Жаңалықтар

КӨМІР ТАСЫМАЛЫ ТҰРАҚТЫ



Кеше Астана қаласындағы көмір сататын кәсіпорындарға баспасөз туры өтті. БАҚ өкілдері қырқыншы стансадағы және Абай-Жұбанов көшелерінің қиылысындағы теміржолдың тұйық­талған жерінде, яғни қатты отын сатылатын орындарда болды.

Тілшілерге сұхбат берген Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы өнеркәсіпті дамыту бөлімінің жетекшісі
Азамат Рашитов:
– Бүгінде қалаға көмір тұрақты түрде келіп тұрады. Отын тапшылығы жоқ. Бұл тұрғыда дау-дамай да басылды. Елордаға соңғы 3 күн ішінде 150 вагон, яғни 10 мың тонна шұбаркөл көмірі жеткізілді. Отынның артығымен жеткізілуінің арқасында Шұбаркөл көмірінің бағасы 14500 теңгеден 11500 теңгеге дейін төмендетілген болатын. Әкімдікте отын тасымалдануы мен баға тұрақтылығы туралы күніне екі рет мониторинг жасалады. Тұрғындардан жедел желі арқылы күн сайын келіп түсетін сауалдарға жауап беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ал алыпсатарларды бақылау мақсатында үнемі рейд өткізіліп тұрады. Егер олар құрықталған жағдайда, заңнамаға сәйкес жауап береді, – дейді.
Көмір сататын кәсіпорындағы тұтынушылардың бірі Нұрсұлтан Есқазиев тілшілерге берген сұхбатында көмір бағасын төмендетіп, халыққа тиімді жағдай жасағаны үшін атқарушы билікке алғысын айтты.
2009 жылдан бері Астанаға Қаражыра көмірін тасымалдаушылардың бірі – «Umar.kz» ЖШС. Аталмыш кәсіпорын директорының орынбасары Алмаз Есмурзин бұл жолы Абай-Жұбанов көшелерінің қиылысындағы отын сататын орынға 5 вагон, яғни 350 тонна Қаражыра көмірінің жеткізілгенін айтады.
– Әлі 28 вагон көмір жолда келе жатыр. Жалпы, мұнда отын толассыз әкелінуде. Негізінде, тұтынушыларға бастысы баға емес, көмірдің тоқтаусыз келіп тұрғаны маңыздырақ сияқты. Өйткені қазір алдындағыдай дау-дамай жоқ, – дейді ол.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, көмір сататын орындарда қатты отын ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап болған. Тек тұтынушылардың өздері күн суытқанға дейін ала жаздай арқаны кеңге салып жүрген. Ал ауа райының күрт құбылған уақытында кәсіпорындардағы көмір қорын елордаға жақын орналасқан өзге де өңірлердің тұрғындары алып кеткен көрінеді.
Соның салдарынан қала тұрғындары көмір тапшылығын сезініп, аздаған әбігер туған. Дегенмен әлі де кезекте тұрған жүк көліктерінің бірқатары басқа облыстардікі болып шықты. Бұл тұрғыда өз еншісін алып қалуы үшін елорда тұрғындарының ертерек қамданғаны абзал.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button