Мәдениет

КӨРЕМІН ДЕСЕҢІЗ, ҚЫЗЫҚ КӨП «АЙМАН-ШОЛПАН» ТЕЛЕХИКАЯСЫНЫҢ ТӘЛІМІ

poster

«Қазақстан» ұлттық арнасынан 12 қыркүйектен бастап әр дүйсенбі-бейсенбі аралығында «Айман-Шолпан» телехикаясы көрсетілуде. 100 бөлімнен тұратын фильм дүние есігін ашқан сәттен өмір жолдары екі айрылған, әлеуметтік жағдайы екі түрлі отбасында тәрбие алған егіз қыздар Айман мен Шолпан тағдыры туралы баяндайды.

Оқиға желісіне бас кейіпкерлердің қоғамда алатын орны, өмірге деген әртүрлі, тіпті қарама-қайшы көзқарасы мен ой-түйсігі арқау болған. Сөйтіп, екі отбасындағы түрлі уақиғалар шиеленісі еліміздегі отбасы институтын және отбасы құндылықтарын нығайтуға жетелеп, қоғамның түрлі әлеуметтік тобы арасында өзара сыйластық пен өзара түсінушілік идея­сын насихаттайды.

«Кейіпкерлердің аты неге Айман мен Шолпан? Бұл – кімнің болсын есінде сақталатын есімдер. Ал қазақ халқына тіптен жақын. Әрбір қазақтілді көрермен, қазақтың табиғатын түсінетін адам үшін бұл есімдер өте таныс. Сондықтан фильм тақырыбы бекер таңдалмады» дейді «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова.
Телехикаяда басты рөлде Айман мен Шолпан бейнелерінде актриса Салтанат Бақаева көрінеді. «Фильм түсірілімінің алдында бізді екі үлкен мәселе ойландырды. Бас кейіпкерлердің рөліне егіз қыздарды алайық па, әлде қос рөлге бір актрисаны таңдайық па деп бас қатырдық. Тіпті дауласуға дейін бардық. Айтылған пікірлерді ескеріп, егіз қыздардың арасында 80 жұпқа рөл ойнатып көрдік. Алайда ешқайсысы көңілімізден шықпады. Содан кейін актрисалардың арасында кастинг жарияладық. Солардың ішінде Салтанаттың ойыны талғамымызға сай келді. Бір-біріне кереғар рөлдерді ол тамаша алып шықты. Түсіру жұмыстарын қысқа мерзімде – төрт ай ішінде аяқтадық. Бірақ бұл жайт сапаға әсер етпеді деп ойлаймын» дейді фильмнің продюсері Рустам Азаматов.

Салтанат Бақаеваның өзі де түсірілімнен алған әсерімен бөлісті. «Бұл мен үшін үлкен жоба болды. Осындай фильмде басты рөлді сомдау бірінші рет еншіме тиді. Телехикая арқылы өзімді екі қырынан да танытуға мүмкіндік алдым. Фильм бүгінгі күндегі өзекті мәселелерді тереңнен қозғайды. Қазір қоғамда сәбилерді перзентханадан шығармай ауыстырып жіберу немесе сату жағдайлары жиі орын алатын болыпты. Телехикая сол ащы шындықты әшкерелейді» дейді актриса.
Нұржан Мұхамеджанованың айтуынша, жаңа телевизиялық маусымда телеарна көрермендеріне отандық 8 жаңа телехикая, жалпы алғанда, 200 бөлімнен тұратын контент ұсынылады. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналатын «Шекара шебінде» фильмі, «Іңкәр жүрек» телехикаясының жалғасы, «Сүйе білсең» атты жастарға арналған сериал, Алматының символына айналған апорт алмасын насихаттайтын «Қызыл алма» телехикаясы, т.б. жобалар бар.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button