Жаңалықтар

ӨЗІНЕ-ӨЗІ ҚОЛ ЖҰМСАУ – ҚАСІРЕТ

Астана қаласында үстіміздегі жылдың тоғыз айында 681 суицид, яғни өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасы тіркелген. Соның 61-і өндіріске алынып, 620-сының үстінен қозғалған қылмыстық іс қылмыс құрамы жоқ болғандықтан тоқтатылған. Бұл дегеніңіз, 620 жан иесінің ешкім мәжбүрлемей, басқа біреудің қатысынсыз өз еркімен өмірмен қоштасуы немесе соған әрекет жасауы болып отыр. Неге?

Астана қаласы Ішкі істер департамен­тінде «Суицидтің алдын алу және оның себептерін ескерту» тақырыбында өткен семинарда баяндама жасаған Астана қаласы ІІД тергеу басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Қайрат Артықов мұның себебі көп деп отыр.
Ең негізгі себептеріне от­ба­сындағы кикілжің, пси­хи­­калық көңіл күй, материалдық-тұрмыстық қиын­дықтар, айналасындағы адам­дарға наразылық, тағы басқа да толып жатқан жай­лар жататын көрінеді. Әсіре­се, кейінгі кезде көбірек көрініс беріп жүрген әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың әсерін мамандар бөліп айтып отыр. Бұл – көбіне жасөспірімдерге тән құбылыс.
Осы саланы зерттеп жүрген адамдардың айтуынша, суицидтік мінез-құлық, әсіресе, 13 пен 21 жас аралығындағы психикалық тұрғыдан зардап шеккен жеткіншектерде көбірек білінеді екен. Осы кезде олардың сөйлеген сөздеріне, мінез-құлықтарына аса мән беру маңызды. Мәселен, жасөспірім өз-өзінен тұ­йықталып, ешкіммен ашылып сөйлеспей, сөйлесе қалғанның өзінде де «маған енді бәрібір, менсіз өмірлерің көңілді болар» деген мағынада ішкі жан күйзелісін сездірердей сөздер айтса немесе аяқастынан шамадан тыс белсенділік танытып, қымбат дүниелерін сыйлап, бұрын ренжіскен адамдарымен татуласып, мейірімді, қайырымды бола қалса да, баса назар аударған жөн екен.
Мектептегі суицид те алаң­да­татынын жа­сыруға бол­майды. Жүргізілген талдаулар қорытындысында өз-өзіне қол жұмсаған кәмелеттік жас­қа толмаған балалардың 32 пайызын мұндай әрекетке отбасылық кикілжіңдер, 2,9 пайызын жалғыздық, 6,9 па­йызын туыстармен болған келіспеушіліктер итермелейтіні белгілі болған.
«Жасөспірім басқалардан ерекшелену мақсатында мінез көрсетеді. Мұндай көңіл күй ер балаларда – 11-13 жаста, қыз балаларда 13-15 жаста жиі кездеседі. Осы кезде балалардың мінезі қыңыр келеді. Олар өте еліктегіш болады, егер де олардың еліктеуі орынсыз болса, баланың тәрбиесі қиындайды, күш-қабілеті тө­мендейді. Баланың бойында сенімсіздік пайда болады. Оларды үнемі «Мен кіммін?», «Не үшін өмірге келдім?» деген ой мазалайды. Кей кездері отбасында әкесі мен шешесіне қарсы шығуы да мүмкін. Кейбіреулері құмар ойын, сау­дагерлік, шылым шегу, ақша­құмарлық сияқты жағымсыз нәрселерге құмартады. Сондықтан ата-ана мен мұғалім бір-бірімен өзара тығыз байланыс жасап, баланың үйдегі мінез-құлқы мен мектептегі мінез-құлқын бақылап отыру керек» дейді дәрігер-маман Екатерина Миронова.
Суицидтің алдын алып, оның орын алу се­беп­терін ескерту мақ­са­­­тында Білім басқармасы өзін-өзі тану пәнін енгізіп, Денсаулық сақтау басқармасы өзіне қол жұмсап түскен науқастармен ауруханаларда психологиялық әңгіме өткізіп, Жастар саясаты басқармасы әлеуметтік флешмобтар
ұйымдастыру тұрғысындағы жұмыстарды бірігіп атқаруға уағдаласты.
– Жастардың өзіне-өзі қол жұмсауы жылдан-жылға көбеймесе, азаймай отыр. Бұл тұрғыда кейбір сайттар мен әлеуметтік желілердің жас буынның психологиясына кері әсерін де айтпай кетуге бол­майды. Оларды өз-өздеріне қол жұмсауға не итермелеуде, себеп қандай, оған қандай факторлар негіз болуда? Бұл – біз үшін алдағы уақытта терең зерттеп, алдын алатын аса жауапты мәселелердің бірі, – деді семинарды қорытындылаған Астана қаласы ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Темірболатов.

Таңатар Төлеуғалиев

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button