«Ақшамның» анықтамасы:
• Жобаға тартылған ең жас әртіс – Ақарыс Әшімхан 12 жас­та, ал жасы ең үлкен әртіс, ҚР Халық әртісі, профессор Құралай Ешмұратова 73 жаста.
• Әртістерге қойылған басты талап – міндетті түрде ән айта білу, себебі мультфильм кейіпкерлері күрделі вокал партияларын орындайды.
• Өзін сынап көрген 25 баланың ішінен үздік болып танылған Ақарыс Әшімхан дубляжды 5 күннің ішінде жасаған.


«Жұмыстың бес күні де ұна­ды, өте қызық өтті. Режиссер Шахмұрат ағаны тыңдамайтын кездерім де болды. Басты кейіпкер өнерге жақын, ән айтқысы келеді. Мультфильм­де төрт ән бар, соның барлығын өзім орындап шықтым. Фильм балаларды достыққа баулу, ата-аналарды құрметтеу, ата-бабаларды ұмытпауға шақырады» дейді жас әртіс.

 

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button