Sport

КӨРІНГЕН ТАУДЫҢ АЛЫСТЫҒЫ ЖОҚ



«Астана» ҚПЛ-дың 30-турында өз алаңында павлодарлық «Ертіс» командасын қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Өткен ойынға жарақатына байланысты қатыса алмаған Дмитрий Шомко мен Серікжан Мужиков бұл жолы алаңға алғашқы минуттан бастап шықты.
«Астана» кездесудің сөзсіз фавориті саналғанымен, есепті алдымен қонақтар ашып, алаң иелерін кәдімгідей алаңдатып қойды. Бірінші таймның бел ортасында Карлос Фонсеканың қақпа маңына тастаған добын Родриго алыс бұрышқа дәл бағыттады.
Елордалықтар «Ертістің» бұл соққысына қарымта жауапты 52-минутта берді. Екінші таймның басында Марин Томасовты алмастыр­ған Роман Мұртазаев өзіне артылған сенімді ақтады. Ол Давид Лория күзеткен қақпадан саңылау тапты.
Теңесіп тұрған таразы басы 64-минутта «Астанаға» қарай ауды. Патрик Твумаси пенальти теуіп, есепті еселеді. Және бұл гол матч тағдырын шешті.
Осы жеңісімен «Астана» чемпиондыққа бір табан жақындады. Турнир кестесінде 73 ұпаймен көш басына шығып, басты қарсыласы «Қайраттан» 4 ұпайға ұзады. Оған қоса, қосымша бір ойыны бар.
Енді елордалық клуб 19 қазан күні Еуропа лигасы аясында Астана Аренада израилдық «Маккаби» командасымен кездеседі.

Роман Мұртазаев,
«Астана» командасының шабуылшысы:

– «Ертіс» – ұйымшыл команда. Олар бірінші голды салып қана қоймай, оны одан сайын еселей түсетін бірнеше қауіпті сәттер туғызды. Бірақ соңында біз жеңіске жетіп, мақсатымызға жетуге тағы бір маңызды қадам жасадық. Алдағы Еуропа лигасына, қуанышымызға орай, қатарымызға жарақатынан айыққан ойыншылар қосылып, дайындықты күшейтіп жатырмыз. Жанкүйерлеріміздің сенімін ақтауға барымызды саламыз.

 

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button